Сабақ тақырыбы: М. Мағауиннің Бір атаның балалары хикаяты
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушылардың мәтінді толық оқып, меңгергендерін тексере отырып, хикаяттағы кейіпкерлер туралы өзіндік пікірлерін қалыптастыру, өзіндік ойлау, эстетикалық көзқарасы қалыптасқан оқырман дайындау.
Дамытушылық:Түрлі тәсілдер арқылы балалардың байқағыштық, тапқырлық, сөз астарын түсіну, өз ойын жазбаша да, ауызша да жүйелі айту қабілеттерін дамыту. Шығармашылыққа баулу. Әдеби шығарма идеясын тануға үйрету, сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік:Шығарма идеясы негізінде оқушыларды адамгершілікке, мейірімділікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Елжандылық пен ұлтжандылық сезімдерін тереңдету.
Сабақтың түрі:қорытынды сабақ
Тәсілдері: топтық жұмыс, проблемалық ситуация тудыру, дамыта оқыту элементтерін пайдалану, сұрақ - жауап, шығармашылық жұмыс, әдеби пікірталас.
Пәнаралық байланыс:тарих, әдебиет теориясы, музыка, қазақ тілі.
Көрнекілігі: кестелер, үлестірмелі карточкалар мен суреттер, мемлекеттік рәміздер.
Сабақтың барысы:Сабақтың мақсаты мен ерекшелігіне, тақырыбына тоқталып, түсіндірілгеннен соң, оқушылар топқа бөлінеді. Топтастырудың әр түрлі тәсілері бар. Мен бұл сабақта соғыс тақырыбына жазған қазақ ақын - жазушыларының аты - жөнін, шығармаларын жазбаша алу тәсілін қолдандым. Соның нәтижесінде бір жазушыны немесе бір шығарманы атаған оқушылар бір топқа топтастырылды.
1 тапсырма. Үй жұмысын қайталау.
а) Мәтінде кездескен қиын сөздердің анықтамасын тақтаға жазыңдар.
Гимнастерка - әскери сырт көйлек.
Протез – адамның жоқ мүшесінің орнына ыңғайлап жасалған жасанды мүше.
Лобогрейка – егін шабатын машина.
Айыл – ер тоқымды жылжымайтындай ұстап тұратын жалпақ қайыс тартпа.
ә) Зигфридтің Зекен болып қалыптасу себебі (толықтыр, пікір қос)
Зигфрид Вагнер деп айтуға тілі келмеген Ахмет шал оны қазақшалап Зекен деп атады. Бар баласын соғысқа аттандырып, қара қағаз алып, шаңырағым шайқалып, отым өшеді деп отырған Ахметтің Зекен үміт шырағын жақты. Өзіндегі бар мейірімін, ұлттық қасиетін осы Зекен бойына сіңіруге тырысты. Сондықтан Зекен бірден өзінің туған үйіне тап келгендей сезінді. Бөтенсімей, сіңіп кетті. Әке мен ананың ыстық құшағы, жұмсақ алақаны, махаббаты Зекенді қазақ ұлы етіп жіберді.
б) Зекен әке үмітін ақтай ала ма? (пікір айт)
Иә, Зекен Ахмет атаның туған ұлындай болып кетті. Себебі Зекен ақылды бала. Әкесі оны өгейсітпейді, жетімдік көрсетпеді. Сондықтан Зекен өсіп, өзінің кім екенін анық білгенде де Ахметұлы болып қала берді. Қарт әке - шешесін асырады.
Мұғалімнің қорытынды сөзі: Иә, адамгершілігі мол, мейірімді, жақсы адам болу үшін ешқандай шекараның, нәсілдің, ұлттың, білімнің қажеті жоқ. Жүрек жылуы болса жеткілікті екен. Негізгісі - атаның емес, адамның ұлы бола біл.
Жаңа сабақтың тақырыбы тақтаға жазылады. Әр топқа тапсырма беріледі.
а) Мәтіннен Дәуренбектің сөздерін белгілеңдер, мағынасын ашыңдар.
ә) Ахметтің сөздерін белгілеңдер.
б) Нартай мен Ертай өліміне кім кінәлі?
Оқушылардың жауабы тыңдалады, топтағы оқушылар жауап берген оқушыны толықтырып отырады. Дәуренбектің жауды аяған жаралы , сақалыңның ағында жаңсақ іске бастың деген сөздері айыпталады. Ахметтің Айналайын, үйге жүр. Апаң күтіп отыр. Жұрттың сөзін ұрғаның бар ма , Сыртқы түр - пенде, ішін айт ,- деген сөздерінен мәрттік, алған бетінен қайтпайтын қайсарлық, тамаша адамгершілік сезілетінін айтады. Нартай мен Ертайдың тағдырына асырап алған әке - шешесін кінәлағандар да болды, соңында бәрі Оған кінәлі - соғыс деген тоқтамға келді.
в) Жазбаша мінездеме беріңдер.
1. Дәуренбеке
2. Ахметке
3. Венн диаграммасы бойынша негізгі екі кейіпкерге салыстырма мінездеме беріңдер.
г) Екі топқа Соғыс , Бейбітшілік деп жазылған үлкен парақтар берілді. Күн сәулесі тәрізді сызықшалар тарата отырып, бұл екі сөз қандай ұғымдарды елестететіндерін жазу тапсырылды.
Оқушылардың жауабы: Бейбітшілік
Күлкі
Қуаныш
Той - думан
Бақыт
Білім
Тыныш ұйқы
Ашық аспан
Соғыс
Өлім
Жетімдер
Өртенген қала
Жылау - сықтау
Босқан халық
Мүгедектер
Қайғы
Үшінші топқа Мен соғысты айыптаймын атты ауызша ой - толғау айту тапсырылды.
Сабақтың қорытынды бөлімі: Бейбітшілік – халық арманы екенін, бауырмалдық қазақ халқының ұлттық ерекшелігі екенін еліміздің рәміздерінен көруге бола ма? деген сұрақ қойылады.
Әр топқа жеке рәміздер таратылып, қазақ халқының бейбітшілікті аңсаған арманының көрінісі рәміздер бойынан табылып, таратылып айтылды.
Сынып оқушылары сабақтан үйренгенін, түсінгенін қол ұстасып, бір - бірінің жүзіне қарап айту арқылы қорытты.
Сабақ соңы Ақ кептерлер әнімен аяқталды.