Қадір Мырза Әли өлеңдері
ТУҒАН ЖЕР - АЙ, КҮНІМ ДЕ, ДІНІМ ДЕ СЕН
Туған жер - ай, күнім де сен, дінім де сен,
Тағдыр сендей сүйсе, сүрінбес ем.
Керегі жоқ басқа атақ,
Басқа абырой,
Жетіп жатыр тек өзің ұлым десең!
****
АУЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ КҮН
Туған жерде бақыт деген бар құсың.
Туған жерсіз – бейшарасың,
Жарлысың.
Аңсаудайын аңсап келдім алыстан.
Ауыл - ана, аманбысың,
Армысың?!
****
ҰЛЫ МАХАББАТ
Сусын қылар үмітін шөлдегенде
Осы жерге перзентсің сен де,
Мен де!
Барлығын да сүйемін,
Сөйте тұра
Махаббатым ерекше ел дегенде!
О дүниеге жер аудар!
Көшір мейлі!
Көшір мейлі!
Өмірден өшір мейлі!
Кешіремін,
Әйтсе де елім жайлы
Жаман айтқан сөзіңді кешірмеймін!
****
ТУҒАН ЖЕРДІҢ АУАСЫ
Туған жердің ауасын
Сағынамын мен тегі.
Үлкен түгіл, баласын,
Момын түгіл, тентегін.
Қайың түгіл, қаңбағын,
Қырат түгіл, обасын;
Шалғын түгіл, шаңдағын,
Құрақ түгіл, қоғасын;
Белес түгіл, елесін
Самал түгіл, дауылын;
Түсіме көп енесің,
Айналайын ауылым!