Фариза Оңғарсынова өлеңі
Келе жатам әрі мұңды, әрі асқақ - сезсең мені,
елемей еш пендені,
көлгірсіген шуылдақ жұрттың бәрін
қойдай көріп жайылған тепсеңдегі.
Қалған сәтте кездейсоқ ұшырасып
бозарып түсі қашып,
қипалақтап қалады бейшаралар,
менің адалдығымның пысы басып.
Ай жерге құлағандай
аузын жимай қарайды бәрі маған
(дей ме әлде "жарым" адам?!).
Өйткені олар ешқашан ғұмырында
шыншылдыққа, шындыққа жарымаған.
Сиректеу құбылысқа
көзі үйреніп көрмеген дарқан халық
үрпиісіп қарайды сәл таңданып.
... Тек өзіңнің алдында (сенің ғана!)
балаға ұқсап қаламын жаутаң қағып.