Тақырыбы: Әдептілік - адамгершілік әліппесі
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған - туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Н. Ә. Назарбаев
Сабақтың мақсаты:
1. Білімдік: оқушылардың білімдік дағдысын қалыптастыра отырып, діни бағыттағы сауаттылығын жетілдіру арқылы сөйлеу тілін дамыту, адамгершілік қасиеттерін шыңдау. Әр ортада өздерінің жан-жақтылығын жетілдіру, таныту, толеранттылыққа баулу.
2. Тәрбиелігі: жасөспірімдердің ой - санасын оята отырып, өзін - өзі тануға және бағалауға, адамгершілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу.
3. Дамытушылық: оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, рухани дүниесін жетілдіру.
Міндеті: 1. Бәсекеге қабілетті дені сау, жан - жақты, білімді, сауаттылығы жетілген тұлға даярлау.
2. Оқушылардың өз ойларын ортаға салып, ашып айта білуге дағдыландыру.
Түрі: пікірталас
Әдісі: Парламенттік шоу бағдарламасы желісінде (миға шабуыл жасау, сыни тұрғыда ойлауға үйрету әдісі)
Көрнекілік: Мультимедиалық тақта, бейнетаспа, нақыл сөздер, мақал - мәтелдер т. б. с
Тәрбиелік бағыты: Рухани адамгершілік
Жүрісі:
І. Ұйымдастыру бөлімі
ІІ. Шараның бағдарламасымен таныстыру.
1. “Балам, анау не?” жағдаятын тыңдау, ой білдіру
2. “Әке мен бала әңгімесі” бейнекөрсетілімін тамашалау
3. “Ойланайық, пікірлесейік” пікіралысу
4. Миға шабуыл
5. Әдептілік, адамгершілік жайында айтылған мақал - мәтелдер
“Әдептілік қағидалары” баяндама
6. Иман - жүректегі нұр
Отбасының берекесі - имандылықтан басталады... баяндама
7. Сұрақ – жауап
8. Нақыл сөздер
9. Тобықтай түйін
10. Қорытынды
ІІІ. Қорытынды бөлімі.
1.”Білгенге маржан” (әр оқушының бір сөзбен өз ойларын қорытуы)
2.”Мен”топтастыру рефлекциясы,
”Не білдік?”,”Нені қасиет қылдық?”
3. Жүректен - жүрекке
Шараның барысы.
Мұғалім: Қайырлы күн құрметті ұстаздар, оқушылар және бүгінгі шарамыздың арнайы қонақтары!
(Шараның мақсаты мен міндеттері, жүрісі, мазмұны және өту барысы таныстырылады.)
Сынып жетекшісі сөзінен кейін Балам, анау не? атты жағдаятты шешуге уақыт беріледі.
1 - жүргізуші:
1. “Балам, анау не?” жағдаятын тыңдау, ой білдіру
2 - жүргізуші:... Ертеде бір үлкейген қарт қатты сырқаттанып жатса, жалғыз ұлы келіп:
- Әке, мен сені айшылық жерде аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін,- депті. Сөйтіп әкесін арқасына салып, жолға шығыпты. Олар ұзақ жүріпті, қас қарайған кезде алдан қарауытқан сұлбаны көрсетіп әкесі:
- Балам, анау не? деп сұрапты.
- Ол - түйе - деп жауап беріпті. Сәлден кейін әкесі әлгі қарайған нәрсенің не екенін тағы сұрапты. Бала әуелгі жауабын қайталапты. Әкесі осы сауалын үшінші рет қайталап сұрағанда баласы:
- Ол - түйе, түйе! Өзім шаршап келе жатқанда, неге сұрай бересің?- деп ренжіпті. Сонда әкесі:
- Балам, кішкене кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келіп отырсам да, сенің Анау не, мынау не? деп күніне жүз рет сұрайтын сұрағыңа беті қайтпасын, жігері жасымасын деп үнемі жауап беретінмін. Бұл аурудан емделейін деген ойым жоқ еді, тек бетіңді қайтармайын деп көнгенмін, енді сенен сөз естігенше, үйіме барып, ажалға мойын ұсынғаным артық, мені жерге түсір депті.
(Оқушылардан осы жағдаятқа орай ата - ананың ақысы дегенді қалай түсінетідіктері сұралады.)
1 - жүргізуші: 2. “Әке мен бала әңгімесі” бейнекөрсетілімін тамашалау. Осы жағдаятқа байланысты өз ойларыңызды білдірсеңіздер.
1 - жүргізуші: Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен - демей ме халқымыз. Сіздердің қысқаша ойларыңызды білдік, олай болса ендеше бағдарламамызды жалғастырайық.
