Қаттама - нанның өте дәмді түрі

Скачать

Сабақтық тақырыбы: Ұннан жасалатын тағамдар

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: оқушыларға ұннан жасалатын тағамдар туралы толық мағлұмат беру;
Дамытушылық: теориялық білімдерін сарамандық жұмыста пайдалана білу, оқушыларды өз бетінше ізденуге дағдыландыру, олардың ой - өрісін дамыту;
Тәрбиелік: оқушыларды әсемдікке, сәндікке, ұқыптылыққа, үнемділікке, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ - жауап, өз бетінше сарамандық жұмыс.
Сабақтық көрнекілігі: үлгілер, дайын ұннан жасалатын тағамдардың суреттері.

Ұйымдастыру кезеңі:
• Оқушылармен сәлемдесемін;
• Оқушыларды түгендеймін;
• Оқушылардың құрал – жабдықтарын түгендеу;
• Оқушылардың зейіндерін сабаққа аударту.

Үй тапсырмасын тексеру.
Өткен тақырыпты қайталай отырып, оқушыларға тақырып бойынша сұрақтар қою.

Жаңа сабақ
Ұн — дәнді дақылдарды ұнтақтау арқылы алынатын тағамдық өнім. Ол негізінен бидай, сондай - ақ жүгері, арпа, сұлы, бұршақ дәндерінен дайындалады. Ұн: нан, кондитерлік, кеспе өнімдерін, т. б. дайындау үшін пайдаланылады. Ұнның химиялық құрамы, тағамдық және технологиялық сапасы дәннің түріне, ұнтақталу дәрежесіне, т. б. байланысты. 2 - сұрыпты және еленбеген ұнда В1, В2, РР және Е витаминдері болады.

Жоғарғы сұрыпты ұнда бұл витаминдердің мөлшері өте азайып кетеді. Ұзақ сақталған ұнның сапасы нашарлайды. Оның ылғалдылығы 15%- дан аспау керек, ылғалдылық мөлшері одан жоғары болса, ұн қышқылданып көгереді және өздігінен қызып кетеді. Ал төмен болған жағдайда ұн аши бастайды. Ұн диірмендерде тартылады.

Бауырсақ – шай, қымыз, шұбат ішкенде дастарқанға бауырсақ салады. Бауырсақты жоғары немесе бірінші сортты бидай ұнынан пісіреді. Оны қамырды ашытып та ашытпай да дайындауға болады. Ашытпай пісірген бауырсақ көпке шыдайды, ал ашытып пісірілген бауырсақ кеуіп қалса, жеуге жайсыз болады. Ашымаған қамырдан бауырсақ пісіру үшін ұнға май, жұмыртқа, сүт, тұз салып илейді (айран құйса да болады). Қамырды иін қандыра қатты илеп қоя тұру керек. Содан кейін қамырды жазып, төрт бұрыштап кесіп немесе жіңішкелеу етіп есіп алып, содан кейін кессе да болады. Кесіп дайындаған бауырсақтың бетін кеуіп кетпеу үшін жауып қойған жөн. Қазанға май салып әбден қыздырып алған соң, бауырсақ майдың мөлшеріне қарай салынады. Бауырсақты үздіксіз араластырып тұрса, біркелкі болып піседі. От қатты жанса, бауырсақтың іші шикі болады немесе тым қызарып кетеді. Қызыл - күрең болып піскен бауырсақ сәнді де, дәмді де болады. 4 - 5 стақан бидай ұны, 1стақан сүт (немесе су), 1 шай қасық тұз, 2 ас қасық сары май, 2 жұмыртқа керек.

Ашытқан қамырдан бауырсақ пісіру үшін жылы суға ашытқы, қант, ұн салып жылы жерге қою керек. Ашықты көпіршіктеніп ашыған кезде тұз, май, жұмыртқа, ұн салып өте жұмсақ етіп иін қандыра илейді. Жұмсақ иленген бауырсақ жақсы қабарып, жұмсақ болып піседі. 4 - 5 стақан бидай ұны, бір ас қасық ашытқы, 2 ас қасық қант, 1 шай қасық тұз, 1 стақан сұйық май, 1 стақан сүт (немесе су), 2 жұмыртқа. Ашытқан қамырды есіп, жұқалап жаяды да, біркелкі етіп кеседі, тақтайға немесе табаққа бір - бірлеп тізіп, 10 - 15 минут қойып, қабарғаннан кейін пісірсе, іші шикі болмайды. Бауырсақты қалыңдығы 2 см етіп жайып, қызып тұрған майға пісіреді.

