Аспапты тап

Скачать

Сабақтың тақырыбы: Сиқырлы музыка аспаптары Шаңқобыз. Дабыл
Мақсаты:
1. Білімділік: ұлттық аспаптармен таныстыру. Аспаптың дыбыс тембрін ажыратуға үйрету. Ұрып ойнайтын аспаптардың ерекшеліктерімен, дыбыс бояуымен таныстыру. Ән айту, музыка тыңдау ережелерін сақтауға баулу.
2. Дамытушылық: есту, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
3. Тәрбиелік: ұлттық аспаптарды құрметтеуге тәрбиелеу, жан - жақты эстетикалық тәрбие беру.
Көрнекілігі: оқулық, аспаптар – баян, домбыра, шаңқобыз, асатаяқ, қоңырау, мүйіз, дабыл, интерактивті тақта (слайдтар), электронды оқулық.
Сабақ түрі: аралас
Әдіс - тәсілдер: сұрақ - жауап, әңгіме, пікірталас
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі;
2. Үй тапсырмасын сұрау;
3. Жаңа сабақ;
4. Оқулықпен жұмыс
5. Сергіту сәті;
6. Музыка тыңдау;
7. Жаңа ән;
8. Аспапты тап (сөзжұмбақ);
9. Сабақты қорытындылау;
10. Үйге тапсырма;
11. Оқушыларды бағалау.
Оқушылармен сәлемдесемін: Оқушылар: Саламатсыз ба, ұстазымыз
Өнер, білімге біз құштармыз.
Мұғалім: Саламатсыз ба балалар,
Ұстаз еңбегін бағалар.
"Жас дәуірдің түлегіміз" (И. Нүсіпбаев) әнінің әуенімен орындалады.,
Үй тапсырмасы – сазсырнайды есімізге түсіреміз

Жаңа сабақ: Шаңқобыз. Дабыл.
Керней, сырнай тарттырып,
Даңғыра, дабыл қақтырып,
Барып түсті Алпамыс,
Қаракөзайым үйіне... ( Алпамыс батыр жырынан үзінді).
Балалар, бұл өлеңнен нені ұғуға болады? Қандай аспаптардың аттарын естідіңдер? Дұрыс, керней, сырнай, даңғыра, дабыл деген аспаптардың аттарын естідік. Олай болса бүгін ұрып ойнайтын аспаптармен танысамыз. Ол – дабыл, дауылпаз, тұяқ, қоңырау.

Оқулықпен жұмыс: Күннің ретін, сабақтың тақырыбын, музыка тыңдауды жазамыз. Оқулықты ашып, аспаптарға берілген анықтама оқылып, жұмбақтар шешіледі. Аспаптарға арналған қысқа қайырманы орындап беремін.

Дабыл – ерте заманнан бері келе жатқан ұрып ойнайтын аспаптың бір түрі. Ол барабан тектес ұрып ойналатын ұлттық аспаптың ішіндегі ең көне түрі. Ағаш шеңбердің екі жақ бетіне тері керіліп тартылады. Ағаштан немесе қайыстан жасалған тұтқасы бар. Дабыл шабуылға, бейбіт күндері мейрамға шақырғанда, аң аулауға шыққанда ойналған.. Мұны дабыл қағу деп атаған. Өзінің қызметіне қарай көлемі үлкенді – кішілі болған. Бұл аспап көптеген көршілес елдерде де бар. Қазақтың халықтық саз аспаптар мұражайына сақтаулы тұрған дабылдың бірнеше түрін көруге болады.

Тұяқ – қазақ тұрмыс салтында ежелден бар музыкалық аспап. Жаңа сойылған жылқының тұяғын кесіп алып, суға қайнатады. Тұяқтың ішкі сүйегі босап, сыртқы қабығы бөлектенеді. Оның ішін әбден тазартып күнге кептіреді. Қолға ұстауға ыңғайлы болу үшін белдеуше бау тағады.
Қоңырау – бұрынғы кезде қоңырауды бесікке байлаған, тұрмыс - тіршілікте пайдаланған. Үні таза шығу үшін таза жез немесе мыстан құйып жасаған. Қалыңдығын өзгерту арқылы дыбыс ауқымын өзгертіп отыруға болады.

