Атамыз алыс болғанмен

Скачать

Атамыз алыс болғанмен...
Атамыз алыс болғанмен
Жамиғы қазақ бір туған.
Бір бәлеге жолығар
Есебін таппай сөз қуған.
Әуеде ұшқан көк шулан,
Әуезі төмен аққудан.
Жақсының сөзі жылдайды,
Тілі тәтті бал судан.
Жаманның сөзі ащы-дүр,
Адам ішпес зәр удан.
Шойынменен тең болмас,
Тұтқасы күміс жез құман.
Басында іспет бермесе,
Ағармас күнде бет жуған.
Шу! дегенде озбай ма,
Асыл туған наз бедеу
Қаптай шапқан көп дудан?!
Алысқа шапсам арымын,
Тұлпардан туған мен будан
Саз керек атқа шаппаққа,
Ой керек қиял таппаққа,
Жолдас болсаң жақсымен,
Жетеді қолың мақсатқа.
Жолдас болсаң нәмәртпен
Аунатар бір күн батбаққа.
Үріп қойған қу қарын
Дарияға батпайды.
Түбі туыс байтақ ел
Бірін-бірі сатпайды.
Айнала біткен қақ шүлен
Ортасы бұлақ қатпайды.
Батыр туған ержігіт
Алмасқа бегін сатпайды.
Дана туған білімді
Ел көрігін жоқтайды.
Ақ көңілді, ақпейіл,
Сабырдың қолын қақпайды.
Назбедеудің белгісі,
Қойшы мінген жабағы,
Қайырылып келіп шаппайды
Көрпе тауып көнсең де
Жаман ат келдеу жатпайды.
Жақсы айғырдың үйірін
Саяқ сансыз жоқтайды.
Бүлгіні бұзған орынсыз
Жұлқынып пайда таппайды.
***
Атасы жақсы қандай-ды,
Асқар бір зәулім таудай-ды.
Анасы жақсы қандай-ды,
Арайлап атқан тандай-ды.
Ағасы жақсы қандай-ды,
Асылсаң биік жалдай-ды.
Інісі жақсы қандай-ды,
Дұшпаның көзін салмайды.
Әйелі жақсы қандай-ды,
Жарқырап жанған шамдай-ды
Баласы жақсы қандай-ды,
Көңілде арман қалмайды.
Келіні жақсы қандай-ды,
Тындырып жаның жайлайды.
Құдасы жақсы қандай-ды,
Шырын мен шекер балдай-ды
Нағашы жақсы қандай-ды,
Арқаңды сүйер тамдай-ды.
Жиені жақсы қандай-ды.
Үзілгеніңді жалғайды.
Жан досы жақсы қандай-ды.
Жоғыңдьгсырттан қамдайды.
Осылар түгел сай болса,
Көңілің сөйтіп жай болса,
Береке, ырыс, бедел, бақ,
Ізіңнен қалмай қуалап,
Сен қашсаң да ол қоймайды!
Осылар түгел болмаса,
Өрісі ердің оңбаса,
Іші лайсаң, сырты cay,
Күнде жанжал, күнде дау,
Жігіттің соры қайнайды!


Скачать


zharar.kz