Өсиет Бір алпауыт асқан бай өлер алдында айтқан екен. - Жоғалған екі өгізім бар еді. Егер табылса ұлыма қалсын. Табылмаса да оқасы жоқ, ұнатқан бір қызметшіге берерсіздер, - депті. Жаңа намаз Атақты Шүкір – қарақшы ат ұрлап әкеліп, қораға қамап қойыпты. Үйге кіргені сол, далаға қараса, урядниктер келе жатыр екен. Шүкір – қарақшы тез арада жайнамазын жазып жіберіп, қыблаға қарап, урядниктер айқайлағанда, құлақ қаққандай дауыстап, құран оқыған сыңай танытып, келініне былай депті: - Хаййя - ғалас - саалат, Қорада тұр ала-а-ат. Маһира келін! Ал, қақпаны жап, Үй артына атты ұза-а-т! Алаху әкбар! Келін шығып атты босатып келеді. Шүкір намазын бітіріп тұрғанда, урядниктерді жаңа көрген кісідей: - Бәре-кел-ді! Қонақтар келіп қалған білем, кешірім етіңіздер, - деп дастархан әзірлетіпті. Ақыл – амал Бір әлжуаз бүкір кісі бар екен. Ол бұрылыстан өтіп бара жатса, бір бала оны таспен жіберіп ұрыпты. Әлгі бүкір баланы шақырып алып, оған азын-аулақ ақша, беріпті де: - Әй, ақылдым! Зулатып-ақ атады екенсің, - дейді. Алдарынан өтіп бара жатқан таза киімді кісіні көрсетіп: Менен ол бай болса керек. Оны да қадап ұр! Соған бар, мүмкін көбірек берер, - дейді. Бала бұл сөзге иланып, әлгі кісіге де тас атыпты. Ол болса, баланы ұстап алып, сазайын беріпті. Міне, саған жәрдем! - Достым Мұртаза, он сом ақша бере тұрмайсың ба? Өте қажет еді. - Он сом неге жетеді? Сенің көбірек сұрауға да қақың бар! - Әйтпесе, достым, сен онда елу сом бере ғой. - Әрине, онан да көбірек сұрай аласың. Қайтейін, менің бір тиын да ақшам жоқ. Офицерді алдаған солдат Бұрынғы заманда бір солдат қызметтен қайтып келе жатып, бір үйге кір деді. Ол үйге бірнеше офицер тоқтаған екен. Солдат офицерлерге байқатпай қазанды ашып қараса, қаз асулы тұр екен. Солдат қазды қапшығына салады да, орнына шәркей салып қояды. Офицерлер одан: Сенің командирің кім еді? – деп сұрайды. Солдат: бұрын Гусев болатын, кейін Лаптев болды, - дейді. Офицерлер Гусев пен Лаптевтің мағнасын солдат кетіп қалған соң ғана аңғарыпты. Орынды сөз Генерал әрбір бөлімді аралап жүріп, бір старшинаның кемшіліктерін байқап, оған өте қатты ұрсыпты. Старшина бір реті келгенде, генералға ақырын ғана: - Жолдас генерал, сіз білесіз бе? Егер сіздің ұрысқаныңызды солдаттар екінші рет естісе: «Командирлер өзара тату емес екен, - деп екеуміздің де, абыройымызды төгуі мүмкін», - депті. Генерал ішек-сілесі қатқанша күліпті де, старшинаға кешірім етіпті. Нақты жауап Хаким бауырым, мен әлгі берген қарызымды сұрай келген едім. Адамды сандалта берме. Енді қайтарсаң қайтеді? - Түк тиыным жоқ. Бәрі Хамдияның қолында. - Онда көршілеріңнің бірінен ала тұрып, бере ғой. - Міне бұл ақылың ақыл-ақ. Он сом бере тұршы!? Қиын мәселе Біреу бір кісіден сұрады: «Бал дәмді ме, шекер дәмді ме»? деді. Ол кісі айтты: «Жеп көрмесем, мен қайдан білем? әкеліңіз, жеп көрейін, содан соң айтармын», - деді. Қарыны қатты ашқан еді. Бір тостақ бал, бір тостақ шекер әкеледі. Қайдан тапқанын өзі біледі, қасық алып келіпті. Балдан бір асайды, шекерден бір асайды. Сөйтіп тұрып, бәрін де жеп тауысқанда: «Жоқ. Қайсысының дәмді екенін біле алмадым», - депті. Сонда кірмегенде, қайда кіресің? Бірнеше кісі зират қасынан өтіп бара жатыр екен. «Анаған қара, зират ішінде балалар ойнап жүр», - дейді. Сонда бір қорқақтау кісі: «Қорықпай зират ішіне неге кіреді екен? мен өлсем де кірмес едім», - депті. Сонда бір палуан жігіт: - Өлсең, сонда кірмегенде, қайда кіресің? – деген екен. Шаш - сақал неге ағарады Бір кісі досынан сұрапты: Менің шашым ақ, сақалым қара. Ал, керісінше, сенің шашың қара, сақалың ақ. Неге олай екен? Досы оған былай деп жауап беріпті: Шаш не сақалдың ағаруы, қатты жұмыс істегенінің белгісі. Сен басыңды өте қатты жұмыс істеткенсің. Мен ауыз бен жаққа тыным берген емеспін. Доңыз – яғни доңыз Бір ызақор кісінің екінші біреуге қатты ашуы келіпті. Ол әлгі кісінің үй жағына барыпты да, есегіне «Доңыз!» деп жазып кетіпті. Келесі күні әлгі кісі бұған өзі келіп: - Сіз кеше біздікіне барып, есіміңізді есекке жазып қалдырған екенсіз. Ол кезде мен үйде жоқ едім. Мұндай есімді кісінің қандай екенін көрейін деп, келіп едім, - депті. Білсең сұрама Жолда екі шаруа кісі ұшырасады. Бірі пішен тиеп алып келе жатса, екіншісі орманға бара жатыр екен. - Қайда бардың? дейді бара жатқан. - Отын алып келе жатырмын. - Пішен басып алыпсың ғой. - Білсең несін сұрайсың? депті, қайтып келе жатқан. Шамаң келсе қуып жет! Біреу моншада қымбат киім-кешегін қоятын орын таппай, еденге қойыпты да, үстіне «Бокс чемпионы» деп жазып қойыпты. Моншадан шықса киімдері жоқ. Қараса қағаздың екінші жағына: «Жүгіру чемпионы», - деп, жазып қойыпты. Өтіріктің өтеуі Біреу тіс дәрігеріне жалған ақша төлепті де, сотта: - Мұның маған қойған тістері де өтірік, - деп ақталыпты. Кім жалмауыз Әлдекім бір күні досымен отырып, құрма жепті. Үй егесі өзі жеген құрманың сүйегін ақырындап қонағының алдына үйе беріпті. Жеп болған соң үй иесі қонаққа: - Тіпті, жалмауыз екенсің ғой. Қанша құрма жегенсің? Қарашы, алдыңда қанша құрма сүйегі жатыр!? дейді. Қонақ айтыпты: - Сен менен де өткен жалмауыз екенсің, құрмаларды сүйегімен жұтыпсың. Алдыңда бірде-бір құрманың сүйегі көрінбейді ғой, - депті. Олай да, бұлай да Кейуана қатты ауырып жатыр екен. Көрші әйелдер оның халін білуге барыпты. Ауру қатын келгендерге айтыпты: Бір үлкен алма жегім келеді, әрдайым түсіме енеді, - депті. Араларынан бір апай жұбатып: Әй, апатай! Тіптен уайымдама. Егерде өмірің жетіп жей алсаң, кез-келген үйден сатып аларсың. Егерде өмірің бітіп, өле қалсаң, ол жақта – жұмақта өз қолыңмен үзіп алып жерсің, - депті. Дұрыс жауап Бір қыңыр кісіге сұрау беріпті: - Ертеңгілік тұрғанда әтеш неге бір аяғын ғана көтереді? - Айтасың-ау, - дейді әлгі қисық. Егерде екі аяғын да көтерсе, отырған кермесінен омақа аспай ма? Әдіс - Иә, қалай достым? Ұйықтай алмаймын деп зарлап едің. Мен