Сыпыра батыр, Пәле шақыр

Скачать

Абай Құнанбайұлы өлеңі

Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма - жан.
Өз ойында
Тұл бойында
Еш міні жоқ бендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап,
Бұтты - шатты,
Үй санатты,
Байдан атты алмалап.
Кедейі — ер,
Кеселі зор,
Малды байдан сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу.
Байы — баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Ақы берген,
Айтса көнген
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан бенде жоқ.
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр.
Болдың ақыр тап - тақыр.
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма
Сыпыра жылмаң жел буаз?
Айтты — көндім,
Алды — бердім,
Енді өкіндім — өзіме аз.

Өзіңізге ұнаған ақынның өлеңін сайтқа жариялауға болады. Пікір қалдыру жолына қалдырыңыз!


Скачать


zharar.kz