7 - сынып
Сабақтың тақырыбы: Есімшенің түрленуі
Сабақтың білімділік мақсаты: Есімшенің тәуелдену, жіктелу, көптелу, септелу жолдарын түсіндіру.
Білім, білік дағдыларын жетілдіру.
Сабақтың дамытушылық мақсаты: Оқушылардың ойларын дамыта түсу, салыстыра отырып
ерекшеліктерін анықтауға төселдіру. Тіл байлығын арттыру.
Сабақтың тәрбиелік мақсаты: Тазалыққа, ұқыптылыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.
Адамгершілік қасиеттерге баулу.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдіс - тәсілдері: Түсіндіру, қызығушылықты ояту, ой тастау, сұрақ - жауап.
Сабақтың көрнекілігі: Слайд, сөзжұмбақ.
Пәнаралық байланыс: Әдебиет
Сабақтың барысы: I. Ұйымдастыру.
Оқушылармен амандасу, олардың сабаққа қатысын, дайындығын тексеру,
үй жұмысын сұрау.(161, 163 - жаттығулар)
II. Жаңа сабақ.
1. Қызығушылықты ояту. Шаттық шеңберін құру.
- Оқушылар жаңа ғана өздерің білдірген тілектердің ішінде өлшенбейтін жақсылық, сөнбес достық, күлімдеген күн, жадыраған ауа райы, төгер тілегім мол, айтпақ тілегім шексіз деген керемет құлаққа жағымды жаныңа жылы тиетін тілектерді естідім. Енді осы тілектердің мазмұнына назар аударсақ түбір сөздерге жалғанған есімше жұрнақтарын байқаймыз.
- Есімше қандай жұрнақтар арқылы жасалатын еді?
№ Есімше мына жұрнақтар арқылы жасалады:
1) - ған,- ген,- қан,- кен;
мысал: ал - ған, көр - ген, айт - қан, кет - кен
2) - ар,- ер,- р және етістіктің болымсыз тұлғасынан кейін – с;
мысал: бар - ар, кел - ер, оқы - р, айтпа - с, көрме - с
3) - атын,- етін,- йтын,- йтін;
мысал: айт - атын, кел - етін, тыңда - йтын, сөйле - йтін
4) - мақ,- мек,- бақ,- бек,- пақ,- пек.
мысал: бар - мақ, кел - мек, жаз - бақ, без - бек, шаш - пақ, төк - пек
- Иә, есімше сөйлемде екі түрлі мәнде, екі түрлі қызметте жұмсалатын етістіктің ерекше түрі. Ол бірде жіктеліп, етістік қызметін атқарса, енді бірде есімдерше түрленіп, яғни септеліп, көптеліп, тәуелденіп есім қызметін атқарады. Есімше, яғни есімдер сияқты деп аталуының өзі осы қасиетіне байланысты. Тақтадағы мысалдарға назар аударайық:
1. Ұлт әдебиетін Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты алыптардың орнықтырғаны белгілі.(тәуелденіп тұр)
2. Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр баралық! (септеліп тұр)
3. Шиқанымды езгендей шықты жаным,
Айтқанда естігендер ұғып келіп. (септеліп, көптеліп тұр)
4. Қойың қыстан әбден титықтады, малыңнан айрыларсың деді.(жіктеліп тұр)
2. Оқулықпен жұмыс (тақтаға орындайды)
167 – жаттығу. Қарамен жазылған есімшелерді тұлғасына қарай талдау
(сатылай кешенді талдау)
3. Ойлан, тап! айдары
(Әдебиет сабағында өткен тақырыптар бойынша сөйлем беріледі, сол сөйлемнің ішінен есімшені табу және оны түрлендіру)
а) Бұл қаланың бір жақсы жері – қазақтың оқыған балаларын сыйлайды. Балалары үлкендерін сыйлайтын болғаны ғой (септе)
Ж. Аймауытов Әнші әңгімесі
ә) – Барарсың, азырақ ән салып кет...(жікте)
Ж. Аймауытов Әнші әңгімесі
б) Көңілі бос кәрінің,
көкейлерің ұғынар.
Көтермей жан жалынын,
Көзден жасы құйылар.(жікте)
Ж. Жабаев Алғадай туралы әрбір ой
в) Жаудың саусағы және бір қимыл етіп қалса, мылтық тағы да атылмақ. (жікте)
С. Сейфуллин Бандыны қуған Хамит
г) Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды. Отырғандар аузын ашып аңырды, әнші жіберді.(септе)
Ж. Аймауытов Әнші әңгімесі
ғ) Арғынмын, атым Әсет, арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған?
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлмын, даусы көкте дамылдаған. (тәуелде)
І. Жансүгіров Әнші өлеңі
4. Шығармашылық жұмыс.
III. Бекіту. Жедел жауап Есімшені етістікке айналдыру
Орылған егін - Егін орылды
Көрер көз - Көз көрді
Істейтін жұмыс - Жұмыс істелді
Тыңдалған әңгіме - Әңгіме тыңдалды
Шырқалған ән - Ән шырқалды
Ұшқан құс - Құс ұшты
Басар тау - Тау басылды
Піскен ас - Ас пісті
IV. Қорытынды.
Сөзжұмбақ шешу
1. Оқушыға күнде еріп жүретін не? (күнделік)
2. Шәкіртке жанашыр,
Мейірман кім жаны асыл?(ұстаз)
3. Көктем айы(сәуір)
4. Жылт - жылт етеді,
Жырадан өтеді(су)
5. Оттан да ыстық не?(Отан)
6. Аз сөз - алтын,
көп сөз...(көмір)
7. Жыл мезгілі(көктем)
Қорыта келе, есімшенің бірде жіктеліп келіп етістік қызметін атқарса, енді бірде септеліп, көптеліп, тәуелденіп келіп есім қызметін атқаратынын түсіндік. Есімшенің есімше, яғни есімдер сияқты деп аталуының өзі осы қасиетіне байланысты екен.
Сабаққа жақсы қатысқан оқушылар бағаланады.
V. Үйге тапсырма: Есімшелі 5 мақал - мәтел жазып, оның түрлену жолын түсіндіру