айтқан әдісті қолданып көрдің бе? - Көрдім. - Қаншаға дейін санадың? - 17 420-ға дейін - Сонан соң бір рахаттанып ұйықтаған шығарсың, шамасы? - Жоқ. Жоқ-ә! Жұмысқа кететін кез келді. Хорасан жалқаулары Хорасанның үш адамы алма түбінде жатыр екен дейді. Алма ағашта уылжыған алмалар тұр екен. Арасынан біреуі: -Шіркін-ай, ана алмаларды жесең, - депті. -Екіншісі: - Олар өздері үзіліп ауызға түсер ме еді, - депті. - Үшіншісі: - Сөйлей беруге қалай ерінбейсіңдер, - депті. Ақырында өртенген Ертеде екі жалқау болыпты. Екеуі де бір нәрсе істеп көрмепті. Қыстан қалған ескі сабанның үстінде ұйықтап жатыр екен. Кенет, олар жатқан сабан өртене бастайды. Біреуі айқай салып: «Жанып барам, құтқарыңдар!»дейді. Жолдасына өкпелі екіншісі: -Япырмай, дос! Мен үшін де айқайлай салсаң нең кететін еді, - депті. Жалқау қыз Бір өте жалқау қыз болыпты. Ешқашан жөндеп киінбейді, не дұрыстап жуынбайды екен. Күндердің күнінде шешесі қонақ шақырады да, қызына айтады: - Қызым киімдеріңді ауыстыр, беті қолыңды жақсылап жу, - депті. - Шеше, қонақтар келмесе, менің киінгенім босқа кетпей ме? депті қызы. Демалу жоқ Бір шаруа жұмыстан шаршап қайтады екен де, сәл тыныс алайын деп, төсекке қисаяды екен. Жантая кетсе, ұйқыға кетеді екен. Ұйқысынан оянса, ол әйеліне: - Тыныстайын деп жатам да, ұйқыға кетем. Сөйтіп, менде ешқашан дем алу жоқ, - деп, зарлайды екен. Уақыты жоқ Құдықтан су алып қайтқан екі әйел ұнатқан дүниелерін көрмей-білмей саудаласып тұр екен. Біреуінің күйеуі, бұл тұрыстарына шыдай алмаса керек, сыртқа шығып: - Барыңдар! Үйге кіріп сөйлесіңдер – депті. Сонда әйелі: - Жоқ. Жоқ-ә! Оның айға қарап тұратын уақыты жоқ, - депті. Асығыс әйел Біреудің әйелі қыдырғанды ұнатады екен. Көршілері бұл шақырылмаған қонақтан әбден мезі болған соң, күндердің күнінде күйеуіне айтыпты: «Кешкілік әйеліңді үйден шығарма, дос, біржолата діңкәләтты», - депті. - Болады. Ол қыдырымпаз ғой. Егер күндіз үйден тапсам, әлбетте, шығармаймын, - деген екен күйеуі. Солдат хаты Патша армиясында қызмет істеп жүрген бір солдат туған ауылын өте сағынса да, хат жаздыратын адам таба алмапты. - Не болса, сол болсын, - деп хатты өзі жазыпты Ауылдан оған: - Хатыңды алып қатты қуандық, бірақ оқи алмадық. Аман-сау елге оралсаң, өзің оқып берерсің, - деген жауап келіпті. Ұлық болсаң, кішік бол Бір жігітке әскери қызметте жүргенде ефрейтор атағын беріпті. Ол оған өте қуанып, кәрі шешесіне хат жазыпты. - Шеше маған ефрейтор атағын берді, - депті. «Менің балам үлкен өкімет болған екен», - деп қатты қуанған шешесі, баласына хат жаздырыпты. - Балам, саған рахмет! Жақсы қызмет атқарғаның үшін сені нән ұлық етіп қойған болар. Балам, енді ефрейтал болдым деп, мастанып кетпе, жандаралдарыңды жәбірлеп жүрме. Әстіне есті ефтейтал бола гөр, - депті. Солдат Ілгері заманда бір солдат иек астындағы ел «Бесбалта» деген жерде қызмет атқарыпты. Қызметін өтеп келген соң, бір отырыста одан: - Сен дүние көріп