2 - жүргізуші: Өздеріңізге белгілі қазіргі жаһандану үрдісінде елімізде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу басты назарда болып отыр. Ал адамның жан қазынасын, адамгершілік болмысын қалыптастыру да, кей адамдардың түрлі жағдайлармен бір - бірін түсінбеуі де сіз бен бізді толғандырады. Өйткені біз сол қоғамның ішіндеміз, яғни оның мүшесіміз. Иә, бұның бәрі шындық десек артық болмас. Бәсекеге қабілетті ұрпақты жан - жақты қылып тәрбиелеу үшін алдымен жан қазынасының негіздерінің бірі, әдептілік пен адамгершіліктің бастауына үңілу керек шығар. Әдептілік – адамгершілік әліппесі, яғни адам әдептілік сақтай отырып, өзінің имандылығын, тәрбиелілігін, адамгершілігін көрсетеді. Өйткені қазіргі таңда бұл мәселе де, күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
1 - жүргізуші:
Шарамыздың келесі бөлімі “Ойланайық, пікірлесейік” пікіралысу
- Әдептілік дегенді қалай түсінеміз?
Осы жерде пікіралысу сұрақтар арқылы жалғасады.
1 - оқушы:
Әдептілік - әдемілік. Әдепті адам әдемі. Ол өзінің дұрыс киінуі, сыпайы сәлемдесуі, өзін - өзі күте білуімен әдемі.
2 – оқушы:
Мен Нұрайдың пікіріне қарсымын. Әдемі адамның бәрі әдепті бола ма?
Әдептілік дегеніміз өзін - өзі кез - келген ортада ұстай білу. Ол әдемі болмаса да, өзін - өзі ұстай білсе - әдепті.
3 – оқушы:
Үлкен кісілерге Ассалаумағалейкум деп амандасып, амандығын, денсаулығын сұрау парыз. Дұрыс амандасудың адамгершілік, имандылық мәні бар. Иманы жоқтың, ұлты жоқ.
4 – Оқушы:
Неге? Ассалаумағалейкум деп амандаспасаң, үлкендер сәлемімізді алмай ма? Әйтеуір үндемей кетпесек болды емес пе?
5 – Оқушы:
Дұрыс тамақтану, мезгілді ұйықтау, ата мен ананы сыйлау - халықтың дәстүр, халықтың әдеп. Біз осы нәрселерді, адамгершілік қағидаларды сақтай білсек, ұлттық әдепті қорғай білеміз.
6 – Оқушы:
Түнде ұйықтауын ұйықтармын - ау, бірақ теледидардан жақсы кино болып жатса, оны неге көрмеймін. Сонда мен әдепсіз болғаным ба?
7 – оқушы:
Сен дұрыс демалмасаң ерте тұра алмайсың. Әрбір тірліктің өз уақыты бар. Оны дұрыс пайдаланудың өзі әдептілік.
8 – оқушы:
Жақсы амандассам, әдемі киінсем, сыпайы сөйлесем, тек қана дұрыс ұйықтамағаным үшін әдепсіз емеспін деп ойлаймын.
ІІ жүргізуші: Басқа сыныптастарымыз не айтар екен.
9 - оқушы:
Үлкен адамға сәлем беру кіші адамның міндеті. Қазақта Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жастағы қария сәлем береді деген бар. Ал кездескен кезде кіші адам үлкен сәлем бермей кетсе, ол әдепсіздік, көргенсіздік, сәлем беру имандылық, инабаттылық, көргенділік, мәдениеттілік белгісі.
10 – оқушы:
Сәлемдескенде, сәлем бергенде, әркім дауыстың дабырламауына, үнінің үйлесімділігіне, яғни дауыс ырғағына ерекше көңіл аударып, салмақпен, әдеппен сөйлеуге міндетті. Сөз басы сәлем дегеніміз сол.
1 - жүргізуші: Келесі бөлім миға шабуыл
2 - жүргізуші: Әдептілік, адамгершілік жайында айтылған мақал - мәтелдер бөлімі.
Әдептілік, адамгершілік жайында айтылған мақал - мәтелдер білеміз бе?
1. Әдептілік белгісі - иіліп сәлем бергені.
2. Әдепті бала - арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала.
3. Әдепсіз бала
Ауыздықтаған атпен тең
Ақылды қария
Жазып қойған хатпен тең.
4. Әдептің не екенін
Әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.
5. Аға әдепті болса,- іні әдепті
Апа әдепті болса, - сіңлі әдепті.
6. Жақсыдан үйрен,
Жаманнан жирен.
7. Бала тәрбиесі бесіктен.
8. Өзіңді - өзің сыйламасаң, өзгеден сый дәметпе.
9. Тәрбиелі адам — тағалы атпен тең.
10. Жақсылық еккен алғыс орады.
11. Итті күшігінде үйрет.
12. Тісі шыққан балаға, шайнап берген ас болмас.
13. Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды,
Кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды.
14. Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық.
15. Адам әдебімен көрікті.
16. Әдеп басы – тіл.
17. Әдепті дегенше, әдемі десейші.
18. Әйел — әдептің әліппесі.
19. Тәрбие басы — тал бесік.
