Өне бойын күш кернеген, тепсе темір үзетін жас жігіт

Скачать


Автопортрет
Біздің көз алдымызда бір егде тартқан кісінің дидары тұр. Оның көруші жүзіне үңілген байсалды жанарында әлде бір тұңғиық мұң бар. Шытыныңқы қабағында шытырман ойлар таңбасы жатқандай, бірақ біз оның шабытты, тәуекелге берік, сабырлы жан екенін қапысыз танып тұрғандаймыз.
Бұл – Рембрандтың автопортреті, немесе суретшінің өзін бейнелеген шығармасы. Ол айнаға қарап, өзінің бет-әлпетін әбден қадағалай зерттеп отырып кескіндеген.

Суретшілер адамдардың портретін салады. Сонда олар қандай мақсат көздейді? Белгілі бір жандардың дидары кейінгі ұрпақтың көз алдында тұрсын дей ме екен? Жоқ, тек ол ғана емес. Портретте суретші адамның жан дүниесін, оның мінезін, ой-сезімін жарқырата ашып беруді мұрат етеді.

Кейде біреу кенет ойға шомса, не күліп жіберсе, біз оның бет-әлпетінен бұрын соңды байқала қоймаған жаңа бір сипат көргендей боламыз ғой. Суретші де өзі бейнелеп отырған адамның жан-дүниесін жете тану үшін осындай тосын сәттерді аңдиды. Кенеп бетіне өзі реттеп отырған кескіннің әлгіндей ең басты, ең маңызды деген сипаттарын ғана түсіреді. Сондықтан да портрет өзі кескіндеп отырған адамның сыртқы ұқсастығын дәл жеткізумен шектелмейді. 17 ғасырда өмір сүрген ұлы голланд суретшісі Рембрандт ван Рейн көптеген автопортреттер тудырған. Оларға қарап отырып, суретшінің күллі өмір жолына, ойлары мен бастан кешкен сан алуан көңіл-күйіне әбден қаныққандай боласыз.

Міне, ол өзінің жап жас жары Саскияның қасында. Өне бойын күш кернеген, тепсе темір үзетін жас жігіт. Оған өмірдің өзі бар мейірін аяусыз төгіп тұрғандай: сүйікті жар, сүйкімді балалар, ел танитын атақ-даңқ – бәрі бір басында. Сондықтан ол бұл автопортретте ешқандай уайым-мүңсыз, жадырай күлімдеп, жайбарақат тұр.
Бірақ жылдар өтіп, егде тартқан сайын Рембрандтың бет-әлпеті сан қилы құбылады: бірде ол өзіне-өзі нық сенетін байсалды қалып танытса, екінші бір жолы әбден қажыған қаяу кейіп байқатады, ал үшінші автопортретте әлденені, әлдекімді кекете күлімдейді.

Рембрандт өзінің қартайған кезін талай рет бейнелеген. Ол тұстағы шығармаларынан бастан кешірген қайғы-азаптарының лебі еседі.

Суретшілердің өз портреттерін салмағаны жоқ деуге болады.
Әйгілі Помпейдің ақырғы күні картинасының авторы Карл Брюллов өзін айықпас ауруға шалдыққан кезінде бейнелеген. Әбден сүлдері құрып, шалқақ сәкіге шалқалай құлаған; қолдарынан да әл кеткен былқ-сылқ; картинаның нарт қызыл фонында әлсіз кісінің құп-қу солғын өңі бозарады. Бұл шығармаға қарап отырып, көз алдыңызға адамның әбден можаған ауру адам екенін айтпай-ақ білесіз.


Скачать


zharar.kz