Ақтөбе қаласындағы №3 Ертегі МДҰ меңгерушісі
А. Байтұрсынов атындағы медаль иегері
Мұханбетқалиева Бибігүл Қыдырғалиқызы
Тәрбие басы - тал бесік өзекті мәселесі бойынша өткізген сайыс
Ата көрген – оқ жонар,
Ана көрген – тон пішер.
Аталар мен әжелер, немерелер сайысы.
Мақсаты: бүлдіршіндерді ізгілікке, үлкенді сыйлауға. Құрмет көрсетуге, адамгершілікке тәрбиелеу, халқымыздың асыл мұрасы - халық ауыз әдебиеті түрлерін таныту, ой - өрісін дамыту, өнерге баулу.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер: Үйіңде қария болса, жазулы тұрған хатпен тең , Көненің көзі - ақылдың кені , Қариясы бардың қазынасы бар , Қоржын, асықтар, күйлер жазылған үн таспа.
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, қонақтар, тәрбиешілер және бүлдіршіндер. Қош келдіңіздер!
Мен қарапайым қарттарды сүйемін,
Не деген керім еді!
Не біледі осы жұрт не біледі?
Бабалардың баласы - қариялар,
Сиреп бара жатқандай көрінеді, - деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, Ата көрген - оқ жонар, ана көрген - тон пішер - деген бабалар сөзін айдар етіп, ардақты қариялар мен ақылды немерелер сайысын бастаймыз.
Енді ортаға сайыскерлерді шақырайық: Садуақас ата немересі – Санатпен, Байтұрсын ата немересі – Араймен, Амансұлтан әжесі немересі – Айямен. Қошеметпен қарсы алайық.
Бүгінгі сайысты әділ бағалайтын, қазылар алқасымен таныстырайын:
Әдіскер:
Кәсіподақ ұйымының төрайымы:
Тәрбиеші:
Ата - ана:
Жүргізуші: Байқаудың шартымен таныс болыңыздар.
1 - бөлім: Жеті атасын білген ер - жеті жұрттың қамын жер . Әр топ өзін таныстырады.
2 - бөлім: Атадан қалған асыл сөз . Мақал - мәтел, ырым - тиымдар.
3 - бөлім: Тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып, қас шешендер сөз сөйлер . Шешендік сөздер.
4 - бөлім: Ата көрген - оқ жонар, ана көрген - тон пішер . Шеберлік сайысы.
5 - бөлім: Көкпар сұрақ - жауап .
6 - бөлім: Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда . Өнер сайысы.
Ал енді сайысымызды бастайық. Қол соғып қошемет көрсетіп отырыңыздар.
1) Жеті атасын білмеген, жетесіздік белгісі.
Немерелер жеті атасын айтады. Аталары, әжелері толықтырады. руын, өскен жері, т. б.
2) Сіздерге артар міндет көп.
Көтерген ата - салтын құрметтеп.
Ақтай білсек ата - баба, үмітін,
Әрбір сөзі бір мектеп.
Мақал - мәтел сайысы. Тәрбиешілер бастаған мақалды балалар жалғастырады.
Мысалы: Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
Ақылды бала арлы бала, ақылсыз бала сорлы бала.
Жақсының өзі де жақсы - сөзі де жақсы.
Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.
Аталар үшін: Ырымдар мен тыйымдар. Мағынасын түсіндіру.
Бала бас ұстамайды... Ми жемейді... Жас балаға бұғана ұстатпайды... Даладан үйге жүгіріп кірмейді... Қыз баланың басына ақ, қара орамал салмайды... Бос бесік тербетпейді...
Әділ - қазылар алдыңғы екі бөлімнің бағасын әзірлейді. Оған дейін:
Бойына бар сұлулық жиылғандай,
Мүсінің ақ мәрмәрдан құйылғандай.
Жарқ етіп шыға келген жұрт алдына,
Бишілер ғажап еді биің қандай.
Би: Гүлдер биін тамашалау.
Әділ - қазылар бағасын береді.
3) Ұлтымыздың салт - дәстүрін қадірлейік,
Жастарды иманды етіп әзірлейік.
Тәрбие мен білімді тең игерген,
Болашағы қазақтың деп тілейік.
Келесі сайысымыз, шешендік сөздер.
Немерелер үшін: Асық алу арқылы, салт - дәстүрге байланысты сұрақтар: Үш арсыз.
Жеті санына байланысты ұғымдар. Балаға байланысты ұғымдар.
Аталар үшін: Балаға ақыл айтып кеңес беріп, тура жолға салатын, үлгі - өнеге
көрсететін шешендік сөздер айту. Мағынасын түсіндіру.
Мысалы: Атаңа не қылсаң - алдыңа сол келер.
Азаматпен дос бол - қадіріңді біледі,
Білімдімен дос бол - сасқанда ақыл береді.
Бала болсаң болғандай бол, ағайынға қорғандай бол.
4) Ата көрген – оқ жонар, шеше көрген - тон пішер .
Шеберлік сайысы. Қамшы өру, ою ою, т. б Немерелері көмектеседі.
Ән: Дастархан .
Әділ - қазылар бағасын береді.
5) Көкпар деп аталатын сайысымыз, қазақ халқы төрт - түлік малдың ішіндегі жылқы
малын өте ерекше қадірлеген. Сондықтан, жылқы малына байланысты сұрақтарға жауап беру. асық алу арқылы .
Сұрақтар:
1. Жылқы малы қанша жасайды? отыз жыл
2. Құлыншақтың аяқтанып, отыға бастаған кезі қалай аталады? Қарақұлақ
3. Қазақ ері жасалу жағынан түрлерін атаңыз? Ойма ер, құранды ер, ақбас ер, ашамай ер .
4. Қанша ат айылы болады? төс айыл, шап айыл
5. Салт ат мінген адамның бір затты ердің үстіне көлденең салып ұстауы? өңгеру .
6. Ер тоқым аттың мойнына кетпеуге тағылатын тұрман? құйысқан .
6) Өнер сайысы.
Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Ер өнері білінбес.
Қоян қолтық алыспай,
Әр топ өз өнерлерін ортаға салады.
Ән: Отан .
Әділ - қазылар қорытындысын шығарады. Жеңімпаздар Көненің көзі , Жылқы бабының білгірі , Сегіз қырлы, бір сырлы номинациясы бойынша бағаланады. Марапаттау сәті. Алғыс айтып аяқтау. Қоштасу.