Мұқағали Мақатаев
Тал өсіп тұрушы еді ақ бастауда,
Ақ шымшық қонатұғын ақбас талға.
Аңырып, шуылдасып қалатынбыз,
Ақ тұйғын ақ шымшықты ап қашқанда.
Селк етіп, бір теңселіп, тал қалатын,
Шиқылдап сорлы шымшық зар қағатып.
Ұшып бара жатып - ақ, бір шоқып жеп,
Жыртқыштың тұяқтары қанданатын.
Біздер солай көріп ек тағылықты,
Темір торға, мінеки, жабылыпты.
Екі көзі қанталап, қағынып тұр.
Тағылықтың не деген жаны мықты!
Ет тастасаң бір кесек лақтырып,
Шоқымай - ақ жұтады бір - ақ қылғып.
Қанша әлсіздің мойныңда қаны бар деп,
Мен ішімнен жыртқыштан сұрап тұрмын.
Кішісі де, жыртқыштың, ірісі де,
Опа қылмас әлсізге бірісі де.
Ілуші едің іргеде балапанды,
О, кішкентай қанішер, тірісің бе?!
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 1
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 2