Ақан өмірі - мәңгілік

Скачать

Сабақтың тақырыбы: Құлагер поэмасы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік – Ілияс шығармалары арқылы оқушыларды қазақ халқының бастан кешкен сан қилы тағдырына назар аударту; Ақан образын жан - жақты ашу; өнердің құдіреттілігіне көз жеткізу; қазақ өнерінің құдіреті мен киесін таныту.
Тәрбиелік - өнер адамына, еліне, тарихына, табиғатына, туған тіліне деген ыстық сүйіспеншілігін ояту, ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу, ұлттық рухын ояту.
Дамытушылық – Оқушыларды ой еркіндігіне баулу; тіл байлықтарын тереңдету; мәнерлеп оқу мәдениетін жетілдіру; өз ойларын айта білуге дағдыландыру.
Сабақтың түрі: аралас, жаңа технология.
Пәнаралық байланыс: тарих, әдебиет, музыка.
Сабақтың көрнекілігі: Ілияс, Ақан суреттері, газет - журнал материалдары, тест сұрақтары, Құлагердің суреті.

Сабақтың барысы.
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй жұмысын сұрау.
1. Дала поэмасы қашан жазылды?
а) 1929ж.
ә) 1930ж.
б) 1928ж.
2. Дала поэмасы кімнің атынан әңгімеленеді?
а) дана қарт
ә) тарихшы қарт
б) әңгімеші қарт
3. Бозінген тарихы қай поэмасында айтылады?
а) Күй
ә) Күйші
б) Дала
4. Дала поэмасындағы бәйгеге тігілетін қыз, кемпір, шал, бала санын көрсет.
а) 3 қыз, 1 кемпір, 2 шал, 4 бала
ә) 2 қыз, 2 кемпір, 4 шал, 2 бала
б) 1 қыз, 4 кемпір, 1 шал, 2 бала
5. Сандал тарауында не туралы айтылған?
а) жерін тартып алу
ә) елді шабу
б) елге көмектесу
6. Құрбандық тарауында қандай оқиға айтылады?
а) әйел теңсіздігі
ә) азат қыз
б) өзін өлімге қиған қыз
7. Азат күйін шығарған кім?
а) күйші жігіт
ә) Құрманғазы
б) Дәулеткерей

ІІІ. Жаңа сабақ.
Ақан бейнесін жан - жақты ашудағы шығармашылық ізденіс.
1. Ақан – тарихи бейне.
Туғаны Арқадағы Арғын елі, Өскені Көкшетаудың шалғын жері деп ақын жырлағандай аты аңызға айналған Көкшетау өңірінің Қоскөл деген жерінде 1843 - 1913 жылдар арасында өмір сүрген тарихи тұлға. Зілқараның баласы Әлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген тазыны алады. Осы кезде Ақанның қолына Көбей - қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан, алты алашқа аты шыққан Құлагер түседі. Құлагер арқаның талай астарында аузымен құс тістеген талай жүйріктерден озып жүреді. Ақан мен Құлагер аты елге жайылады. Ақан 1876 жылы Керей руының паң Нұрмағанбет атанған үлкен байы Ереймен деген жерде әкесі Сағынайға ас беретін болып, сол асқа Ақан Құлагерді бәйгеге қоспақ боп алып барады. Бәйгеге қосылған жүйріктерден дара шығып жұлдыздай ағып келе жатқан Құлагерді бұрыннан Ақанмен өштесіп жүрген Батыраш деген бай соққыға жығып өлтіреді. Қанатынан айрылған Ақан зары, Ақан қайғысы Құлагер әнін туғызды. Өркөкірек, тарпаң байларға қарсы қарапайым халықтың қайраты жетпейтін заман шындығын, күштілер өктемдік жүргізген заманның мұңды сазын шерткен тарихи жыр дүниеге келеді.

