Синоним
Синонимдер деп ұғымы бір - біріне өте жақын бірақ тұлғасы жағынан басқа - басқа сөздерді айтамыз. Тіліміздің байлығы синонимдердің көптігімен анықталады, яғни синонимдер арқылы танылады. Синоним болу үшін ең алдымен олар бір ғана ұғымды білдіруі керек; тұлғалары жағынан бір - біріне ұқсамауы және бір ғана сөз табына қатысты болуы шарт. Мысалы: Ақындардың адалдығын - даналықтың даналығы деп білем (Ғ. Мүсірепов). Меніңше, данышпандықтың ең бірінші белгісі — адамның өзін - өзі тани білуі дер едім (С. Бақбергенов). Тезек теріп, күл шығарып жүрген сенен не кемеңгерлік шығушы еді (Ә. Хасенов). Осы мысалдарда даналық, данышпандық, кемеңгерлік деген сөздер алдыңғы 3 шартты орындап тұр, яғни олар біріншіден, ақыл - білімнен жұртқа танылған улы адам деген бір ғана ұғымды білдіреді, екіншіден дыбысталуы, яғни тұлғалары бір - біріне ұқсамайды, үшіншіден, олардың бәрі де зат есім сөз табына қатысты.
Синонимдер мағыналары жақын сөздер дегеннен мағыналары тепе - тең болуы керек деген түсінік тумауы керек. Сөз бен сөздің мағыналық байланысы жанама, тікелей түрде де бола береді. Мысалы: өлу, қайту, үзілу, өту, кету сияқты синонимдер. Бірақ мағыналық жақындығына қарай екі жікке бөліп қарауға болады: а) адамға қатысты синонимдер (өлу, қайту, үзілу, өту, кету); ә) жан - жануарларға байланысты айтылатын синонимдер (өлу).
Міне, жұмсалымға, қолданысқа келгенде синонимдік қатардағы сөздер қолданыс аясы, мағыналық реңкі жағынан өзгешеленеді.
Синонимдерге тән өзіндік белгілер
Синонимдерге тән өзіндік белгілері болады.
1. Мағыналық реңктер. Бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің бір - бірінен сәл айырмашылықтары болады. Мысалы: ауыр - зілмауыр сөздері өзара синонимдік катар құрағанымен, ауырға қарағанда зілмауырдың мағыналық салмағы күшті. Енді бір ретте біреуінің мағынасы екіншісінен сәл кең, я тар болуы мүмкін. Мысалы: ұстаз - мұғалім сөздерінің мағыналары өзара ұқсас болғанымен, ұстаз сөзінің мағынасы мұғалімге қарағанда кең.
Синонимдер бір - бірінен сөз тудыру қабілеті жағынан да бір - бірінен ерекшеленеді: жол мен сапар сияқты мәндес сөздердің жол деген сыңары сөз тудыруға қабілетті (жолдас, жолаушы, жолақ т. б.), ал сапар сыңары сөз тудыруға қабілетсіз.
2. Стильдік реңктер. Сөздердің стильдік реңктері әртүрлі функционалдық стильде қолданылумен тығыз байланысты. Сөздердің жалпы стильдік мәнін мынадай түрлерге бөлуге болады: көтеріңкі түрдегі реңктер (мерекелеу - тойлау, азамат - жігіт, бойжеткен - қыз); сый - құрмет көрсетудегі сыйластықты білдіретін реңктер (ақсақал - қария, азамат - мырза); дөрекілік мәндегі реңктер (ақымақ - маубас, ақсақ - шойнақ), поэтикалық реңктер (асқар - биік; керемет - жақсы); кекесін, мысқыл түріндегі реңктер (еліру - желпілдеу, қораздану - қоқилану); кеміту мәніндегі реңктер (адам - тірі жан; еркек - бөрік киген).
Сөз қолданысындағы реңктер. Мәндес сөздердің бірінің тіркесіндегі сөзбен екінші сыңары да тіркесе бермейді. Мыс: көз, жанар деген мәндес сөздер көру мүшесі деген мағынада жұмсалғанымен қойдың көзі деп айтылады да, қойдың жанары деп айтылмайды. Ендеше сөз қолданысындағы осындай реңктер тіпті абсолют теңдікте тұрған синонимдердің өзінде қатты байқалады. Сол сияқты синонимдер қолданылу жиілігі жағынан да өзгешеленеді. Мысалы, билік, қожалық, әкімдік деген мәндес сөздердің ішінде билік деген көбірек айтылады.
