Тақырыбы: Желтоқсанда мұзға айналған көктемдер!
Мақсаты: Елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз Отанын сүйетін азамат қалыптастыр, от жүректі, ер мінезді ұл - қыздардың ерлік істеріне мәңгі құрмет көрсетуге баулу. Өз Отанының намысын қорғай білетін азамат қалыптастыру.
Көрнекілігі: Желтоқсан құрбандарының суреттері, кітап көрмесі.
Интерактивті тақта, Слайдтар, видеолар
1 - жүргізуші:
Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні шын жүректен құттықтаймыз!
Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
2 - жүргізуші:
Мен - қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім!
Қайран, қазақ елі… еткізетін сырға, мұңға толы тарихи парақтарың қаншама әлі. Оған куә мына жатқан кең сары дала, заңғар таулар, өзен - көлдер, құм - шөлдер, тарихи ескерткіштер: мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны. Ғасырлар бойы ата - бабамыздың қаны тамған топырақ исі мүңкіп тұр.
1 - жүргізуші:
Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманынан бастап, қойша қырылған репрессия жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада өмір сүруі, не жойылып кету қаупі тұрған еді.
2 - жүргізуші:
Қанша азапқа түсіп, қуғын - сүргінге ұшыраса да, қазақтың үш жүзі қайта бірігіп, жоңғарларға күйрете соққы берді. Қаншама қиындыққа мойымай Қазағым тәуелсіздікке қол жеткізді.
Осындай нұрлы күнге қол жеткізгеніміз Желтоқсан оқиғасының нәтижесі.
1 - жүргізуші:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,
Ел үшін жанын қиып, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтып,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас
Арқаның селі, желі, шөлі, белі, -
Ерлерді ұмытпаса ел ұмытпас, - деп Мағжан Жұмабаев ағамыз айтқандай дүниені дүр сілкіндіріп, қазақ елінің бостандық туын көтерген ерлеріміз мәңгі есте қалары сөзсіз.
Бүгінгі Ұлытаулар аласармайды,
Ұлы есімдер ұмытылмайды , деген рубрикамен өтілетін Желтоқсанда мұзға айналған көктемдер! атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
2 - жүргізуші:
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Кеудемдегі қоламта қоздатқаным
Тұншықса да түрмеде тозбапты әнім.
Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан,
Жалтақтап кете барған боздақтарым.
Көрініс: Елім - ай әнінің әуенімен жаймен, ортада Ана отырады. Сахна сыртынан Қайраттың рухы: Елбең, елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып
Ақсауыт киген темірден
Алатаудай бабалар
Аруағыңмен жебей көр! – деген
Қайраттың дауысы естілді.
Ана: Ойпырмай, биіктен құлаған тау суындай буырқанған тасқынды бұл
үн кімдікі өзі? Жас тұлпар тұяғының дүбірі естілгендей ме өзінен?
Оқыстан шыққан айқай – шуды, сол шуға бүйірі қызған дара боздың шабысындай мына үнді қайдан естіген едім? Ойпырмай, ия, ия, сол дауыс қой мынау, Қайраттың дауысы ғой, таныдым. Тоқыраудың тоғышарлары тобықтан қағып құлатқан Қайратымыздың үні ғой бұл. Ия, ия, дәл сол!
Қалай болып еді өзі?!