Таба нан – ұнға май, сүт қосып иленеді. Қамырды бір табаның үстіне екінші табаны төнкеріп жауып, шоқтың қоламтасына көміп пісіреді. Оны пешке де немесе духовкаға пісіруге болады. Егер таба қоламтаға көмілсе, оны аудару керек. Таба нанды ашытып немесе ашытпай пісіруге болады. Ашытылған қамыр жұмсақ, ашытылмаған қамырды қатты етіп, иін қандыра илейді. Ашытылған қамырды орап, жылы жерге қояды, ал ашытылмаған қамырды су шүберекке орап, 20 минуттай тоңазытқышқа (астыңғы жағына) салады. Содан кейін қамырды табаның үлкендігіне қарай 1 - 1, 5 см етіп жайып, майланған табаға салады. Қамыр жақсы ашу үшін екі - үш көтерілуі керек. Көтерілген қамырды қолды сулап басып - басып қою керек, ол қайта көтеріледі. 1 кг бидай ұны, 1 ас қасық ашытқы, 1 шай қасық тұз, 2 жұмыртқа, 200 г май керек.

Құйрық май қосылған таба нан – май салып қатты иленген қамырды табаның үлкендігіндей етіп 1 см қалыңдықта жайып, майланған әрі қыздырылған табаға салып отқа (шоқтың ыстық қоламтасына) қояды, немесе духовкаға салады. Нан табаға салынған соң бармақпен әр жерінен тесіп, сол жерге ұсақ туралған құйрық май салады. Бетіне тағы бір таба жабылады. Құйрық маймен пісірілген таба нан өте дәмді болады.

Салма – асқа етке салынатын ұннан дайындалады. Салманың аты әр жерде әртүрлі: салма, кеспе, жайма, шелпек, нарын, үзбе т. б. Салманы сорпаға, не суға қатты етіп қамырдан дайындалады. Ол дәмді болу үшін оның қамырына бір - екі жұмыртқа салу жөн. Қамырды оқтау мен жұқалап жайып, одан соң пышақпен жіңішкелеп кесіп, не болмаса қолмен үзіп, қайнап тұрған сорпаға пісіреді. Салма етке жабысып қалмау үшін оны салардың алдында етті сүзіп алады. Оны салған ет жеуге өте жеңіл, әрі сіңімді келеді

Май шелпек – ұнды сары май қосып илеп, онша жұқалап жаймай пісіреді. Май шелпектің арасына қойдың, жылқының шыжығын салуға болады.

Қаттама – нанның өте дәмді түрі. Май, жұмыртқа, сүт құйып, қатты етіп иленген қамырды жұқалап жайып, жайманың бетіне май жағады, оны оқтауға орап-орап, пышақпен бірнеше бөліп, әр бөлікті қайтадан жаяды. Бөлшектелген нан қазанда қыздырылған майға пісіріледі. Сонда шелпек қатпар - қатпар болып өте дәмді болып піседі. Кейде мұндай қаттаманы қазанға май жағып қарма тәрізді етіп пісіруге де болады. 1 кг ұн, 1 шай қасық тұз, 150 г май, 1 стақан сүт, 2 жұмыртқа қажет.

Сабақты қорытындылау. Оқушылар бүгін біз ұн туралы, ұнның пайдасы туралы толық мағлұмат алдық. Сонымен мына сұрақтарға жауап беріңдер

Ұннан қандай тағамдар жасалады?
Ұнның құрамын атаңдар?
Бауырсақтың жасалу жолын атаңдар?
Ұн қандай дәндерден жасалады?

Оқушы білімін бағалау
Үйге тапсырма беру.


Скачать


zharar.kz