Әскербектің әкесі Көпіштің алғашқы сөзін әңгімеден тауып оқы

Скачать

І. Ұйымдастыру кезеңі.
Сабаққа әзірлік.
Мен бүгін көңілді келдім. Кәне, шеңбер құрайық, өзіміздің жақсы көңіл күйімімізді бір - бірімізге берейік. Өйткені көңіл күйіміз жақсы болса қиындықтарды оңай жеңеміз ғой.

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:
1. Үшінші тоқсанда Бақытжанның сабағы неге төмендеп кетті? Телефоннан естілген хабар Бақытжанның анасына қалай әсер етті? Бармағын тістеу дегенді қалай түсінесің? Бақытжанның анасы неге бармағын тістеп тұрып қалды?
2. Бақытжан қандай бала?

ІІІ. Үй тапсырмасын пысықтау: Әңгімеден қандай қорытынды жасауға болады?
ІV. Мақсат қою кезеңі:
1. Сабақтың мақсатын, тақырыбын хабарлау.
2. Жаңа сабаққа даярлық. Балалар, сендердің үйлеріңде тауықтарың, әтештерің бар ма? Сендер оларға қандай қамқорлық көрсетесіңдер?

V. Жаңа сабақ:
- Бүгінгі сабақта біз сендермен Роза Әбілқадырованың Әскербектің әтеші атты әңгімесінен Әскербектің кішкене жүрегінің дарқан мейрімділігі жайлы білеміз. Оқулықпен жұмыс. Іштей, тізбектей, жалғастырып оқу.

Әскербектің әтеші
Әскербектің әдемі қауырсынды әтеші бар. Ол өзінің басқалардан әлдеқайда артықтығын сезінетін тәрізді, өте маңғаз. Оның үстіне үш мезгіл шақырған даусы да ерекше. Ауылдағылардың көбі Әскербектің әтешін даусынан таниды. Үлкендер:
- Мал иесіне тартады деген рас, Көпіштің әтеші тура өзі тәрізді, маңғаз, - дейді. Осы ауылға атағы шыққан Әскербектің әтеші бір күні аяқ астынан, не болғаны белгісіз, қырылдады да қалды. Бірақ онда шаруасы жоқ, мезгілі болғанда қырылдап келіп шақырады. Енді ол Көпіш үйінің қырылдауық әтеші атана бастады.
Бұған намыстанған Әскербектің әкесі бірде: Тамам елге күлкі болмай, ана сұмырай әтештің көзін жойып, басын қырқып тастау керек , - деді
Мұны естіген Әскербек безілдеп отырып ауыл шетінде ең жақын досы Амангелдіге барды. Әтешіне төнген қауіпті айтып берді.
- Апам айтады, сендердің үйдің әтешіне көз тиді деп. Оны енді сол көз тигеннен емдеуіміз керек, - деді Амангелді.
- Онда, - деді Амангелді. – Сарыбастың үйіне барып, киімінен бір кішкене қиқым қиып алып, тұтатып, әтештің үстінен айналдыруымыз керек.
Екі бала қалталарына қайшы салып, Сарыбастыкіне тартты. Ойында ештеңе жоқ Сарыбыс оларды келгендеріне қуанып, ойынға жинала бастады. Амангелді Сарыбасты ертіп тысқа шыққан кезде, артта қалған Әскербек апалақтап, жан - жағына қарап, Сарыбастың ақ көйлегіне көзі түсті. Сасқалақтап, қолы дірілдер барып ақ көйлектің жеңінің ұшын қиып алды. Сыртқа шығып Амангелдіге көзін қысты. Келген істерінің тынғанын сезген ол: Сарыбас, біз саған қазір қайтып келеміз. Тағы баратын жеріміз бар, ұмытып кетіппін ғой , - деп, жедел Әскербекті ерте жөнелді.
Аңырып ауласында Сарыбас қалды.
Амангелді мен Әскербек қуалар жүріп әтешті әзер ұстады. Әтешті қолтықтарына қысып, қора сыртына барды да, Әскербек оны алдына алды, ал Амангелді жаңағы қиқымды тұтатып, апасы құсап әтештің үстіне айналдыра бастады. Қолы күйіп бара жатқан соң, Амангелді лаулаған шүберекті оның үстіне тастап жіберді. Әтештің әдемі қауырсындарының біразы күйіп, құрылдап ауланы басына көтерді. Енді ол бұрынғысында көріксіз болып қалды.
Ертеңгілік әтеш бұрынғы әуеніне салып тағы шақырды. қап, мына бәлені ертең ертемен жұмысқа бармас бұрын, көзін құртармын деп ойлады әкесі.
Әскербек Амангелдіге жөнелді.
- Кешегі білгірлігіңнен түкте шықпады. Әтешім сол қалпында, - деді ренжіп.
- Сен былай істе! Кешке тауықтар қонақтаған соң, әтешті ұстап ал да тұмсығын байлап қой! – деген ақыл айтты осы жолы Амангелді.
- Бұл да дұрыс екен, - деп қуанды Әскербек.
Әтештің тұмсығын мықты байлағанына әлі де сенімсіздеу болған Әскербек, ертеңгілік әкесі тұрғанда жер соғып қалмау үшін, өз аяғына оның жұмысқа киетін қара етігін мықтап байлап қойып жатты.
Ертеңіне ертемен оянған әкесі етігін алып киейін десе, баласының аяғына қосақталып байлаулы тұр. Етікті тартып қалғаннан ақ Әскербек атып тұрды.
- Әй, бұныңды қай қалжыңың деп ұғамыз?! – деді әкесі ашуланып.
- Әке, қалжыңым емес, таңертең ұйықтап жатқанда әтешті сойып тастайсыз ба деп қорықтым. Әтешіме тимеңізші, ол енді қырылдап шақырмайды. Түнде тұмсығын жақсылап байлап қойғанмын, - деді Әскербек аяғындағы жіңішке жіпті шешіп жатып.
Осы тұста Әскербектің әтеші біреу өңешінен қылқындырып жатқандай қинала қырылдап шақыра бастады.
Әкесі мырс етіп:
- Кішкене жүрегімнің дарқан мейірімінен айналайын! Несі бар, жұрт айта берсін. Ауыздары шаршағанда өздері де қояды. Мұндай күйге ұшырағанына әтеш күнәлі емес қой, солай емес пе? – деді.
Әскербек жымың - жымың етеді.
Әскербектің әкесі Көпіштің алғашқы сөзін әңгімеден тауып оқы. Амангелді мен Әскербек әтешке емді қалай қолданғанын өз сөзіңмен айтып бер.

Сөздік жұмыс.
Қиқым – бұл жерде: киімнен кесіп алынған кішкентай қиынды.

VІ. Түсінгендерін тексеру:
1. Әскербектің әтеші туралы ауылдастары не дейді? Әскербек әтешін көз тигеннен қалай емдеп алмақшы болды? Амангелді Әскербек досына тағы қандай ақыл айтты? Әкесі бұрынғы ойынан неге қайтып қалды? Соңғы сөйлемді оқығанда қандай қорытындыға келдің?
2. Әскербектің әтеші қалай шақырады?
3. Әскербектің әкесінің соңғы сөзін көшіріп жаз. Бұл сөйлемнен нені түсіндің?

VІІ. Қорыту. Бүгін не жайлы өттік? Егер Әскербектің орнында болсаң, әтешті қалай емдер едің?
VІІІ. Үйге тапсырма: түсініп оқу, № 5 тапсырма.
IX. Бағалау.


Скачать


zharar.kz