Қазақша ет асу үшін жылқы еті немесе, қой еті, сиыр еті болса да, жуылып салқын су құйылған қазанға тұтас салынады және отты аздап басыңқырап қойып, бабымен қайнатады. Бір қайнаған соң көбігі алынып, одан әрі ауық - ауық араластырылып қойылады.
Ет қайнап жатқан кезде оған салынатын қамыр дайындалады. Ол үшін алдымен еленген ұн шұңғыл ыдысқа салынып, аздап су құйылады да шикі жұмыртқа жарылып, қамыр иленеді. Содан кейін дөңгелектеп күлше қалпына келтіреді де әлгі табақ 30 - 40 минут төңкеріліп қойылады. Сонда қамыр көтеріледі. Қамыр көтеріледі - ау деген кезде оқтаумен жұқалап (1 - 1, 5 мм) жазылып, 8х8 сантиметр мөлшерінде төртбұрыштап кесіледі.
Еттің пісуіне 30 минуттай қалғанда қабығы аршылып, жуылған картоп салынады. Картоп та, ет те піскеннен кейін бөлек ыдысқа түсіріліп алынады.
Сорпаның беті кесеге қалқып алынып, тұз сақиналап туралған пияз немесе көк жуа салынады. Бұрышталып, беті жайпақ шағын тарелкамен жабылып, бұқтырылады.
Сөйтіп, қазанның астындағы от күшейтіліп, сорпаға манағы дайындалған қамыр салынып пісіріледі. Қамыр қазанға түсісімен бірден қайнап кетуі тиіс. Сонан соң ғана отын басып қояды.
Нан піскен соң жайпақ табаққа түсіріп алынады да, үстіне ет салынып, дастарқанға әкелінеді. Ет дастарқан басында қиялай туралып, үстіне әлгі кесеге бұқтырылған тұздық қойылады. Картоп бітеу күйінде табақтың жиектеріне қойылады.
Сорпа шұңғыл табақпен әкелініп, ет желініп болған кезде, кесеге құйып беріледі.
Етті үйдің ең кішісі турайды да, үлкендерге сүйек тартылады. Сонда ет туралып біткенше олар сүйек мүжіп, сорпа іше береді. Қазіргі кезде қала жағдайында ет ас үйде туралып, дастарқанға дайын күйінде әкеледі. Ас дәмді болсын!