Ыдыстың ортасына жинала бастаған көбік тосаптың толық қайнағанының белгісі

Скачать

Тосап қайнатудың тәсілдері
Құлпынай тосабы
Қажетті заттар: құлпынай, шекер, су.
Дайындау әдісі:
Құлпынайды тазалап, жуыңыз. Тосап қайнататын ыдысқа салып, үстіне қант қосыңыз. Ескеретін жәйт құлпынай қанша килограмм болса, оған сонша килограмм қант қосу керек. Сөйтіп, салқын жерге бірнеше сағатқа қоя тұрыңыз. Суы шыққан соң, жәй отқа қойып қайнатыңыз. Араластырып тұруды да ұмытпағайсыз. Тосап қайнаған кезде астын өшіріп, 8 сағатқа салқын жерге қою керек. 8 сағаттан соң тағы да жәй отқа қойып қайнатыңыз. Дайын болған соң, отты өшіріп, тосап суығанша күтіңіз. Суыған тосапты банкіге құйып, жауып тастаңыз.

Тіл үйірер таңқурай
Қажетті заттар: таңқурай, су, шекер.
Дайындау әдісі:
Таңқурайды тазалап, жуып алыңыз. Сыйымдылығы үлкен ыдысқа салып, үстіне қант себіңіз (1 кг таңқурайға 1 кг қант есебімен). Сөйтіп 4 - 5 сағатқа салқын жерге қоя тұрыңыз. Осы аралықта пайда болған шырынды тосап қайнататын ыдысқа құйып жәй отта шамамен 10 минуттай қайнату керек. Дайын болған шәрбатқа таңқурайдың жидектерін қосып 5 - 10 минуттай қайнатыңыз. Бетінде пайда болған көбікті алып тастауды ұмытпағайсыз. Содан соң отты өшіріп, суығанша күтіңіз.
Суыған таңқурай тосабын банкілерге құйып, жауып тастаңыз. Жапқан таңқурайыңыз түсі мен хош иісін сақтап қалатынына күмәніңіз болмасын. Десек те, бұл тосапты тоңазытқышта сақтаған жөн.

Шие тосабы
Қажетті заттар: шие, 1 2 қант, су
Дайындау әдісі:
Шиенің бірнеше жерінен инемен тесіп алыңыз. Дайын шиені ыдысқа салыңыз да үстіне қантты шәрбат құйыңыз. Шие мен шәрбатты 3 - 4 сағатқа салқын жерге қоя тұрыңыз. Содан соң 7 - 10 минуттай қайнатыңыз. Кейін шиені шәрбаттан бөліп алу керек. Бөлінген шәрбатты тағы да 5 минуттай қайнатыңыз. Қайнап жатқан шәрбатқа шиені қайтадан қосыңыз да үстіне 200 грамм қант себіңіз. 2 - 3 минуттан кейін отты өшіріп тосапты суытыңыз. Суыған соң банкіге құйып, бетін қақпақпен жауып тастаңыз.

Тосап қайнатудың 10 құпиясы
Құлпынай, қарақат, таңқурай, шиеден жасалған тосаптарды жақсы көрмейтін жан кемде кем шығар. Әсіресе тосаптың бұл түрлерін қыста тұмау тигенде шайға қосып ішудің пайдасы көп. Сондықтан да болар жаз басталысымен нәзікжандылар қыстың қамына қамданып тосап пісіруге білек сыбана кірісіп кетеді. Алайда, кей кездері тосаптың дәмі мен түсі өзгеріп ханымдардың көңілінен шықпай жатады. Ендеше, тосабыңыздың дәмі өзгермей, түсі мен хош иісі сақталсын десеңіз төмендегі кеңестерімізді оқи отырыңыз.

1. Ыдысқа назар аударыңыз
Алюминий, болат ыдыстарға қарағанда жезді ыдыста қайнаған тосаптың түсі, дәмі, исі сақталады. Айтпақшы эмальды ыдыстарға жоламауға кеңес береміз. Ескеретін тағы да бір жәйт, ыдыс неғұрлым үлкен болғаны ләзім.

2. Жеміс - жидектерді таңдай біліңіз
Бақшада жеміс - жидектер өсіп тұрса жақсы. Оларды тосап қайнатар алдында теріп алуға болады. Ал, бақшасы жоқтар жемістерді базардан сатып алуға мәжбүр. Осы ретте ескеретін жәйт жемістердің жергілікті болғаны жөн. Мұндай жемістер шетел асып келгендерден әлдеқайда жақсы. Тосап қайнатуға толық піспеген жемістер керек (шие мен өріктен басқасы). Назар аударатын тағы бір нәрсе, жеміс езілмеген, дақ түспеген болуы шарт.

