Ашық тәрбие сағатының тақырыбы: Көк тудың желбірегені
Тәрбие сағатының мақсаты: Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында баян ету. Отан жайлы тақпақтарды түсінуге, мақалдардың мазмұнын ұғынуға баулу. Рәміздер туралы түсініктерін кеңейту.
Қазақстанның болашақ дамуына өзіндік үлес қосатын жеке тұлға екендерін ұғындыру. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге және ерлікке баулу. Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйрету, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Бір мақсат, бір мүдде аясында болуға тәрбиелеу. Болашақта ұлы да нұрлы жолда тоғысатынымызға кәміл сену, үміт арту.
Тәрбие сағатының көрнекіліктері мен жабдығы: қанатты сөздер, суреттер мен портреттер, интерактив тақта, компьютер, шарлар, ашықхаттар, музыка, слайдтар, Қазақстан картасына макет.
(Сынып оқушылары мерекелік көңіл күйде, бастарында көгілдір түсті берет, ту түстес мойынтағар).
Мұғалім: Қайырлы күн! Қадірлі қонақтар, әріптестер және ата – аналар!
Баршаңызды еліміздің егемендігі мен тарихымыздың тәуелсіздік алған күні, ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі дегендей, болашақ жас ұрпақ
1 А сыныбы оқушыларының тәуелсіздік мерекесіне орай дайындаған Көк тудың желбірегені атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
1 - Слайд. Біз тәуелсіз еліміздің түлегі болғанымызға қуанамыз.
1. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Отанымызды әлем таныды. Осы сәтте Отан туралы еріксіз ойға кетесің. Отан деген сөздің мағынасы кең. Отан - далаң, орман, тауың, ауылың, туған жерің. Тәй – тәй басқан нәресте де, еңкейген қарияда осы - Отанның мүшесі.
2. Бақытты боп жүргенім,
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің тірегім,
Құшағыңда гүл шашам,
Шығысыңнан арайлы,
Күліп атқан құба таң.
3. Қ. Мейрамбек: Сенен бақыт тарайды,
Баршамызға Нұр Отан.
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің, сен Отан.
Мәңгі соғып тұратын,
Жүрегімсің, сен, Отан
Бірге: Біз тәуелсіз еліміздің түлегі болғанымызға қуанамыз.
2 - слайд. Отан туралы мақалдар (суреттермен)
4. Орағың өткір болса, қарың талмайды,
Отаның берік болса, жауың алмайды.
5. Бұлбұл гүлзарын сүйеді,
Адал адам Отанын сүйеді.
6. Отан елдің анасы,
Ел ердің анасы.
7. Отаны бірдің жүрегі бір,
Жүрегі бірдің тілегі бір.
8. Отаның тыныш – сен тыныш.
9. Отанын сатқан - оңбас.
Ән: Туған жердей жер болмас орындаушы: -------------------
Мұғалім: Біз қазір тәуелсіз, дербес – Қазақстан деп аталатын алып мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазақ халқы еркіндікке тәуелсіздікке жету үшін қаншама қиын – қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар. Ал, 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады.