Өлеңдер. Қадыр Мырзалиев
ВОЛГАЛЫ АУЫЛ
Баршылықтың арқасы ғой тегінде,
Бір - бір Волга әрбір үйдің түбінде.
Атқа деген құмарлығы халқымның
Машинаға көшсе керек бүгінде.
Татпағандай тірліктің түк азабын,
Танымастай өзгеріпті қазағың.
Волгаңыздың құлағында ойнайтын
Шеттерінен шофер және ғажабы!
Әке түгіл, ызғытқанда баласы,
Зымыранға міндім бе деп қаласың.
Мұны көрсе,
Алыстағы ГАИ - дың
Адамдары ұстар еді жағасын!
Бар өмірі өткен аттың жалында
Бұған тәнті болып апты шалың да.
Шұғыл - шуыл бұрылыста
Өзінің,
Адастырып кетеді екен шаңын да!
Олардың сәл отырды ма қасында,
Есін тез - ақ жиып алар масың да!
Бір қарасаң,
Ортекеге орнатқан
Ескерткіштей
Тұрады тау басында!
Қараймын деп мен соларға өрдегі,
Үрейден бе,
Талай рет терледім.
Естімедім бірақ құлап өлгенді,
Қирап жатқан машина да көрмедім.
Оларды мен диюыңа теңесем,
Осал дей бер ол теңеуді он есе.
Істеместі істейді екен Волгамен ,
Көкпар тартып,
Қыз қумады демесең.
Баршылықтың арқасы ғой тегінде,
Бір - бір Волга әрбір үйдің түбінде.
Атқа деген құмарлығы халықтың
Машинаға көшсе керек бүгінде!
Қадыр Мырза Әли өлеңдерін қарау