ЕКІ деген баға үшін неге мақтау керек
Балаңыз мектептен екі алып келді. Сіз не істейсіз?
Өтініп сұраймын, оны қаншалықты сөгіп, ұрысқыңыз келсе де, сабыр сақтаңыз. Мұнсыз да оның жағдайы мәз емес. Қайта балаңызға қолдау көрсетіңіз, тіпті алған бағасы үшін мақтап та қойыңыз. Содан кейін бірлесе отырып, бұл сәтсіздіктің себебін анықтауға тырысыңыздар. Балаңызға бұл қиындықты жеңіп шығуға жәрдемдесіңіз, өйткені жеңіске қарағанда жеңілістер бізді шыңдай түседі. Егер мұндай тығырықтан шығу жолын бірге тапсаңыз, баланың бойында өзіне деген сенімділік пайда болып, сіздің артқан үмітіңізді ақтап шығады.
Мектепте алған бағасы үшін үнемі сынға алынып отыратын балалардың көп ұзамай оқитын пәндерге деген қызығушылығы төмендейді. Олар тіпті мектепті жек көре бастайды, мүлдем көңілі қалып түңіледі. Деструктивті сыншылдық адамның өзіне деген сенімділігін бәсеңдетеді де, ол іштей құлдырауға ұшырайды, соның салдарынан үнемі қателікке жол беретін болады.
Егер баланы жастайынан сынға алып, сөгетін болсақ, көп ұзамай ол өзін өзі сынайтын болады. Ондай балалар өздеріне деген құрметін жоғалтып, бойындағы қабілеті мен қасиеттерін бағаламайтын болады. Жеке тұлғаның жетістіктерін зерттеген танымал ғалымдар деструктивті сыншылдық жайында былай дейді: Көптеген ата - аналар өз баласына жеке меншігі ретінде қарайды. Олардың түсінігінше, ата - анасының тілін алған бала ғана жақсы. Егер бала олардың айтқанын орындамаса, әкесінен не анасынан сөгіс естиді. Осылайша ата - ана өзі қаламаса да баласына берген махаббаты мен қамқорлығын кері қайтарып алады. Мені ешкім жақсы көрмейді деген ойға келген баланың бойында болашақта кездесетін тұлға проблемаларының іргетасы қаланады.
Сүйіспеншілік көрмей өскен бала өмір бойы өзінің жеке потенциалын нығайтудың орнына сол махаббат пен сүйіспеншілікті іздеп өтеді.
Адамның жасаған әрбір жағымсыз немесе қоғамдық түсінікке қарсы әрекеті – бұл оның жәрдем сұрауы, бала кезіндегі сын - сөгістердің салдарынан туындаған кінә, ыза, реніш сезімдерінен арылуға деген талпынысы.
Үнемі ұрыс - сөгіс естіп, жазаланып жүрген бала қорқақ, күдікшіл, ешкімге сенбейтін болып өседі. Келешек өмірінде оның бойында көптеген тұлғалық проблемалар кездесіп, көп нәрсеге кедергі тигізетін болады.
Бала әрқашан да ата - ананың қамқорлығы мен махаббатына мұқтаж, кері жағдайда ол өзін - өзі бағаламайтын адам болып өседі.
Бала көңілі тым нәзік, сондықтан ол кез келген сынды тез қабылдайды да, өзін - өзі іштей жейді. Сіздің ұрысып жазалағаныңызға назар аудармаған сыңай танытса да, өзіне қымбат адамдардан естіген сыны үшін жаны қатты күйзеледі. Оның өзіне деген сенімі мен құрметі жоғалып, барлық нәрседен түңіледі.
Көбіне ата - ана баласына жақсы болсын деп ұрысады. Алайда бұл баланың өзін - өзі бағалау сезімімен қатар, оның жетістіктерін де төмендетеді. Бір мезет ойланыңызшы. Балаңызға айтқан сөгісіңіз бен мақтау сөздеріңізді салыстырып көріңіз. Қайсысы көп? Жоқ дегенде ол екеуін теңестіріңіз, ал мүмкін болса сын, сөгіс деген нәрселерді тіпті ұмытыңыз . Айтылған сөз оқпен тең, сондықтан ол баланың бойында өмір бойына жазылмас жара қалдырып жүрмесін. Сөз тәрбиешінің шын жүрегінен шығып, ол шынайы, өтірік пен зұлымдықтан таза болған жағдайда ғана жасөспірімнің жанын аялап, қорғаштай алады .
