Атырау облысы, Исатай ауданы,
Х. Наубетов атындағы орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі.
Нұрмашева Шарбану Насырқызы.
Тақырыбы: Балалар денсаулығы – ұлт денсаулығы. (спорттық шара)
Мақсаты: І. Біліктілігі: Оқушыларды салауатты өмір сүре білуге шақыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, Эстафеталық ойынға қызығушылықтарын арттыру.
ІІ. Тәрбиелік мәні: Оқушыларды жаман әдеттен аулақ болуға, достық пен ынтымақшылдыққа, инабаттылыққа, елжандылыққа баулу.
ІІІ. Дамытушылық міндет: Күш, жылдамдық, ептілік қасиеттерін дамыту.
Қажетті құрал жабдықтар: жалаушалар, төсеніш, дорбадағы картоп, доп, арқан, тұсау жіптер, ысқырық.
Жүру барысы:
Кіріспе сөз. Құрметті ұстаздар және оқушылар! Сіздерді Балалар денсаулығы – ұлт денсаулығы атты спорттық шарамызға шақырамыз.
Еңкейген кәріден бесіктегі балаға дейін салауатты өмір сүруге талаптанып, соған қоғам да, мектеп те жағдай жасап, денсаулықты сақтауға нығайтуға ат салысумыз қажет. Ол үшін күнделікті таңертеңгілік жаттығулар жасауды, жүгіруді әдетке айналдыруымыз керек, сонда ғана егеменді еліміздің мықты азаматы болып өсеміз. Көп адамдар денсаулығына мән бермейді – Қолда бар алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай демекші, салауатты өмір салты туралы біліммен қарулануымыз қажет.
Жүргізуші: Ал, құрметті халайық!
Жарысты енді көріңдер.
Әділ қазы алқасы,
Әділ баға беріңдер!
Жарысты бастамас бұрын ойынға әділ бағасын беретін әділ қазылар алқасымен таныстыра кетейін.
Жарыс заңы ежелден,
Жеңімпазды анықтау.
Жеңімпаз болу шарты сол
Еңбектену жалықпау.
Біреуі озса сайыста
Біреуі артта қалады.
Жеңілгендер ренжімей,
Тараса бізге жарады.
Сабырлы да, салмақты
Білімді де, өнерлі
Білікті де жүректі.
Сіздерге жеңіс тілейік , – дей отырып ортаға екі топты шақырамыз. Қарсы алыңыздар!
І топ Сымбат
ІІ топ Денсаулық
а) Таныстыру рәсімі өтеді.
б) Сәлемдесу рәсімі өтеді.
в) Топ ұрандары айтылады.
Құрметті ұстаздар және оқушылар! Топтармен таныстық, қазылар алқасын сайладық. Енді құрметті сайыскерлер, сіздерге сәт-сапар!
1. Кедергілерден өту
Сөреден жүрелей отырып шығып, төсеніште алға аунап, жалауды айналып, кедергілерден жүгіріп қайту. Жеңіске эстафетаны жылдам аяқтаған топ жетеді.
2. Шаяндар сайысы
Ойыншылар белгіленген сызыққа дейін шаян жүрісімен жүріп өтеді де, келесі ойыншыға эстафетаны береді. Тапсырманы 1-ші орындаған топ жеңіске жетеді.
3. Картобыңды егіп кел де, жинап ал!
Топ капитанының қолында дорбада картоп бар. Белгі бойынша картопты бір-бірден шеңберге орналастыру керек. (егу керек). Орындалып болған соң жүгіріп келіп дорбаны келесі ойыншыға береді. Ол картопты жинап шығады да келесіге береді. Қай топ бұрын аяқтаса, сол жеңіске жетеді.
4. Допты бастан асыра беру және аяқ арасынан өткізу
Бірінші оқушы допты бастан асыра береді, екінші оқушы аяқ астынан өткізеді, осылай жалғасады. Қай топ бұрын аяқтаса, сол топ жеңіске жетеді.
5. Арқан тарту
Белгі бойынша әрбір топ арқанды өз жағына қарай тартады. 3 рет тартысқаннан кейін 2 рет өз жағына арқанды тартып шығарған топ жеңімпаз болып танылады.
6. Тұсау кесу
Оқушылардың аяғына байланған тұсау жіппен белгіленген жерден секіріп айналып өту, қай топ бұрын келсе, сол жеңіске жетеді.
7. Шеңбер ішінде тіресу
Шеңбер сызылады, ішінде екі топтан бір-бір баладан, бір аяқпен екі қолды артқа ұстап тұрады. Белгі берілген соң екі бала шеңбер ішінде тіреседі, шеңберден шығып қалған топ баласы жеңіледі, шеңбер ішінде қалған топ баласы жеңіске жетеді.
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Сөз кезегі әділқазылар алқасында. Әділқазылар сайыстың шарты бойынша қорытынды шығарып, жеңімпазды атайды.
Жүргізуші: Міне біздің сайысымыз аяқталып келеді. Топ оқушылары өздерінің күштерін, ептілік пен жылдамдықтарын көрсете білді. Балалар денсаулығы – ұлт денсаулығы шарасын қорытындылайтын кез жетті.
Уа, халқым назар аудар денсаулыққа!
Өмірде бақыттысың денің сауда.
Денсаулық терең бақыт деген сөзді,
Құр айтпаған ұлы Абай данамыз да.
Құрметті ұстаздар және оқушылар! Келгендеріңізге көп-көп рахмет, сау-саламат болыңыздар!