1. Ақан – композитор
Аққудың әсем үніндей жаныңды жадыратар, жүрегіңді елжіретер, құлақ құрышыңды қандырар майда көмей әннің ырғағына елтіген халық Ақан жанынан кетер емес. Әншіге деген халықтың ықылас - пейілі Ақан дұшпандарының іштерін күйдіреді, ән сазына өздері де елжіреп ынтыға түседі. Оның әндері беріктік пен адалдықты, махаббат еркіндігі мен сұлулықты жырлайды. Ол – адамның түсі де, ісі де, жаны да сұлу болуын тілейді. Ақан – нәзік жан, асқан өнер иесі. Бірнеше әннің авторы. Балқадиша , Сырымбет , Үш тоты т. б. әндері – халық арасында ұмытылмас, мәңгілік мұра. Ақан әнімен мәңгі жасайды. Құлагер поэмасында ақынның негізгі айтпақ ойы - өнердің өшпейтіні, өнерліге өлім жоқ деген тұжырым. Ақан мерт болған пырағы Құлагерге арнап әлемде кездеспейтін ән шығарған, өзіне өзі мәңгі тозбас ескерткіш соққан.

2. Ақан – айтыс шебері.
Ақан талай арқалы ақындарды тулақша сіліккен, қара өлеңді орып айтқан айтыс өнерінің дүлдүлі болған. Ол – Жүсіп Төре, Орынбай, Тезекбай сияқты ақындармен айтысқан. Мәшһүр Жүсіп және Есмағұл Қодығабаласымен хат арқылы айтысқан. Ақан жұмбақтар да шығарған. Табан астында тауып айтатын тапқыр, суырып айтар шешен болған. Ақанның тапқырлығы туралы ел ішінде мынадай әңгіме бар екен. Ақан серінің Құлагерден айрылып қайғырып жүрген кезі екен. Қылышбай деген біреу: - Сағынайдың асына жүреріңде менің қара шаңырағымнан дәм татып кеткеніңде дүлдүлің аман қалатын еді - дейді. Сонда Ақан: - Қанды сүргінде жүріп Әзірет Әлінің торға, тұлпарының орға жығылғаны сенің үйіңнен дәм татпағаннан болған екен ғой, - деп тұтқиылдан жауап беріпті. Ақанның жүрген жерлерінде алун түрлі сөздер қалған екен.

4. Ақан – аңыздық кейіпкер.
Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт және 15 - 20 жігітті өзі тәрбиелеп нөкер қылып алады, сол жігіттердің алдында қолбасындай өзі оқшау отырады. біресе боз атқа мініп ақ киген, біресе қара атқа мініп қара киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында домбыра, аузында - ән.
Міне ғажап! Ертегі өмір емес пе?! Өмір айдынында аққудай жүзіп, үкідей үлпілдеп жүрген Ақанды бірақ күнде мұң шалды. Құлагерінен айрылып, қанаты қайрылып былық тұрмыстан безгенде, халық оны ұға алмай, Ақанның жұмбақ өмірін шеше алмай оны алып барып періге балайды. Дұшпандары неше саққа жүгіртіп, өсек, өтірікке таңуы әділетсіздіктің бір көрінісі еді.
Тұсында сері болсын, пері болсын Ұнайды өмірімен Ақан маған деп Ілиястың өзі айтқандай өмірінің сұлулығымен аты аңызға айналған аңыздық кейіпкер дер едім.

5. Ақан – сері.
Ақан билік айтқан, дау қуған, мал жинаған адам емес, астында – жүйрік аты, қолында – қыран, серілік өнер қуған, өмір айдынында қаздай қалқып, қудай жүзген, сұлуды сүйген. Мұны ақын шебер суреттеген. Халықтың сал - серілік салтының озығын ұстанып, оны өзінің ерекше, бөлек болмысымен шырқау биікке көтеріп, заманның көркем бейнесіне айналған асқақ тұлға.

