«Микроэкономика» курсының аталып отырған тарауы өндірістегі өнім шығару көлемінің өзгеруіне байланысты шығындардың қалай өзгеретінін талдауға арналған. Осыған байланысты зерттеудің маңызы өте зор, себебі фирмалардың өндірістік шешімдері нарық жағдайлары мен шығындар арқылы анықталады. өндірілетін өнім көлемінің өзгеруі жалпы және орташа шығындарды өзгертеді, ал бұл жағдай баға мен фирмалар ұсынатын тауарлардың мөлшері арасындағы қатынасқа едәуір ықпалын тигізеді.
Бухгалтерлік шығындарға өндірістің есеп беру кезеңіндегі нақты шығындары жатады және олар шығарылатын өнімнің өзіндік құнының құрамына кіреді. Оған мыналар жатады: шикізат пен материалдар құны, жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысы, амортизациялық өтемдер, жал төлемі, салықтар.
Ал экономикалық шығындарға біз жалпы, барлық шығындарды жатқызамыз, оның ішінде фирманың өз меншігіндегі сатып алынбайтын өндіріс факторларын пайдаланғандағы айқынсыз шығындар да бар. Бұл факторларға меншік иесінің еңбегін, жерді, капиталды – барлық нарық құны бар және оларды балама қолданғанда төлем алуға болатын фаторларды жатқызамыз. Сонымен, экономикалық шығындарға біз фирманың өз ресурстарын қолданғандағы табысты да кіргіземіз.