Тұманбай Молдағалиев өлеңі
Ана тілі
Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгін де
Менің ана тілімде.
Қазақ болып туылғаннан соң, бөбегім,
Қазақ болып өлген жақсы түбінде.
Барлық тілді үйренерсің сен әлі,
Жігіт болып саналы.
Қайда жүрсең, өз еліңді ұмытпа,
Өз еліңнің туын көтер жоғары.
Мен анамды ұғындым деп мақтанам,
Тілін білдім, жарын білдім сақтаған.
Өз анасын сыйламаған пақырлар
Отанын да сыйлап көрген жоқ, балам.
Ұлым, менің бұл сөзіме бағарсың,
Жанар кезде өзің де от боп жанарсың.
Менің қазақ жүрегімді ал, тілімді ұқ,
Ал басқасын өзің тауып аларсың.
Тұманбай Молдағалиев басқа өлеңдері