Баламыз қандай да бір қателік жіберсе оны жіберілген қателіктердің дұрыс нәтиже шығарған жөн және қайта жігерлене түсіп, мақсатқа жетудің жаңаша жолдарын іздестіру керек екенін үйрету қажет.
Психология саласының мамандарының ойынша, мәселе қателіктерге мүлде жол бермеуде емес, мәселе – оларды қалай қабылдауда. Ғалымның сөзімен айтсақ: Баланың жасаған әрбір қателігі оған көп нәрсені үйренуге, сабақ алуға мүмкіндік береді. Мәселен, бір нәрсені дұрыс жасамаған үш жасар балаға қарап көрейік. Ол қате жасап қойдым деп сезінбейді, қайтадан әрекетке ұмтылады. Тіпті ол қателік деп ойламайды да, құлап түссе, қайтадан орнынан тұрады, қолынан түсіріп алған затты аламын деп талпынады, т. б.
Ал енді он жасар баланы алайық. Бір нәрсені дұрыс жасамаса, оның ойына келетін бірінші мәселе – қателікті түзету емес, ешкім көріп қалмады ма, өзгелер мен туралы не ойлайды деген қорқыныш. Ол қателігін барынша жасырады, жан - жағына жалтақтап үреймен қарайды. Бұған не себеп және кім себеп?
Мұның ең басты себепшісі – ата - аналар мен мұғалімдер. Өйткені біздің баламыз қандай да бір қателік жіберсе ата - анасы немесе мұғалімі тарапынан сөгіс пен ұрысқа душар болады. Әлде бұл рас емес пе? Жарайды, сен қателік жасадың. Бірақ бұл сені неге үйретті деп баласымен ашық сөйлесетіндер кемде - кем.
Көптеген адамдар өзінің жол берген қателіктеріне жауапкершілікпен қарамай, айналасындағылардың барлығына (ата - анасына, жұбайына, баласына, үкіметке, заманға, т. б.) кінә артады. Сөйтіп ол қиындықтарға беріліп, бәріне қол сілтейді.
Ал өзіне сенімді адам қандай қателік жасаса да, өз мақсатын жоғалтпайды. Сондықтан да ол барлық нәрседен сабақ алуға қабілетті. Ол жіберілген қателіктердің әсерінен қайта жігерлене түседі, мақсатқа жетудің жаңаша жолдарын іздестіре бастайды: қателесу – бұл істің ақыры емес, қателік – бұл табысқа жету жолындағы бір баспалдақ қана.
Мысал - аңыз:
Бір күні бір фермердің есегі терең құдыққа түсіп кетеді. Ол қатты ақырып, көмек сұрайды.
Фермер жүгіріп келіп: - Есекті ол жерден қалай шығарып аламын? - деп қобалжиды. Сонда ол мынадай ойға келеді: Менің есегім қартайған. Бәрібір жаңа жас есек алайын деп жүрмін. Ал құдық болса суалып кеткен. Оны бәрібір көміп тастап, басқа жерден құдық қазайын деп жүрген едім. Ендеше сол ойымды дәл қазір жүзеге асырсам болады. Есекті де көміп тастап, жағымсыз иістен арыламын .
Осы оймен ол көршілерін көмекке шақырады. Адамдардың барлығы бірлесе күрек алып, құдыққа топырақ тастай бастайды. Есек бұл әрекеттің мәнісін бірден түсініп, қатты ақыра бастайды. Бірақ оған ешкім құлақ аспайды. Кенет есектің үні шықпай қалады. Құдыққа біраз топырақ тастағаннан кейін фермер не болғанын көрейін деп төмен қарайды. Сондағы оның таңқалғанын көрсеңіз. Есек өзінің үстіне келіп түскен әрбір күрек топырақты денесінен сілкіп тастап, аяғымен таптап тұрған. Осының нәтижесінде көп ұзамай есек жоғары көтеріліп, құдықтан секіріп шығып кетеді. Көпшілік ешнәрсе түсінбей, аң - таң болады.
... Өмірде сізге неше түрлі қиындық кездеседі. Өзіңе шашылған әрбір топырақты сілкіп тастап, аяғыңа тапта да, соның көмегімен жоғары өрлей бер.
Туындаған кез келген қиындық – мақсатқа жетудің бір баспалдағы. Егер оған мойымастан алға жылжысаң міндетті түрде ең терең деген құдықтан да шығып кетесің. Жамандықты сілкіп таста да, жоғары көтеріл.
Бұл материал ЕКІ деген баға үшін неге мақтау керек Немесе нәтижелі тәрбие берудің 10 алтын ережесі атты кітаптан алынған.