Мұсылмандық бойынша жұбайлардың интим өмірі
Дені сау, текті, рухты ұрпақ өсіру үшін де о баста ескеретін жайттар бар. Ол жыныстық қатынастың әдептері мен шарттары. Ислам діні күллі адамзатқа түскендіктен мұнда адамға қатысты еш нәрсе назардан тыс қалмаған. Тіпті төсек қатынасының әдептері де ескерілген. Мұсылман болған соң мұны да білуіміз біз үшін міндет. Мұны жоғарыдағы мысалдан көргеніміздей, бабаларымыз білген. Өкінішке қарай, біздің көбіміз мұны ұмыттық. Бәлкім, қанымыздан тектіліктің кеміп бара жатқаны осыдан да шығар.
Ендеше, жыныстық қатынасқа түсудің әдептерін назарларыңызға ұсынайық:
— Ерлі - зайыпты екеу жыныстық қатынасқа түспестен бұрын дәрет алғаны абзал. Себебі дәреті бардың бойынан шайтан аулақ болады. Оның үстіне дәретпен болған жыныстық қатынас келешек ұрпақтың да тегіне, рухына әсер етеді. Бүгінде дәрет тұрмақ, ішімдікке сылқия тойып алып жақындасып жататындар да бар. Бұл баланы жатырға жетпей улау болып есептеледі.
— Бисмилләмен бастап, жыныстық қатынасқа түсерде айтылатын дұғаны оқу. Ол дұға былай: Бисмилләһи! Аллаһумма жәннибнәш шәйтаанәә уә жәннибнәш шәйтаанә мәә разәқтәнәә . Мағынасы: Алланың атымен бастаймын! Аллаһым, бізді шайтаннан және шайтанды бізге нәсіп ететін ұрпағымыздан алыстат! .
— Бүркену. Яғни көрпенің астында болу.
— Жыныстық қатынаста Құбылаға қарсы болмау. Яғни бас құбылаға қарап жатуы тиіс.
— Жыныстық қатынасқа түспестен бұрын әйелімен жұмсақ қарым - қатынаста болып, жылы сөздер сөйлеу. Себебі Пайғамбарымыз хайуан секілді болмауымызды ескертеді.
— Жыныстық қатынасқа түскеннен кейін әйел де, еркек те толықтай жуынып, ғұсыл құйынуы тиіс.
Бұл — жыныстық қатынастың әдептері. Бұл мәселеде тыйымдар да бар. Енді соған тоқталсақ:
— Әйелдің етеккірі кезінде және балалы болған соң қырық күн келетін қаннан арылмайынша жақындаспау. Құран Кәрімде Алла Тағала: Ей, Мұхаммед, сенен етеккір туралы сұрайды. Оларға: Етеккір зиянды. Ол мезгілде әйелдеріңнен аулақ болыңдар. Етеккірден арылғанға дейін жақындамаңдар. Пәк болған кезде Алла өздеріңе бұйырған жерінен жақындаңдар , – де. Ақиқатында Алла тәубе етушілерді ұнатады әрі арамнан, нәжістен пәк адамдарды жақсы көреді , (Бақара сүресі, 222 - аят) – дейді.
— Артқы жолдан жақындаспау. Себебі Құранда Алла Тағала: Өздеріңе бұйырған жерінен жақындаңдар , – дейді. Пайғамбарымыз: Әйеліне артқы жолдан жақындағанға Алланың лағнеті жауады , – дейді.
— Әйелімен жыныстық қатынаста болған жағдайларды, араларындағы сырды өзгеге айтпау, жаймау. Бұл да – харам. Алла Елшісі: Ақиқатында, Қиямет күні Алланың алдында аманатқа жасалған ең үлкен қиянаттың бірі — ерлі - зайыптының жыныстық қатынасқа түскеннен кейін араларындағы сырды басқа біреулерге жаюлары , – дейді.
Кейбір әдеп кітаптарында жыныстық қатынасқа түсу уақыттары да жазылған. Яғни ғалымдардың кеңес ететін күндері: дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма түндері және түске дейінгі уақыт.
Ал кеңес етпейтін уақыттар:
Жексенбі және сәрсенбі күнінің түндері.
— Мұсылманша күнтізбе бойынша айдың бірінші, он бесінші және соңғы түндері.
— Рамазан және Құрбан айт мерекелерінің түндерінде.
— Барат түні.
— Жолға шығардың алдындағы түнде.
— Күндіз түстен кейін.
Әрине, жыныстық қатынасқа түсу уақыттары бұл міндетті емес, тек адам бұл кеңестерден зиян көрмейді, керісінше, пайдасы болмаса. Бұл жерде көп сұралатын бір сұраққа тоқталып өтсек, қандай да бір күннің түні деген — ол сол күннің алдыңғы түні. Мәселен, жұма түні десе, бейсенбіден жұмаға қараған түн деген сөз.
Міне, жоғарыдағы тыйымдардан басқаға Ислам діні рұқсат береді. Қалай жақындасса да ерлі - зайыптылардың өз еркі. Себебі Құран Кәрімде: Әйелдер сендердің егіндіктерің (ұрық себетін орын). Егіндіктеріңе қалағандарыңша келіңдер , – дейді (Бақара сүресі, 223 - аят).
Ihsan. kz