Айдар шашты ер баланы тіл - көзден сақтайды деп қойған. Оған арнайы мал сойып, үлкендердің батасын алған. Өнерлі немесе батыр, ортасында сыйлы адамдардың орнына баланы аунатып балам осы адамдай болып өссін деп тілек тілеген.
Атадан балаға мирас болып келе жатқан салт - дәстүрлеріміздің бірі ер балаға Айдар шаш қою. Қазақ халқының салт - дәстүрінде адам шашын ерекше қастерлеген. Қазақта Айдарлы бала - айбарлы бала деген сөз бар. Айдар шаш ер баланы тіл мен көзден сақтайтын көрінеді. Сондықтан да ата - ана баласы бір жасқа толғанда, оның қарын шашын алып, төбесіне бір өрімдей ғана шаш қалдырып, оны өсіріп, көзді маржан, қаратас тағып, өріп қоятын болған. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сөзім дәлелді болу үшін Айдар шаш қою дәстүрі бүгінгі таңда қайта жаңғырып отыр. Ескі дәстүр жаңа заманның сәніне айналды. Ата - анам маған дүниеге келгеніме қырық күн толған күні қырқымнан шығару рәсімінде қарын шашымды алып, төбеме бір өрім шаш қалдырған.
Ес білгеннен кейін ол Айдар шаш екенін білдім. Нағашы атам мені Айдарлы бала деп еркелететін. Айдар - айбардың және күш - қуаттың белгісі деп түсіндіретін нағашы атам. Төбесінде айдары бар балаларға үлкен кісілер ерекше назар аударып, көрген жерде қастарына шақырып аты - жөнін сұрап, ықылас - баталарын беріп отырады. Жасының ұзақ, денінің сау болуын тілейді. Халық айдарлы балаға тіл - көз тимейді деп есептеген. Қойылған айдарды бала жеті жасқа немесе он үш жасқа келгенше тіл - көздің сұғынан сақтайды деп алғызбаған. Халық дәстүрінде балаға сұқтанған адамның көзі айдарға түсіп алдансын деген сеніммен қояды. Айдар қойған баланың шашын сүндетке отырғызғанда ғана алады деген де ұғым бар. Тарихи деректерге сүйенсек Кенесары ханның інісі Наурызбай батырдың айдары болған. Қазақта Айдар деген де адам есімі бар. Қазақтар тәрізді Тайланд халқында да балаларына айдар қояды. Олардың наным - сенімдері бойынша аурушаң балаға айдар қойса, ол тез сауығып кетеді. Тайландықтар бала сырқатынан сауығып кеткен соң айдарды алып тастайды екен.
Жасым беске толған соң үлкен әжем ата - анаммен келісіп ағайын - туысты жинап, сүндет той жасады. Сол сүндет тойымда ұзақ жасаған жасы бар, көпті көрген, шешен - шежірелі ұлы нағашым Әкіжан атам тілегін айтып, бата беріп менің Айдар шашымды алып тастау рәсімін жасады. Әжем немерем осы ұлы нағашысына тартып, дана, көсем сөзді, данышпан болсын дегені. Осылайша ата - анам менің ер жеткендігімді дәлелдеп, елдің батасын алды. Сонымен, айдарды балаларға осы балам ел - жұрттың қолдап - қорғауына, үміт - тілегіне ие болса екен деген жақсы ниетпен ырымдап қояды деп қорытындылаймын.