6. Ақан – трагедиялық кейіпкер.
Сағынайдың асында атынан қапыда айрылып жүрегі қан жылаған ақын естен танды. құлагер ер қанаты ғана емес, Ақанның рухани медеу тұтқан серігі еді. Құлагердің мерт болуымен бірге Ақанның өзі де рухани қазаға ұшырады. Құлагер өлгенде Ақан Ел бетін қалай көремін депті. Ақанның жан күйзелісін осы бірауыз сөз ұқтырып тұрғандай. Көл еркесі аққу, көк еркесі сұңқар – Ақанның қанаты қайрылды, пырақты шабысынан айрылды. Елінен, жерінен безді. Жалғыз өзі елден жырақ күй кешті. Құлагер өлімі жаралы жанын күйреткен, аяусыз соққы болды. Қиянат пен әділетсіздіктен жапа шеккен Ақанның халін Ілияс құлазып күздігүні Көкшетаудай, Қызықтың көшіп кеткен саржайлауы деп бейнелейді. Ақан жан жолдасын қолымен өлтіргендей күйінеді. Мал да болса адамнан есті жануар - ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жас бұршақтап тұрды - ау. Осы сұмдықтың болатынын білген екен ғой деп өкінеді, қайғыдан жүрегі қарс айрылады.
Мини - дебат бағдарламасы бойынша Батырашқа бүгінгі күн тұрғысынан баға беру.

Поэмада Кір көңіл сарайының батпағы бар деп ақын Батыраштың іші тар, ақылсыз, арам пиғылды жан екенін өте бейнелі жеткізе білген. Жұлдыздай ағып келе жатқан жүйрікті жолда тосып тұрып айбалтамен шауып өлтірткен Батыраш – нағыз қаныпезер жауыз адам. Өр көңіл, жуан кеуде Батыраш арам ойын жүзеге асыруда шімірікпейді. Батыраш – Ақандай сұңғыла өнер иесінің серілігіне, сезіміне, жүйріктігіне, заманнан озып туған тума талантына қол көтерген, қараңғылықта шырмалған пасық, ақылсыз, ашуын ақылға жеңдіре білмейтін үстем тап өкілінің бейнесі. Батыраш – мәңгілік халық қарғысын арқалаған азғын адам. Батыраштың азғындық әрекетін келер ұрпақ кешіре алмайды, оған лағынет айтады. Батыраш сияқтылар өмірге келеді, кетеді, оларда қарғыстан басқа із қалмайды. Ақан өмірі – мәңгілік. Ақан өнері еш уақытта ұмытылмайды, мәңгі жасайды, ұрпақтар жалғастығын табады! Адал пәк адамдар өміріне қара түнек төндіріп зар жылатқан Батыраш сияқты қара ниетті сүйреп өлтіру керек еді. Батыраштар өмірден мәңгі аластатылсын, өмірге келмей - ақ қойсын!

Батыраш тұлпар баптаған, сыншы, атбегі адам. Алтайдың даңқын асырған, алдынан ұшқан құс өтпеген жүйрігі Көктұйғын атты баптап асқа әкеледі. Су орнына сүт беріп сәбидей мәпелеп әкелген жүйрігінің топ жарып, бас бәйге алуын тілейді. Шаршы топтың алдында Ақанның:
Би болсаң, би шығарсың Алтайыңа,
Тілімді терезем тең тартайын ба?!
Көгіңді бөктермесем, атым сенікі,
Шапса да әкең мініп байталына, - деген ащы тілі Батыраштың ызасын келтіріп, намысына тиеді. Құлагердің даңқын естіп, кісі салып Құлагерді қанша сұраса да бермеген Ақанға ренжіп жүр еді, енді ащы тілі сүйегін тіліп өткендей болды, ашу - ызасын қамшылай түсті. Әрі алдынан жүйрік озбаған Көктұйғынын ойлағанда, көзіне қан толды. Батыраштың жүрегіне сүңгідей қадалған улы тілдің ызасы мыңнан озған тұлпарға қол көтертті, мерт қылды. Батыраш Құлагердің өліміне егілді, езілді. Құлагер Батыраштың қолы жетпей жүрген арманы емес пе еді?! Не істегенін өзі де білген жоқ. Өз қатесін түсінді, бірақ кеш еді. Осы аста сағы сынып бағы тайса, Ол өзін дап - дайын тұр өлдім деуге деп ақынның өзі айтқандай, өзін - өзі өлімге қиюға дайын Батыраштың бойында намыс, ер қанатына деген сүйіспеншілік оты маздайды. Ол - өлсең де намысты қолдан берме деген мақсатты берік ұстанған жан.
Венн диаграммасы бойынша Ақан, Ілияс бейнелеріне салыстырмалы мінездеме.
Күреңбай мен Абайдың өлеңін салыстыру.

IV. Оқушыларды бағалау.


Скачать


zharar.kz