Қазақ әдебиеті 10 - сынып
Сабақтың тақырыбы: Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Гүлшат - Шеризат дастаны
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Гүлшат - Шеризат дастанының сюжеттік желісін, композициясын өздігінен іздену арқылы меңгерту, дастан туралы ғылыми - теориялық түсінік беру, образдарына талдау жасау арқылы дастанның тақырыбы мен идеясын таныту;
2. Дамытушылық. Сыни ойлау көзқарасын, қабылдауын, дүниетанымын дамыту. Сөз саптауын, өз ойын ашық айтуын, сенімін арттыру;
3. Тәрбиелік. Адамгершілікке, адалдыққа, кешірімді болуға, рухани тазалыққа үйрету, пәнге деген қызығушылығын арттыру.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту
Сабақтың түрі: ізденіс сабақ
Әдіс - тәсілі: проблемалық ізденіс, СТО әдістері, ойын, топпен жұмыс, сатылай комплексті талдау, модульдік оқыту технологиясының әдістері.
Көрнекілігі: слайд, портрет, қима қағаздар, перфокарта, бағалау белгілешелері, білім кілті.
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, өзін - өзі тану, әдебиет теориясы, шығыс әдебиеті
Сабақтың барысы.
Ұйымдастыру.
Оқушылармен амандасу, түгендеу. Сабаққа дайындығын тексеру. Ұжымдық психологиялық ұйымдастыру әрекетін жүргізу. Топқа бөлу.
1 - топ: Абайдың дарабоздары
2 - топ: Абайдың көшбасшылары
Үй тапсырмасын тексеру.
1) Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Бұлақ көзі өлеңін жатқа оқу.
2) Жоба қорғау.
1 - топ тапсырмасы: Мәшһүр Жүсіп - дара тұлға.
2 - топ тапсырмасы: Мәшһүр Жүсіп – этнограф
Өткен тақырыпты пысықтау.
Олжалы бестік ойыны.
Ойлы болсаң, озып көр – Мәшһүр Жүсіптің шын есімі? Мәшһүр атану себебі?
Зерек болсаң, сынап көр - Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кітаптары?
Мықты болсаң, ашып көр – Ақын шығармаларының өзекті тақырыбы?
Жүйрік болсаң, шауып көр - берілген сөздердің Мәшһүр Жүсіпке сәйкес келмейтінін айтсаң, бестік - сенікі.
Алғыр болсаң, айтып көр – Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын қалай топтастыруға болады?
Дайын болсаң, алып көр - Бір адам бар өрік, мейіз ағашы сықылды,
Жемісінен дүние жүзі баһра алады.
Бір адам бар терек ағаш сықылды,
Отқа отын болғаннан басқаға жарамайды. Үзінді қай өлеңнен алынған?
Тапқыр болсаң, тауып көр - Мәшһүрдің ғұмырнамалық өлеңдерін ата.
4. Сабақтың мақсатын қою.
Жаңа сабақты өзектендіру.
5. Жаңа сабақ.
Дастан туралы ғылыми - теориялық түсінік беру.
а) Дастан (парсыша айту, баяндау, жырлау дегенді білдіреді) – әдеби - эпикалық жанр. Шығыс халықтары әдебиетінде әсіресе парсы, түрік әдебиеттерінде кең тараған. Дастан белгілі бір сюжетке құрылады. Құрылымында кейде өлең, кейде қара сөз араласып келе береді.
Қазақ дастандары тақырыбы жағынан 5 түрге бөлінеді:
1. Ислам қағидаларын, діни наным - сенімдерді насихаттайтын дастандар. Мысалы: Салсал , Зарқұм т. б.
2. Шығыс аңыз - әңгімелері негізінде туған дастандар. Мың бір түн , Шаһнама , Тотының тоқсан тарауы
3. Шығыс классиктері негізінде пайда болған дастандар. Фирдоуси, Науаи, Низамилер жазған Ләйлі - Мәжнүн , Таһир - Зуһра , Ескендір т. б.
4. Романтикалық сарындағы ғашықтық дастандар. Қозы Көрпеш - Баян сұлу , Қыз Жібек т. б.
