Қан қысымың көтерілуі және оның алдын алу
Қан қысымы қан тамырларының (күре тамырлар мен көктамырлардың) қабырғаларына түсетін күш. Қан қысымы адамның жасы мен денсаулығына байланысты болады. Ол қантамырларда бірдей болмайды. Қан қысымы артерияларда, әсіресе, қолқада барынша жоғары болады. Қан жүректен алыстаған сайын қысым да азаяды. Қан қысымы каппилярларға жеткенше төмендеп, веналарда, әсіресе, жоғары және төменгі қуысты веналарда ең төмен болады.
Қан тамырының қысымы — ең көп тараған сырқаттың бірі. Елімізде бұл сырқатпен ауыратын адамдардың саны жылдан - жылға көбейіп келеді. Бұрындары жасы алпыстан асқандар ауыратын, қазір қырық жастағыларды мазалай бастады. Медициналық статистика бойынша, елімізде әрбір оныншы адам қан тамыры қысымымен ауырады екен. Республика бойынша адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орынды алады, екінші орында — ауыр дене жарақаттары, соңғысы — қатерлі ісік аурулары.
Қан қысымы өте қауіпті ауру. Бұл аурудың жүрек пен тамырды зақымдайтынын ескерер болсақ, тамырдың қанша уақытқа дейін төзе алатыны беймәлім. Сондықтан оны үйреншікті ауру ғой деп мән бермей жүрген дұрыс емес.
Осы бір аурудан сақтану шараларын жұрттың бәрі ойлай бермейді.
Қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120 80 болуы керек. Егер тонометр тілі 140 90, 150 100, 160 110, 170 120, 180 130 көрсететін болса, бұлар қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы болып табылады. Әсіресе, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады.
Қан қысымының көтерілуі адам ағзасындағы қан айналымының бұзылуынан, жүрек қан тамырларының тартылып, оның ішіндегі қанның қоюлануынан болады. Бұл көбіне аз қимылда болатын адамдарда жиірек кездеседі. Бір орында көп отыратын немесе кешке дейін төсектен бас көтермей жататын адамның денесі қозғалыста болмағандықтан, ағзадағы, тамырдағы қан қоюланады да, ішкі температураның қысымы жоғарылайды. Осындайда адамның басы ауырып, самай тұсындағы тамырлары солқылдап соғады. Қан қоюланбас үшін, әрдайым қимыл үстінде болған жөн. Жейтін тағамның көлемінің артуы да қан қысымына алып келеді. Салмақтың артуы кезінде қан тамырының қысымы жоғарылайды да, бұл жүректі салмақпен жұмыс істеуге мәжбүр етеді.
Ал қан қысымының алдын алғысы келетіндер жиірек қимыл - қозғалыста болғаны дұрыс. Адам қимылдаған сайын оның ішкі энергиясы да қуаттанып, іске қосыла бастайды. Сондай - ақ ағзадағы қан айналу процесі жақсара түсіп, адамның тәбетін арттырады.
Зерттеулер біздің еліміздегі қан қысымымен ауыратын адамдардың ең басты қателігі дұрыс тамақтанбау екенін анықтапты. Тамақтың уақытылы асқазанға түсіп, уақытылы табиғи жолмен сыртқа шыққаны денсаулыққа тікелей әсер етеді.
Тағы бір мәселе — шайды аз ішу керек. Бүгіндегі шайлардың тоқсан пайызы қызыл бояумен боялады. Сол бояу қан арқылы тамырларға тарайды да, тамырдың тар іргелеріне жинала бастайды. Бірте - бірте бояу қалың қатпарға айналып, қан айналу процесін баяулатады. Нәтижесінде өз арнасына сыймай қалған қан басқа шабады. Қысым басқа көтерілгенде кейбір жіңішке тамырлар шыдас бере алмай, жарылып кетеді. Бұл науқас үшін аса қауіпті жағдай. Тек шай ғана емес, сары уайымға түсіп немесе қатты ашуланған адамның да қан тамырлары бірден жарылып кетіп жатады.
Сонымен өте қауіпті бұл дертке шалдықпау үшін өзімізге төмендегі 4 жағдайды жасауымыз керек:
– дене салмағын азайту;
– алкогольді ішімдік пен темекіні тастау;
– шай мен кофені аз ішу;
– жаттығуды көп жасау және көп жүру.
Жазылуды ойласаңыз бұл ауруға мән беріңіз. Дүниежүзінде миллиондаған адам қан тамыры қысымын төмендету үшін дәрі - дәрмектерді ұзақ және тұрақты түрде қабылдайды. Солай бола тұра, жұмыс істеу қабілетін сақтай отырып, белсенді өмір салтын ұстанады.
Ауырып емделу жолын іздегенше, денсаулықты күтіп ауырмаудың жолына түсейік.
Қан қысымы көтерілгенде пайдалы 10 тағам
1. Майсыздандырылған ірімшік тамырлардың созылуына әсерін тигізіп, жүректі жақсартады және кальций, магний, калийдің көзі болып табылады. Сондықтан күніне 100 грамнан кем емес ірімшікті жеу қажет.
2. Қызыл болгар бұрышы С дәруменінің аса көп мөлшерін өзінің құрамында сақтайды. Гипертония ( қан қысымының артуы) ауруына шалдыққандарға бұл тағамды міндетті түрде пайдаланған жөн. Егер күніне 2 дана қызыл бұрыш жейтін болсаңыз, организмдегі С дәруменінің орнын толтырады.
3. Албырт (лосось) — май қышқылының көзі және қан қысымын түсірудің тамаша әдісі. Оны аптасына 3 рет 100 - 150 грамнан қолданған жөн.
4. Сұлы жармасының ботқасы гипертониямен ауыратын адамдардың таңғы ас мәзірінде міндетті түрде болуы қажет. Зерттеулер нәтижесі бойынша, сұлы - ағзадағы селеннің орнын толтырушы.
5. Асқабақ шемішкесі ағзадағы цинктің азаюынан сақтайды және инфарктан құтқарады. Күніне 20 грамнан жеген жеткілікті.
6. Какао қан тамырларының жағдайын жақсартады. Дегенмен, ол өте құнарлы(калориялы) сусын. Аптасына 1 - 2 шыныаяқ ішуге болады.
7. Майсыздандырылған сүт құрамында калий, кальций, магний және басқа да дәрумендер бар, гипертониямен ауыратындардың жағдайын жақсартады. Күніне 3 стақанға шейін ішуге болады.
8. Ащы шоколад жүрек бұлшық етін бекітеді, антиоксидантты құрамында сақтайды және 5 - 10 мм - ге қан қысымын түсіруге қабілеті бар. Дей тұрғанмен, оны көп мөлшерде жеудің қажеті жоқ.
9. Миндальдың құрамында мономайлар бар болғандықтан, холестериннің деңгейін төмендетеді. Бұл жаңғақта қан қысымының түсуін қамтамасыз ететін Е дәрумені, калий, магний элементтері бар.
10. Көк шай үнемі ішіп отыруды қажет етеді, осылайша холестериндік тығынды ерітеді, құрамында көп антиоксидант бар, организмнің тозу үдерісіне жол бермейді. Әлемде көк шайды көп ішетін Жапонияда халықтың барлығы дерлік гипертония ауруымен ауырмайды.