Инерцияның зиянды жақтары

Скачать

Сыныбы: 7
Сабақтың тақырыбы: Инерция
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік: Инерция құбылысының физикалық мағынасын ашу, инерцияның тұрмыстағы және техникадағы көріністерімен танысу.
2. Дамытушылық: Тақырыпқа байланысты жаттығулар арқылы оқушының ой - өрісін белсенділігін дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру.
3. Тәрбиелік: Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру, шешендікке баулу, ұжымдық жұмыс істеуге тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: буклеттер: Физиканың даму тарихы , Инерцияның маңызы , үлестірме қағаздар, Орныңды тап! , Сен қандайсың? ойындары, приборлар: арбаша, көлбеу жазықтық, құм, қалың мата, шыны.
Сабақтың әдісі: Дәстүрлі емес сабақ.
Сабақтың түрі: Дебат - пікірсайыс сабағы.

Сабақтың жүру барысы:
I. Ұйымдастыру бөлімі. Оқушылардың, сынып бөлмесінің сабаққа әзірлігі тексеріледі.
II. Өткен тақырыптарды пысықтау. Өткен тақырып жалпы түрде тексеріледі. Тақтадағы бірқалыпты емес қозғалыс мысалдарына берілген суреттер бойынша сабақ тексеріледі. Орныңды тап! (формула құру), Сен қандайсың? (заттың күйі) ойындары ойналады.
III. Жаңа сабаққа кіріспе. Жаңа сабаққа кірісер алдында бірнеше мысалдар келтіруден бастаймыз. Инерцияның қозғалыстағы, тұрмыстағы, техникадағы маңызы айтылады. Жаңа сабақты түсіндіру үшін сыныптан алдын ала дайындалған 6 оқушы шығады.
I - топ жақтаушы. Алғыр тобы .
II - топ даттаушы. Жасұлан тобы.
Сыныптан бір оқушы дебатты жүргізуші, екінші оқушы уақытты есептеуші - таймкипер болады. Сыныптың қалған оқушылары сайыс соңында өз дауыстарын берді. Ол үшін оқушыларға қызыл, жасыл дөңгелектер таратылады.
Пікірсайыстың қалай өтетіні түсіндіріледі.

IV. Жаңа сабақ.
Тақтаға пікірсайыстың тақырыбы ілінеді. Бастаушы ең алдымен сөзді жақтаушы топқа береді. Олар өз дәйектемелерін алға тартады.
Инерция (лат. іnertia - әрекетсіздік) инерттілік - механикада механиканың 1 - ші және 2 - ші заңдары бойынша бейнеленетін материялық дененің қасиеттері. Сыртқы әсерлер бір - бірімен теңгерілсе немесе басқа денелер әсер етпегенде, материялық денелер қозғалыстағы немесе тыныштықтағы күйін сақтайды. Осы заңдылық (Ньютонның 1 - ші заңы немесе инерция заңы) орындалатын санақ жүйесі деп аталады. Демек, бірін - бірі теңгермейтін күштер түскенде инерция салдарынан дененің қозғалыстағы немесе тыныштықтағы күйі, яғни оның жылдамдығы кенеттен өзгермей, біртіндеп өзгереді. Дененің инерттілігі неғұрлым көп болса, оның жылдамдығы да баяу өзгереді. Дене инерттілігінің сандық өлшеуіші ретінде масса алынады. Инерция термині әртүрлі приборларға байланысты да пайдаланылады. Мысалы, өлшеуіш приборлардың өлшенетін шаманы біраз кешігіп көрсетуі, оның инерттілігі деп аталады. Оны Италияның оқымыстысы Галилео Галилей зерттеді, ал 1678 жылы Исаак Ньютон оны толықтырды.

Бастаушы енді даттаушы топқа сөз береді. Олар инерция құбылысына тоқтала отырып, оның жаман зиянды жақтарын айтады.
Кез келген дене сырттан әсер болмағанда өзінің Жермен салыстырғанда тыныштық күйін немесе бірқалыпты түзу сызықты қозғалысын сақтайды (тәжірибе көрсетіледі). Көлбеу беттен арбашаны әуелі құм төселген жолға, тегіс жылтыр шыны жолға түсірейік. Бұл жолдардың әрқайсысында арбаша түрліше қозғалады. Бұл инерция құбылысына байланысты. (Инерция құбылысының анықтамасы айтылады).
Енді сөз жақтаушы топқа беріледі. Арасында екі топ бір - біріне тосылдыратын сұрақтар қойып отырады.