Шаңқобыз – қазақтың көне музыкалық аспабы. Ол темірден, ағаштанр, кейде күмістен жасалады. Шаңқобызда ойнағанда оны тістеп тұрып, кішкене темір тілшігін қозғау арқылы дыбыс шығарады. Дыбыс бояуы (тембрі) өте әсем және өте нәзік екі дауысты ән айтып тұрғандай болады.
Аспаптарды көрсетемін, қолдарына ұстатамын, слайд көрсетемін және видеодан дыбыстарын тыңдатамын.
Сергіту сәті: Сырнай мен дабыл .
Мұғалім: - Ойнап көрші сырнайды
Сырнай былай жырлайды.
Балалар: - ГУ, ГУ, ГУ, ГУ
Мұғалім: - Соққанда дабылды,
Үн шығады жаңғыра.
Балалар: - Даң, даң, даң, даң.

Енді балалар, мына аспаптармен халық әні Еркем - айды орындап көрейік. Алдымен өзім орындап беремін. Сосын тақтаға оқушыларды шығарып, қолдарына аспаптарды беремін. Содан кейін бәріміз әнді орындаймыз.
Еркем - ай
Айт дегенде өлеңді аңырмаймын,
Көлден ұшқан аққудай мамырлаймын, Еркем - ай.
қ сы: Еркем, еркем, еркем - ай,
Еркелеген еркем - ай.
Еркелеген еркемді
Еркелетсем екен - ай.

Музыка тыңдау: Композитор Н. Тілендиевтің күйі Ата толғауы . Балалар, бұл күйде жаңағы айтқан аспаптардың барлығы бар.
Жаңа ән: Наурызым - мерекем әні мен сөзі Ақзира Еспенбетованікі.
Балалар, біз ұлттық аспаптар деп жатырмыз, олармен таныстық, дыбыстарын естідік, қолымызға ұстап көрдік. Енді біздің қандай ұлттық мерекеміз келе жатыр? Кім айтады? (Балалар жауап береді).
Дұрыс. Жаңа жылымыз - Наурыз мерекесі, яғни ұлттық мерекеміз жақындап келеді. Олай болса Наурызым - мерекем әнін үйренейік. Әні мен сөзін композитор А. Еспенбетова жазған. Алдымен өзім орындап беремін. Сосын сөзін балаларға оқытамын. Содан кейін әнді үйретемін. Әннің характері туралы сұраймын.
Наурызым - мерекем
1. Күн күліп көктен,
Шуағын төккен.
Келді наурызым,
Сағынып жеткен.
қ сы: Наурызым – жыл басы,
Өзіңді өлкеде,
Бөбектер жырласын.
2. Бусанып дала,
Босап қар мұздан.
Тыста бар бала
Ойынға қызған.

Сөзжұмбақ шешу. Аспапты тап . Сөзжұмбақты дұрыс шешкенде Аспаптар деген сөз шығады.
1. Шертіп ойнайтын аспап
2. Үрмелі аспап
3. Музыка жазатын адам
4. Ұрып ойнайтын аспап
5. Ұрып ойнайтын аспап
6. Шертіп ойнайтын 7 ішекті аспап
7. Сілкіп ойнайтын аспап
8. 3 ішекті шертіп ойнайтын аспап.

Электронды оқулықтан көрсетемін Аспаптардың үнін тап .
Сабақты қорытындылау: Оқушыларға үлестірмелі карточкалар таратамын. Жауаптарын белгілеп береді.
Сұрақ қоямын: Қандай аспаптармен таныстық? Қандай күй тыңдадық?
Қандай ән үйрендік?

Үйге тапсырма: шығармашылық папкаға аспаптардың суреттерін салып келу. Анықтаманы жаттау. Әнді жаттау.
Оқушыларды бағалау. Сабақта белсенділік танытқан оқушыларды бағалаймын, мадақтаймын.


Скачать


zharar.kz