5. Ерлік пен ел жайындағы батырлық дастандар. Рүстем - Дастан , Қобыланды , Алпамыс , Ер Тарғын
Топтық жұмыс.
Білім көзі - кітапта
Ең бастысы ойыны.
1 - топ тапсырмасы: Дастанға арқау болған тірек сөздер мен сөз тіркесін жазу;
2 - топ тапсырмасы: Дастандағы негізгі ойды ашатын сөйлемдерді жазу.
ә) Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Гүлшат - Шеризат дастанының мазмұнын баяндау. Оқушыларға дастанды алдын ала оқып келу тапсырылған. Сондықтан оқушылар дастан сюжетін тізбектей баяндап береді.
Мәтінмен жұмыс жүргізу.
Талдау сұрақтары.
1. Дастанның жанрлық ерекшелігі неде?
2. Аңызға құрылуын дастаннан мысал келтіру арқылы дәлелдеңдер.
3. Гүлшат - Шеризат дастаны қазақ дастандарының қай түріне жатады?
4. Парахзаттың арам ниетін мәтіннен тауып оқыңдар.
5. Гүлшат Шеризатты сөзбен қалай тоқтатады? Мәтіннен үзінді келтіру арқылы дәлелдеңіздер.
Дәптермен жұмыс.
Дастанға сатылай компелксті талдау жасау
Авторы: Мәшһүр Жүсіп Көпеев
Тақырыбы: Адал ниетпен әділ іс қылу.
Идеясы: Әділдіктің жеңіске жетуі,
жақсылықтың салтанат құруын дәріптеу
Жанры: Эпос, дастан
Кейіпкерлері: Көркін, Парақзат, Гүлшат, Шеризат, арыстан, керуенбасы Қожа Сағит.
Композициясы: Оқиғаның басталуы. Көркін патшаның бір балаға зар болуы. Аңға шығуы.
Оқиғаның байланысы. Парахзаттың ханымды өлтіртуі, арыстанның баланы арыстанның, керуенбасы Қожа Сағиттың баланы асырап алуы. Парахзаттың түсі.
Шиеленіс. Шеризаттың ержетіп, керуеншілермен бірге Шынмашын еліне келуі. Гүлшаттың Иран бағы.
Шарықтау шегі. Барыстың хаты. Шындықты білу, Парахзатты зынданға тастау.
Шешімі. Гүлшаттың ара түсуімен Парахзаттың күнәсінің кешірілуі.
Өлең құрылысы: Дастан 11 - 12 буынды, (кейде 7 - 8 буынды жыр үлгісі де араласып келген) 3 бунақты, қара өлең ұйқасымен жазылған.
Бейнелі сөздер: эпитет, теңеу сөздерді тауып, теріп жазу.
Тәрбиелік мәні. Әрқашан кешірімді болу, адамдарға жақсылық жасау.
Образдық талдау. Дастандағы басты кейіпкерлерге төмендегі үлгі бойынша образдық талдау жасаңдар.
1. Кейіпкердің сипаты
2. Кейіпкердің мінезі
3. Ұнамды не ұнамсыз әрекеті
4. Мақсаты.
Еркін жауап. Пікір алмасу.
Сөйлемді жалғастыр. Егер мен Шеризат болсам...
Өмірмен байланыс.
Қазақ қоғамында осындай жайттар кездесе ме?
Дастандағы өзіңе ұнаған эпизод қайсы?
Дастандағы ойды халық даналығымен қалай түйіндеуге болады?
6. Білімді бекіту.
Зымыран сұрақтар.
1. Гүлшат - Шеризат дастанының сюжеттік желісі қайдан алынған?
2. Парахзаттың қыз бала тілеуінің мәні?
3. Автордың түйінді сөзі қандай?
4. Дастандағы ертегілік сипат пен аңыздық сипатты атаңыздар.
5. Дастан дегенді қалай түсінесің?
6. Қазақ әдебиетінде дастан неше түрге бөлінеді?
7. Дастанның тәлімдік мәні неде?
7. Үй тапсырмасы.
Дастаннан үзінді жаттау.
8. Бағалау.
Оқушылардың өзін - өзі бағалауы.
Рефлексия кезеңі.