Мұқағали Мақатаевтың өлеңі
Қайтер едің өмірге келмегенде,
Көнесің де...
Қайтесің көнбегенде?
Көресің де...
Қайтесің көрмегенде?
Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде.
Қадірлі дос,
Хәліңді ұғып тұрмын.
Күйзелттің ғой, бәрін де ұмыттырдың,
Нақ айыпты жандайын алдында мен
Не дерімді біле алмай құрып тұрмын.
Не де болса, тәуекел - тең көрейік,
Әкел бері қайғыңды - тең бөлейік!
Бірімізге біріміз дем берейік,
Бір арбаның астында дөңгелейік.
Қақ бөлесің қайғыңды,
Келісеміз.
Алауын да, уын да тең шешеміз.
Кезбе бақыт кездесіп қалса бізге,
Тепе - тең ғып екіге бөлісеміз!
Өлі балық жолығар өлмегенге!
Өлмегенге не жетсін, өлмегенге!
Өмір деген осылай, жаным менің,
Қайтер едік өмірге келмегенде?!
Көнеміз де...
Қайтеміз көнбегенде???
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы,
Боранқұл селосы, Опорный орта мектебінің
3 сынып оқушысы Дарханқызы Айерке