Инерцияның пайдалы жақтары:
● Кілем тазалағанда инерцияның пайдасы көп. Кілемді таяқпен ұрғанда, кілем орнынан қозғалады, ал шаң сол орнында инерцияның әсерінен қалып қояды.
● Велосипедшілер жарысында велосипедшілер үнемі педальды баса бермейді, оқтын - оқтын аяқтарын дамылдатады, бірақ велосипед тоқтамайды. Осылай таулы жолдарда машиналар жанармай үнемдейді.
● Балға саптағанда балғаны үстелге ұрғанда, балға инерция әсерінен сапқа енеді т. б.
Жақтаушы жақтың қорытынды сөздері.
Егер инерцияның істеген істеріне дұрыс, әділ көзбен қарасақ, оның кемшілігінен пайдалы істері көп. Жақсы шофер инерцияның көмегімен бензин үнемдейді. Ал егер жаяу адам ұшқалақ, жол ережесін білмейтін болса, онда машина тежегенде тез тоқтай алмайды да, оны қағып кетеді. Бұған жаяу адам кінәлі. Сүрініп құлаған адам да өзін кіналауы керек. Егер инерция болмаса, барлық планеталар орбитасынан шығып кетер еді, Ай Жерге, Жер Күнге құлап түсер еді.

Инерцияның зиянды жақтары:
● Бір адам көшеден өтіп бара жатыр еді, бұрылыстан шыға келген машина оны қағып кетті. Машина инерцияның кесірінен тоқтай алмады.
● Теледидарда велосипедшілер жарысын көрсеткенде, бір велосипедші құлап еді, қалғандары инерцияның әсерінен тоқтай алмай үстіне құлады.
● Автобус тежегішін басқанда, адамдар инерцияның кесірінен алға қозғалып, бір - біріне соқтығысты.
● Мамам маған тамақ әзірле деді. Мен кеспені жайпақ ыдыспен әкеліп үстелге қойып едім, кеспе төгіліп, дастарханды бүлдірді. Мамам маған ұрысты. Бірақ мен емес, кінәлі инерция.
● Менің әжем тайғақ жолда құлап, сол инерцияның кесірінен аяғын сындырып алды. т. б.

Даттаушы жақтың қорытынды сөзі:
Біз мұнда не үшін жиналдық? Инерцияның қылмысы көрініп тұр емес пе? Инерцияны жақтағысы келгендер табылып жатыр. Бұл инерция бізге не істемеді? Кім сүрініп құламады? Қанша апаттар болды, қанша машина істен шықты. Бұны жақтау дұрыс емес. Қанша адам жарақат алды.
Бастаушы сыныптың қалған оқушыларына сұрақ қойғызады.
- Биіктіктен секіріп түскен кезде адам неге тізесін сәл бүгіңкірейді?
- Көлік оңға немесе солға бұрылғанда ондағы жолаушы қалай қарай қисаяды? Неліктен?
- Не себепті желдеткіш ажыратылған соң, біразға дейін айналып тұрады?
- Аты сүрінсе, шауып келе жатқан салт аттыда қандай жағдай болады?
- Жаңбырлы күні даладан келіп, киімді шұғыл сіліккенде одан жаңбыр тамшылары ұшып түседі? Неліктен?
- Ордан жүгіріп барып секіру неге жеңіл?
- Қуып жүріп ұстау ойынын ойнағанда біресе оңға, біресе солға бұрылғанда неге ұстап алу қиынға түседі?

V. Қорытынды.
Оқушылардың салған суреті бойынша түсініктерін байқаймыз.
1. Көлбеу жазықтықтан сырғанаған арбаша қозғалысы.
2. Таудан шанамен сырғанаған бала.
3. Машинаның жолын кесіп өтуге тырысқан бала.
4. Машина жүретін жолда жүгірген адам.
5. Ағаш арасымен таудан жүгіріп түскен бала.
6. Кілт тоқтаған немесе орнынан кілт қозғалған вагондағы жолаушы.
7. Космос корабльі немесе космонавт.
Осыдан кейін әр топқа дауыс беріліп, жеңімпаз топ анықталады. Белсенді қатынасқан оқушылар бағаланады. Бастаушы мен мұғалім қорытынды сөз айтады.
Инерцияның пайдалы жақтарын ескеріп, оны қолдануды кеңейту керек, ал зиянды жақтарымен күресу жолдарын іздестіру керек, сондықтан физика заңдарын терең оқып үйреніп, оны адамзат үшін кеңінен пайдалану керек.

VI. Үйге тапсырма.
Сабақ қорытындыланады. Қатысқан оқушылар бағаланады.


Скачать


zharar.kz