Синонимдік қатар
Синоним болып жұмсалатын сөздер тобын синонимдік қатар дейміз. Мысалы: Сол жолмен Қарқаралының қаракесектері қыс бойы ағылып жатады. (Ғ. Мұстафин). Қаздың балапанындай шұбырып, балалар мектепке беттеді (С. Сарғасқаев). Қасқырдан қорыққан қойдай, жекеленіп те, топтанып та жөңкілген жұрт Қызбелдің қыры мен ойына сыймай кетті (С. Мұқанов). Елде үрей жоқ, бір үйден бір үйге кіріп жосып жүр (Б. Тоғысбаев). Қаладан біреу келеді десе, тайлы - таяғы қалмай шұбайтын қазақ ауылының әдеті (М. Иманжанов). Қалмақтан оңай таяқ жеген қыр елі босып отырып Сырға құлай бастаған (Ә. Сәрсенбаев). Осы алты сөйлемдегі ағылу, шұбыру, жөңкілу, жосу, шұбау, босу синонимдері ерсілі - қарсылы тынымсыз, тоқтаусыз, толассыз жүріп жату, үнемі қимыл - қозғалыста болу деген мағынаны білдіріп, синонимдік қатар түзеп тұр.
Ал енді осы қатардың ішінде бір сөз басқаларын мағына жағынан ұйымдастыруға ұйытқы, тірек болады, оны әдетте доминант (тірек сөз) деп атаймыз. Доминант сөз болу үшін ең алдымен мағына жағынан ең айқын, стильдік мәні жағынан бейтарап, жалпы халыққа соншалықты танымал болуы Қажет. Жоғарыдағы мысалдарда доминант болып тұрған сөз — ағылу сөзі.
Синонимдердің қолданылу мақсаттары
Синонимдер қандай мақсаттарда қолданылады, оның қандай тәсілдері бар дегенде мынадай мәселелер назарда болуы тиіс:
1. Қатар келген сөйлемдерде бір сөзді қайталамау үшін мәндес сөздер
пайдаланылады. Мысалы: Қазір Тоғжан жүзінде Абайдың қиялынан бір шақ кетпейтін, елбіреп толқып, лезде келіп, сәтте қайтып тұратын қызыл арай реңі жоқ. (М. Әуезов).
Бұл мысалдағы жүз бен рең\ лезде мен сәтте дегендер өзара синонимдер. Жазушы сөйлемнің ішінде бір сөзді екі рет жұмсамай, оның синонимін қолдана отырып, сөйлемге ерекше көрік, рең беріп тұр.
2. Белгілі бір ұғымның жан - жақты белгілерін сипаттауда мәндес сөздер бір - біріне қарсы қойылып та, салыстырылып та, ыңғайласып та келе береді. Мысалы, Бет көрсе, жүз ұялады (Мақал).
3. Белгілі бір ұғымды толық сипаттау үшін қатарынан 2 немесе 3 - 4 мәндес сөз қатар жұмсалады. Мысалы, Майлыбайдың уысындағы күміске өзді - өзі таласып, қырылысып, төбелесіп, өліп қала жаздады (Ж. Аймауытов).
4. Қазақ тілінде екі сөз қатар келіп, алдыңғысы соңғысының мағынасын күшейтіп, анықтап тұрады. Мұны әдетте плеоназм дейді. Бұлай плеонастикалық тәсілмен жұмсау сөйлемге ерекше ажар беріп, мәнерлі болып шығады. Мәндес сөздердің бір - бірімен қабаттасып, өзара тіркесіп айтылуынан жасалған сөз тізбегі плеоназм немесе плеонастикалық синтагма деп аталынады. Мысалы: Терезе ашық, таудан самал жел соғып түр (С. Ерубаев). Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ, Үлгісін алсын деймін ойлы жас жігіттер, думан - сауық ойда жоқ. Әуел баста - ақ (Абай). Осы мысалдардағы самал жел, әуел баста - ақ дегендердің әрқайсысы өзара мәндес сөздердің тіркесуінен жасалған сөз тізбектері. Бұлар әдетте эмоциональды - экспрессивтік мәні жағынан айрықша қызмет атқарады.
Плеоназм немесе плеонастық сөздер дегеніміз бір мағынадағы екі сөздің қатар қолданысы. Әдетте тіл білімінде плеоназм (ол периссология деп те аталады) құбылысын тілдегі басы артықтық деп таниды. Бірақ бұл жердегі басы артықтық абсолюттік емес, яғни плеоназм белгілі бір стильдік, не мағыналық қызмет атқарғанда ғана тілде орын алады. Мұндай қызмет атқармаса, тіл нағыз басы артық дүниені көтермейтіндіктен, плеонастық қатарлар түзілмейді … Мысалы, соқыр мағынасындағы парсының көр сөзі мен қазақтың осы ұғымдағы соқыр сөзі қатар келіп, көр соқыр болып айтылғанда, соқыр сөзі не мүлде көрмейтін, тас қараңқы соқыр деген қосымша реңк үстеп тұр.
Синомдер жүктеу