Қасым Аманжоловтың өлеңдері
ЖЕТПІС ПЕН ЖЕТІ
І
Жеті жасар баласын
Жетпісте шал жетектеп,
Келе жатыр көшеде,
Қайда әлгі мектеп деп
Жетпіс келед сүрініп,
Жеті келед жүгіріп.
ІІ
– Балам, балам, жақсы бол,
Міне сенің мектебің
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол, тентегім, –
Деп бір жетпіс күрсінді,
Жеті нені түсінді?
ІІІ
Келіп жетті мектепке,
Жамырады жас өмір
Келер заман шуындай
Сонда естілді бір дүбір.
Жетті кетті жүгіріп,
Жетпіс қалды үңіліп.
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қарау