3. Шәрбаттың маңызы зор
Дәмді, хош иісті, мөп - мөлдір түсті тосап қайнату үшін қантты шәрбатты дұрыс дайындай білу керек. Шәрбат дайындау үшін: 1 кг қантты тосап қайнататын ыдысқа салып, үстіне 2 1 стакан таза су құйып қайнатыңыз. Ескеретін жәйт – қайнап жатқан шәрбатты үзбей араластырып тұру керек. Қайнатпаңыз қоймалжың түрге айналса шәрбаттың дайын болғаны.

4. Жемісті қайнатуға дайындау
Жемісті абайлап тазалаңыз. Одан соң ағынды суда бірнеше рет жақсылап жуып алыңыз. Суы сарқылған соң, жемісті тосап қайнататын ыдысқа салыңыз да үстіне 1 кг қант сеуіп, бірнеше сағатқа қараңғы жерге қоя тұрыңыз. Содан соң, ыдысты жәй отқа қойып қайнатыңыз. Тосап қайнай бастағанда отты өшіріп тастаңыз. Бірнеше сағаттан соң алдын - ала дайындап алған қантты шәрбатты тосапқа қосып, жәй отта тағы бір рет қайнатыңыз.

5. Көбігін алуды ұмытпағайсыз!
Қайнаған тосаптың бетіне міндетті түрде көбік шығатыны белгілі. Уақытында алынбаған көбік тосаптың түсінің өзгеруіне ғана емес ашып кетуіне де себеп болады. Десек те, көбікті тосап қайнай сала алуға болмайды. Тосап жәй отта 15 - 20 минуттай қайнауы керек. Дайын болардың алдында ғана отты күшейтіп, тосапты бір бұрқ еткізіп алыңыз. Міне, сол кезде шыққан көбікті абайлап сүзгімен алып тастағаныңыз жөн.

6. Көңіл бөлетін 3 жәйт
Тосапты қайнатқанда мұқият болған жөн. Себебі, толық қайнатылмаған тосап ашып кетсе, қатты қайнағанының түсі мен иісі өзгереді. Тосаптың дайын екенін 3 белгіден білуге болады. Біріншісі – көбікке қарап білуге болады. Ыдыстың ортасына жинала бастаған көбік тосаптың толық қайнағанының белгісі. Екіншіден – дайын болған тосаптың жемістері ыдыстың бетіне қалқып шықпайды. Барлығы біркелкі шәрбаттың ішінде болады. Үшіншіден – дайын болған шәрбаттың бір тамшысы ыдыстың ішінде жайылмай, өз қалпын сақтап қалады.

7. Банкіні дайындаңыз
Банкі жабу ісінде бұл ең маңыздысы. Әйтпесе, еңбегің еш кетіп, дайындаған тосап ашып кетуі мүмкін. Сол себепті де, банкі жарық, сынық болмауы ләзім. Оны жақсылап жуып, булауды да ұмытпағайсыз.

8. Қалай жабу керек?
Тосап әбден суымайынша банкіні жабуға болмайды. Өйткені қақпақтың асты буланып, сулана бастайды. Су тосапқа тамшылап, ашуына себеп болады.

9. Ескеретін жәйттер көп…
Тосап қайнатарда, ескеретін қарапайым қағидалар бар. Біріншіден, тосап қайнатуға кермек суды пайдалануға болмайды. Екіншіден, барлық ыдыс - аяқтарды (тосап қайнататын ыдыс, сүзгі, темір қақпақ, банкі, ожау, қасық) тазалап залалсыздандыру керек.

10. Қулыққа көшуге болады
Қайнап жатқан тосапқа кішкене лимон қышқылын қосып жіберсеңіз, тосаптың қанты шықпайтын болады. Ал егер тосап қанттанып кетсе, әр литрге 3 ас қасық есебімен су құйыңыз да араластырып отырып бір қайнатып алуға болады.

Айтпақшы…
Кейде банкілердің қақпақшасы көтеріліп немесе атылып кететіні бар. Ондай тосаптарды кейбір арулар қайта қайнатып, жеуге жарамды етіп жатады. Алайда бұл дұрыс емес. Уланып қалмас үшін мұндай тосапты тастаған жөн.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Дереккөзі: otyrar


Скачать


zharar.kz