қайттың ғой, Қазанның ар жағында не бар екен, - деп, сұрапты. Солдат: - Е-е! Көргеніңнен көрмегенің көп, көрдік қой. Қазанның аржағында Бесбалта бар, оның аржағында түк те жоқ, ол дүниенің шеті, - екен деп, жауап беріпті. «Ұрып-соғып» Бір әйел базарға шие сатуға барады. Ол орыс тілін тіптен білмейді екен. Оған қатар әйелдер былай деп үйретіпті. «Шиеңді біреу сұрай қалса, « руб пятьдесят» де дейді. Сұрай келген әр кісіге «руб пятьдесят», -деп, өзінше масаттанып тұрса, бір орыс келіп, бұл бағаны қымбатсынып, әйелге: «А, руб сорок?» деп сұрайды. Әйелдің құты қашып, құрбыларына айғай салады: «Тез келіңдер, ұрып-соғып алғанша, тегін алсын!» - депті. Сенің не ісің бар Біреу қой сатуға барыпты. Оның базарға жеткені де сол екен, арбасы ауып қалады. Бір орыс келіп: «Почем овца?» дейді. Әлгі кісі: «Сенің не ісің бар ауса?» - деп ашуланыпты. Құс еті Гүлниса тәтей көрші орыс ауылына қонаққа барыпты. Ас иесі алдына буы бұрқыраған ет қойыпты. Гүлнисаның тәбеті тартып тұрса да «Ойбай, бұл доңыз еті болып жүрмесін», - деп шекшие қалыпты. Үй иесі қонағының қысылып отырғанын байқап, қыстай бастайды: «Кушайте, кушайте!» Бұл сөзді естіген тәтейдің өңі өзгеріп, мәз болып: - Әй, текке шекшиіппін ғой, бәсе, құс еті екен ғой, - деп, доңыз етін тып-тыйпыл етіпті. Татарға тілмәш керек пе? Ерлі-зайыптылар орыс ауылына барған да, таныстарыныкіне кірген. Үй иесі қонақтарды өте жақсы қарсы алыпты. Столға әртүрлі тамақтар қойып, бұларды дастарханға шақырыпты. Бұл жігіттің әйелі орысша білмейді екен, дым татпай қарап отырады. Орыс әйелі: «Ешьте, ешьте, зачем она не кушает?» дейді. Сонда татар әйелі күйеуіне: «Арырақ отыр, анау тұрған қызына орын керек», - дейді. Сонан соң орыс әйелі капуста салған тарелке әкеліпті де: «Кушай, кушай, не стесняйся» депті, сонда әйел күйеуіне тағы да былай депті: «Ыдыс ала келмепсіңдер, егер әкелгендеріңде капуста берер едім», - дейді депті. Бибилатыйфа Бойжеткен әр кеште библиотекаға барам деп шығып кетіп, өте кеш келеді екен. Бір күні әкесі: - Сол Бибилатыйфаға әрдайым барасың да жүресің, ол өзі бізге неге келмейді, - деп сұрапты. Әр көңілде бір қиял Бұрынғы бір заманда орыс тілін шақ-шақ қана түсінетін бір жігітті армияға алады. Ол казармада ұйықтап жатқанда кезекші келіп, қысқа ғана: - Подъем! деп айқайлайды. Жігіт бір көзін сығырайтып: - Куда пойдем? деп сұрайды. Кезекшінің бұған өте қатты ашуы келіп: - Вставай, вставай! деп ұрса бастайды. Ол: - Ә, столовой дейді екенсің ғой, - деп, орнынан атып тұрып, киіне бастайды. «Контужен» қойыпты Ұлы отан соғысы басталғанда бір бастық соғысқа кетеді. Көп уақыт өтпей-ақ, одан шешесіне хат келеді. Келе сала «контужен» болдым, қазір жағдайым жақсы, мені ойлап уайымдамаңыз,- деп жазыпты баласы. Бұл хатты оқытқан соң шешесі көршілеріне барып: -Басы бардың, басы бар, менің балам мұнда жүргенде бастық еді, енді ол жерде оны «контужен» етіп қойыпты, - деп мақтанып жүр дейді. Фельдфебельді