Сөз мерген
(Танымдық сайыс)
Мақсаты: оқушылардың ана тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Ана тілінің қадір - қасиетін біліп, көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсінуге баулу. Ойлау қабілетін, тіл байлығын дамыту. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ат салысуға шақыру. Тапсырмалар слайд арқылы беріледі.
Жүргізуші:
Сүйемін туған тілді, ана тілді,
Бесікте жатқанда - ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнін – демекші, тіл - әр халықтың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті құралы. Оны әр уақытта аялап, шұбарламай кейінгіге жеткізу – біздің борышымыз. Сөз мерген атты танымдық сайысқа қош келдіңіздер.
Жүргізуші:
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып - ақ алыңдар, - дей келе өзінің туған тілін жан - тәнімен жақсы көретін, баба рухынан, тілінен нәр алып, сусындап жүретін жалынды қыз, жігіттерімізді ортаға шақырайық.
Бүгінгі ойынымызға қатысатын оқушылармен таныс болыңыздар.
Жүргізуші: Сайысымыз 3 белестен тұрады:
1 - белес. Мықты болсаң, тауып көр.
(Тұрақты тіркестердің мағынасын табу).
2 - белес. Жүйрік болсаң, озып көр.
(Мақал - мәтелдер құрастыру).
3 - белес. Ойлы болсаң, озып көр.
(Сөздердің мағынасын ашу).
Жүргізуші: Бүгінгі сайысымызды бастамас бұрын бір сәт ұлылардан қалған ойлы сөздерге құлақ салайық.
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата - бабамызды, тарихымызды ұмыту Бауыржан Момышұлы.
Әрбір саналы, мәдениетті азаматқа ана тілі мен сол ана тіліндегі әдебиеттің қадірін білмеу – мәдениетсіздік Мұхтар Әуезов.
Түрлі - түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық Ғабит Мүсірепов.
Тіл деген – бізге өткен дәуірлерден қалған асыл мұра. Ол тіл атамыздың ақылынан, анамыздың сүтімен жаралған. Қазақтың өз тілі – қазақ үшін алтын бесік Шерхан Мұртаза.
Жүргізуші: Құрметті оқушылар! Тіл – халықтың тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз демекпін.
Бүгінгі ойынымыздың сарапшылармен таныс болыңыздар.
Жүргізуші: Ойынымыздың бірінші белесі Мықты болсаң, тауып көр деп аталады. Бұл белестің шарты бойынша ойыншылар берілген сөздерден тұрақты сөз тіркестерін құрастырып мағынасын ашып айтып беру керек. Ендеше іске сәт деп бірінші белесімізді бастайық.