Мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол - нағыз ұстаз (Л. Н. Толстой)
... Өзіңді - өзің танысаң - істің басы, Түзеген өз ғаламын болған дана . (А. Ә. Машани)
Күн - тіршілік көзі, мұғалім – халық көзі. Күн болмаса тіршілікті, дүниеден қараңғылық басатыны секілді, мұғалім болмаса халық көрсоқыр, қара тобыр, һәм надан хайуани тіршілік кешері сөзсіз. Иә, мұғалім киелі мамандық. Патшалар, президенттер, академиктер, генералдар, дәрігерлер, өнерпаздар...- бәрі де мұғалімнен оқыған. Сондықтан да мұғалім мәртебесі, дәрежесі: биік, асқақ, ардақты, атақты.
Мұғалімдік қызмет адам жанына нәр беретін игілікті жұмыс. Мұғалімнің сөзі – жан азығы. Ол жаныңды өсіреді, жалындатады, қанаттандырады, өмірге қызықтырады, шаттыққа бөлейді, өмір жолын нұрландырады, рухани биікке көтереді. Осы мәртебелі мамандықтың иесі мұғалімнің бірі менмін. Сірә, маңдайыма жазылғаны осы болса керек. Олай дейтініміз – ғалым Платонның айтуы бойынша, Әлемнің жеті данагөйі Дельфадағы Аполлонның сарайында бас қосып, ортақ бір ғана тұжырымға тоқталыпты. Латын тілі үлгісінде әрқайсысы Өзіңді өзің таны (nosce te ipsup) деп жазып қалдырған екен. Біз, кез - келген нәрсені өзімізден, өзімізді танудан бастауымыз керек. Яғни, өзімізді өзіміз танымасақ, өзгені қалай танимыз?! Ақжан атамыздың Өзіңді өзің танысаң істің басы деген сөзінің мағынасы осында жатса керек. Менің әлемнің ең басты құндылығы – адам және адамның өмір сүруі үшін бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделген өзін - өзі тану пәнінен дәріс беріп жүргеніме көп уақыт өткен жоқ. Сол аз уақыттың ішінде осынау жауапты да күрделі міндет жүктелген Өзін - өзі тану пәнінің жас ұрпаққа рухани - адамгершілік тұрғысынан білім берудегі ұтымдылығына көз жеткіздім. Өзіммен өзім, тып - тыныш. Оңашада ішкі ойыңмен сырласу қандай ғанибет десеңші...
Шәкірт қабілеттерін жан - жақты дамытып, шығармашылығын, ізденімпаздығын, ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс. Бүгінгі заман мұғалімі қазіргі қоғамдық - әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан - жақты білімді жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген, оқушының жан - жақты дамуын ұйымдастыра алатын икемді тұлға болуы керек. Ол үшін мұғалім оқыту мен тәрбиенің тиімді жолдарын іздестіріп, өз ісінің қас шебері болуы міндетті.