бастырмаға Солдат пен фельдфебель ауылдан өтіп бара жатып, қонып шығайық деп, бір үйдің есігін қағады. - Бұл кім-ей? деп сұрайды. Солдат: - Әже, қонып шықсақ деп едік, біз ғой, фельдфебель екеуміз, - дейді. Әжей оған іш жақтан: - Мейлі, Битпебеңді бастырмаға байлап кел, мен есік ашайын, - депті. Басы жоқтың қорлығы Соғыс кезінде екі солдат қарауылда тұр екен. Оның біреуі ұйықтап жатқанда бомба түсіп, басын жұлып кетіпті. Жолдасы: - Бейшара-ай! Ұйқысынан оянып, басының жоғын көрсе, не істер екен енді, - депті. Солдат шинелі Бір кедей шаруаның баласы патша армиясында қызмет өтеп қайтады. Шешесі баласының жағдайын сұрайды. «Шеше, ол жақта рахат қой, астыңда да бір шинель, үстіңде де бір шинель, басыңда да бір шинель ұйықтай бересің», - дейді баласы. Шешесі оған: «Әй, балам-ай! Шинельдерің соншама көп екен, маған біреуін ала келсең қайтер еді?» депті. Жалғыз аяқ Бір әйгілі биші бір аяғында ұзақ тұра алатынына мақтанып, екінші бишіге: - Сен мен сияқты тұра алмайсың, - депті. «Жарайды. Мен тұра алмасам тұра алмаспын, бірақ сенен де көп тұратындар бар», - депті, екінші биші. - Ол кім? деп таң қалыпты, қартамыс. - Қаз . Жын көрген Біреу өзінің жын көргенін жыр ғып айтып отыр екен Сөйтіп, орман аралап келе жатырмын. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Кенет артыма қарасам, құртақандай бір жын тұр. Тыңдаушылардың бірі: «Қасым ағай, тоқтай тұр. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда сен оны қалай көрдің?» дейді. Қасым аспай-саспай: «Ха...ха...ха неге көрмеймін, ә? Ай сүттен де аппақ емес пе? – депті». Дұрыс айтасың Сөйлесіп отырған екі кісінің қасына үшінші біреу келіп: - Иә, не өтірік соғып отырсыңдар? - дейді. - Сені бір жақсы жігіт деп мақтап отыр едік. - Дұрыс айтасың, - депті әлгі кісі. Қарт өтірікші Ілгеріде өте өтірікші бір кісі болыпты. Ол өмірінде бір ретте шын сөйлемепті. Сөйтіп қартайыпты. Әлгі өтірікші бір күн суықта көршісінің сиыры бұзаулағанын көріп, оны көршісіне айтады. - Бұзауыңызды алыңыз, әйтпесе үсіп өлер, - депті. «Тағы да алдап жүр» деп, көршілері сенбепті. Сөйтсе, бұзау үсіп өліпті. Сонда суқұйды: «Өмірімде бір рет шын айтқан едім, оған да сенбедіңдер-ау», - деп өкпелепті. Өтірікшінің өтірігі Жұрт таныған өтірікші: - Мың сом берсең де өтірік айтпас едім, - депті. Қасында тұрған кісі: - Міне, бір тиынсыз-ақ өтірікті соғып тұрсың ғой, - депті. Қатырған Патша заманында бір солдат көпірден өтіп бара жатса, бір офицер бетпе-бет кездесіпті. Солдат байқамаған болып кетіп бара жатқан соң, офицер оны тоқтатып: - Сен неге сәлем бермейсің? деп ұрсады. Солдат: - Ғафу етіңіз, ұлы мәртебелім, мен жарғы бойынша әрекет еттім. Жарғының 133-ші тармағында көпір үстінде сәлем беруге болмайды делінген – депті. Офицер өзінің жарғыны білмейтініне ыңғайсызданып қалыпты. Кейін, казармаға келген соң, жарғыны ашып қараса, жарғы небары 132-ші тармақпен бітеді екен. Татар тілінен аударған: Ермахан Бердалы