Қазіргі уақытта мектеп реформасына көптеген бір жақты өзгерістер енгізіліп, мектеп ісінің ішкі - сыртқы жүйесі түгелімен өзгеріп келе жатқаны белгілі

Скачать

12 жылдық білім беру жағдайында жаңа тұрпатты бастауыш мектеп мұғалімін дайындау мәселелері

Жас ұрпаққа сапалы білім мен ұлғатты тәрбие беру, өміріне жолдама алуына барлық жағдай жасау үшін білім беру ісін әлеуметтендірудің маңызы зор. Қазіргі уақытта мектеп реформасына көптеген бір жақты өзгерістер енгізіліп, мектеп ісінің ішкі – сыртқы жүйесі түгелімен өзгеріп келе жатқаны белгілі.
Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жағдайында жас ұрпаққа білім беру ісінде оның жеке даралық ерекшеліктеріне мейлінше мән бере отырып, оқушылардың мектепте алған білімдері олардың бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп білім беру, оны өмірге дайындау, мамандық таңдауға бағыттау мәселесі бүгінгі жаңа қоғамның білім саласындағы кезек күттірмейтін ауқымды мәселелер қатарында тұр.

12 жылдық білім беруге көшу:
1. Қазақстандық білім жүйесін реформалауды;
2. Шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа ұлттық үлгіні жасауды;
3. Жалпыға арналған біліммен білім әркімге өмір бойы үлгісіне саналы түрде көшуді;
4. Әлемдік білім кеңістігіне жедел енуді қамтамасыз етеді.
Бүгінгі күн талабының мектеп реформасына 12 жылдық білім беруге көшу мәселелерінің ерекшелігі сол – 12 жылдық білім беру орталығы ғалымдарының зерттеулері бойынша жаңа қоғамдық формациядағы мектеп пен мұғалімдер алдында тұрған негізгі мәселелер. Баланы оқуға қалай үйретеміз? , Ойлауға қалай үйрету керек? деген сұрақтарға жауап табатындай білім нәрін беруге бағытталып отыр.

Жаңа мазмұндағы білім жүйесін мектеп өміріне енгізуде мұғалім педагогикалық, психологиялық, философиялық, физиологиялық және т.б. ғылым салаларының тиімді зерттеу нәтижелері мен әлемдік озық тәжірибелердің алдыңғы қатарлы идеяларын басшылыққа алады. Жаңа кезеңдегі мұғалімнің шығармашылық іс - әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жаңа ізденістерден, оқушымен, ата – анамен тығыз ынтымақтастықтан тұрады.
Жеке тұлға қабілеттеріне бағытталған оқыту процесі әр педагогтің өзіне, өз ісіне және өзгеге деген жауапкершілігі артып, оқушымен қарым – қатынасын берік сенімге негіздегенде ғана игі нәтижесін байқатуы мүмкін.
А.К.Марковтың пікірі бойынша мұғалімнің кәсіптік зерттеушілік позициясы өз кәсібін шығармашылық деңгейде жетік меңгерген кезде ғана айқындала түседі.

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу тұсында мұғалімнің кәсіптік жетілуі мен дамуы тұрғысында көп мәселелер қалыптастырылуы қалыпты жағдай. Өйткені, Ы.Алтынсариннің Мұғалім – мектептің жүрегі , - деп айтқанындай, барлық күш мұғалімге түседі. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады. Ахмет Байтұрсынов Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді деген ғой.

Қазіргі таңдағы болашақ мұғалім тұлғасын қалыптастыруға жаңаша көзқараспен қарауға тиіспіз. Бұрынғы жоғарыдан берілетін бұйрық арқылы іс істеп, оның нәтижесі жайында есеп беру мәселесі мүлдем жойылды. Олай болса, білім беруді ізгіліктендіре отырып, болашақ маманның өз іс - әрекетіне өзі жауап беріп, оған ұқыптылықпен қарап, өз ойын, білімі мен білігін жалтақтамай жүзеге асыруына мүмкіндік туып отыр. Сондықтан да, педагогикалық практика кезінде неғұрлым шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе, соғұрлым болашақ маманның тұлға ретінде жетілуіне жағдай жасалады. Білім беруді игіліктендіру мұғалім мен оқушылардың қарым – қатынасына өзгеріс енгізіп, болашақ маманның адамгершілігі мол, икемді де инабатты, кішіпейіл, әдепті тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік тудырып отыр. Болашақ маман өзінің педагогикалық іс - әрекетінде бостандық шеңберінің кеңдігін сезінуге жағдай мол.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті, №170 мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Әбсұлтан Ұлдай Шынтемірқызы


Скачать


zharar.kz