Тақырыбы: Ата мен әже - қазақы тәрбиенің бастау бұлағы пікірлесу кеші
Мақсаты: Ұлттық тәрбие құндылықтарын бала бойына қалыптастыру.
Жас жеткіншектердің бойына отбасының қос шынары – ала таудай атасы және аналардың анасы – әженің адам өмірінде алатын орнын, оларға құрмет көрсету – халықтық дәстүр екендігін ұғындыру, адамгершілікке, инабаттылыққа және мейірімділікке тәрбиелеу
Өту барысы: Ата мен әже… Жарық әлемнің есігін ашқан әрбір адамға сәбилік сәттен жүрегіне жақын ардақты атау. Асыл дінін сүйген, бабалар дәстүрін дәріптеген әрбір қазақ үшін ықылым заманнан ата мен әже деген – киелі ұғым.
Ақ ниетімен, ақ батасымен айналасын арайландырған, жүрегі махаббат пен шапағаттан жаралған ата мен әже атты абзал жандар – өнегелі өмірдің сыны мен сыры жайлы шұрайлы шежіре шертетін тірі тарих. Өмір атты тынымсыз тіршілікте көңілі таудағы таза ауадай, пейілі дархан даладай, даналығы дариядай қариялар – әулетінің арқа сүйер асқар тауы.
Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Отбасында алған үлгі - өнеге, тәлім - тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жандардың бірі – әжелер екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп, атасы мен әжесінің баласы деп есептеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана. Атасы мен әжесі бауырына басып, меншіктеп алған баланы менің балам деп тіпті өзінің ата - анасы да айтпаған. Бұл әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың да бір белгісі іспеттес. Ал көргенді қарт ата мен әже баланы ешуақытта өзінің әке - шешесінен алыстатпаған, оларды да қадірлеуді, құрметтеуді міндеттеп отырған.
Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже балаға үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме - дүкен құрады. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеп, сөзді тауып, нықтап айтады. Немересін баласынан ыстық көретін ата - әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамайтын. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән - жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен.
Әже алдын көріп, тәлімін алғандардан қазақтың сүт бетіндегі қаймағындай болып, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп - ақ. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз - әңгімелер мен жыр - дастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, қазақтың ұлы ақынына, зор тұлғаға айналды. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан кім болды? Өз тұстастарының алды, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызына, халық мақтанышына айналды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың маңдайалды, біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көрген, әженің алақанынан түлеп ұшқан.
Әжем есімде. Әрнеге қозбайтұғын, Әріден көп әңгіме қозғайтұғын деген Отыз бесінші көктемім атты өлеңінде асқақ ақын Мұқағали Мақатаев. Балалық шағы соғыс жылдарында өткен ақынның ақ жаулықты әжесінің аты – Тиын болған.
… Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…нені көрем? – деп, ақын сағынған асыл әжесіне жыр арнаған.
Пікірлесу:
Балам - балым, баламның баласы – жаным деген жақсы сөз бар осы сөз мағынасын қалай түсінесіз?
- Қазіргі уақытта немере тәрбиесінде ата - әжелер үлесі қандай? сөйлеу
Әжелеріміз балаларын еркелеткенде ботам , ботақаным , бота көзім , қоңыр қозым , құлыншағым деуші еді. Бүгінде лапочка моя , зайчонок , котенок , мышка деп мысыққа да, күшікке де теңей саламыз. Бұл да рухани, ұлттық сананың құлдырауының бір сипаты сынды.
- Немерелеріңізді қалай еркелетесіздер?
Осы күнгі бала Алпамыстай алыптарды, Көлтауысар мен Желаяқты, Таусоғар мен Толағайды білмейді, себебі олар жайлы ертегінің майын тамызып айтып берер әже жоқ.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын… деген екен.
- Ертегі айтасыз ба, соңғы рет қандай ертегі айттыңыз, балаңыз ертегі айтуды сұрай ма?(ойларын айту)
Жағдаттарды талдау:
Ұлжан, 55 жаста:
– Шынымды айтсам, немереме күнде ертегі айтпаймын. Күні бойы жұмыста жүргендіктен, уақытым бола бермейді. Оның үстіне қазіргі балалар ертегіні көп тыңдамайды да. Одан да компьютер ойнап, теледидардан әртүрлі мультфильм қараған қызығырақ олар үшін.
Лаура, 24 жаста:
– Отбасын жаңа құрған жастармыз. Бір балам бар. Жолдасым екеуіміз жұмыс істеп, табыс табайық десек, баланы тастайтын жер жоқ. Ал балабақшаның кезегі жуық маңда келетін түрі де жоқ. Баламды енеме берейін десем, ол кісі баққысы келмейді. Егер бағып берейік десе, қуана берер едім. Қалай десек те, ата - әжесінің тәрбиесін алған бала болашақта да жаман болмас еді.
- Немерелеріңіздің сабағына көмектесесіз бе, шараларына, жиналысына қатысасыз ба?
Сахналау: Әжелер жиналысы - драма үйірмесінің оқушылары, жетекшісі: Есқайырова Б. Қ
Ән: Асыл әжем - 7 - сынып оқушылары
1 - сынып: Би: Қуыршақ 1 - сынып оқушылары, әдеби - монтаж
3 - сынып: Ән: Мама , Ана, әке , Қос Бәйтерек
Би: Кішкентай таланттар
Немерелеріңізге ақ тілек білдіру
Қорытынды: Жастық дейтін көктеменің шағында,
Өскен едік сенің анаң екеуміз,
Осы қарттың мәпелеген бағында.
Қарттың бағын жайлайтынбыз иен тегін,
Тыңдайтынбыз алуан - алуан ертегін.
Жинап алып жүрер еді жарықтық,
Күллі ауылдың ертеңі мен селтеңін, – деген ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіндегі жыр жолдары есіңізде ме? Қойны - қонышынан сан алуан ертегі төгілген дана… қадірлі қарияны тыңдау үшін айналасына жіпсіз байланған ауылдағы күллі бала… Қандай әдемі көрініс. Немере - шөберелеріне көне қисса - дастан, аңыз - әңгімелерін айтып ата - әжелеріміз арамызда әрдайым жүре берсін дейміз. Өркен жаяр өркениетті елдің ертеңгі болашағының бастау - бұлағы солардың еншісінде.
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы,
Харкин орта мектебі психологімі Сая Сатыбалдиева