“Әдептілік қағидалары” баяндама
1 - жүргізуші: Көргені жақсы көш бастар , - демей ме, халық айтса - қалып айтпас - деген тағы бар, олай болса имандылық дегенді қалай түсінеміз? Бұл жөнінде келесі Иман - жүректегі нұр атты бөлімімізде пікір білдіруді көрермендерге де берсек, бағдарламамыздың арнайы қонағы Ыбрайым мешітінің имамы ---------------ағайымызға сөз берсек.
1 - жүргізуші: Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол - деп Абай атамыз жырлағандай әдептілік, адамгершілік ұғымдарын ұғудың жолдарының бірі және рухани бастауымыз Ислам дінінде емес пе?
Яғни, адами, рухани тәрбиенің бастауы әдептіліктен басталады демей ме?
------------------------ Отбасының берекесі имандылықтан басталады тақырыбында өзінің арнайы дайындаған баяндамасын оқиды.
Отбасының берекесі - имандылықтан басталады... баяндама
2 - жүргізуші: Сұрақ - жауап. Бүгінгі қонағымызға сұрақтарымыз бар еді, сол сұрақтарды қоюға рұқсат етсеңіз.
1. Бүгінгі таңда әлемде күрделі мәселе болып отырған діни экстремизм, Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті?
2. Адамның жан қазынасына сырттан келген әр - түрлі діндердің әсері қандай? Жан қазынамызды қалай қорғаймыз?
3. Діни сауаттылықты қалай жетілдіреміз және толеранттылықты қалай сақтаймыз?
4. Қазіргі таңда жастардың жан қазынасынан, адамгершілігінен шатастырып жүрген түрлі ағымдар туралы не айтуға болады?
Тағы да басқа түрлі пікірлерге байланысты сұрақтар қойылып талқыланады.
2 - жүргізуші: Нақыл сөздер
Жүректің түріп құлағын,
Ойланып тағы қарашы,
Кімсің сен? Қайда тұрағың?
- Енді қайда барасың? - деп Омар Һаям жырлап өткендей ата - ананың қадірін, адам қасиетін, әдептілік, адамгершілік, имандылық ұғымдарын түсінуде ойларын айтқан ой-пікірлерге назар аударалық.
Осы орайда ғұлама ғалым Әл - Фарабидің тәрбие тұрғысында жасаған тұжырымын Әлиасқар Дінмұхамедтің баяндауында тыңдап өтсек.
- Осы жерде пікіралысу сұрақтар арқылы тағы да жалғасады.
Оқушылар өздері білетін нақыл сөздерді айтып өтеді.
Мұғалім: (Тобықтай түйін бөлімі.)
Адамның айналамен қарым – қатынаста жағымды қасиеттерді мәдениеттілікпен көрсете алуы әдептілікке әкеледі.
Әдептілікке тіл алғыштық, сыпайылық, көрегенділік, инабаттылық, кішіпейілділік және басқа да жақсы, сүйкімді қылықтар жатады. Әдепті адам өзіне және өзгелерге, қоршаған ортаға түсіністікпен, сыйластықпен, құрметпен қарайды. Әдеп сақтау – адамгершіліктің белгісі. Бүгінгі біздің пікіралысуымызда еліміздің кез келген адамының ойына ой салардай мәселелер қозғалды. Біз ешкімге кінә артпаймыз, мін тақпаймыз, тек бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыра отырып, олардың ой - пікірлерін ашық айтқызу арқылы өзін - өзі тануын, өз жан қазынасына үңілуін, әрқашанда, қандай жағдайда да әдептілік сақтауын, адамгершілік, имандылық қасиеттерінің қаншалықты құнды екенін таразыладық.
Қорытынды бөлімі.
2 - жүргізуші: Білгенге маржан
Сіздерге ойларыңызды қорытып, шағын тұжырым жасау үшін арнайы сөздер беріледі. Сол сөзге орай өз ойларыңызды қысқаша білдірсеңіздер:
Берілетін сөздер:
- Ақиқат
- Мәдениет
- Руханият
- Ақыл
- Парасат
- Жүрек тәрбиесі
- Имани сезім
- Жан дүние
- Қасиет
- Халық көзқарасы
- Әдептілік
- Кішіпейілділік
- Сыпайылық
- Тәрбиелілік
- Адамгершілік
- Имандылық
2.”Мен”топтастыру рефлекциясы,
”Не білдік?”,”Нені қасиет қылдық?”
3. Жүректен - жүрекке (Оқушыларға түрлі - түсті қағаздардан жасалған кішкентай жүректер таратылып, оған жылы, мейірімді сөздер жазулары сұралады). Жансыз жүректі жандандыру (Плакаттан үлкен жүректі қиып алып, сол жүрекке жылы-жылы сөздер жазылған кішкентай жүректерді орналастыру). Сұрақ: қалай ойлайсыздар, жүрегіміз жанданды ма? Қайтіп? Неліктен?