Киіз үйдің қаңқасын ата

Скачать

5 - сынып
Сабақтың тақырыбы: Киіз үйді бейнелеу
Сабақтың мақсаты: Қазақтың сәндік қолданбалы өнерінің түрлері және қазақтың шағын мұражайы атанған киіз үй жайлы толық түсінік беру
Міндеттері: білімділігі: өз бетімен меңгерген білімін тереңдете түсу
Дамытушылығы: өнер мен уақыт саясатын ұштастыруға машықтау, оқушылардың ой - өрісін, елестету қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелілігі: ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру, әсемдікке, жұмыстарын эстетикалық тұрғыдан ұқыпты орындауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: а) Қазақтың ұлттық бұйымдары, киіз үй құрылысы мен жабдықтарының суреттері, үлгісі, слайдтар т. б.
ә) Оқушыларға сабаққа қажетті құрал - жабдықтары.
Сабақтың типі: Жаңа материалды меңгерту
Сабақтың әдісі: сұрақ - жауап, әңгіме, бейнелеу.

Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: 1 - 2 мин оқушыларды түгелдеу, сабаққа дайындықтарын бақылау.
Өткен сабақты еске түсіру (сұрақ - жауап)
1. Өнер дегеніміз не?
2. Қандай түрлерге бөлінеді?
3. Зергер деп кімдерді айтамыз?, зергерлік бұйымдарды ата.

Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Киіз үй - Атамыз - Алаш, керегеміз - ағаш , Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз деп, аталы сөз айтып қалдырған ата - бабаларымыздың негізгі баспанасы. Киіз үй - тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ – мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға оның мән - маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз.

Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен - жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы - бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз.

Тез жығылып, тез тігілетін киіз үй түйе мен атқа арту арқылы жеңіл көшіріледі, оның киіз туырлықтары мен үзіктерінен жауын өтпейді. Ыстық күндері киіз үй салқын болса, қысты күні керегесін қабаттап киізбен қаптап, іргесін көміп, ошақ асып, от жағып, жазға дейін отыра беруге болады.
Киіз үйді Қазақстандықтардың жер сілкінісі болған жерлерге көмек ретінде жіберілген. Киіз үй бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай, Қазақстанның ауыл шаруашылықты аудандарында қолайлы жазғы баспана ретінде әлі де пайдаланып келеді.
Ал XII - XIII ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш. Уәлиханов айтқан.

Киіз үй – қазақ халқының шағын мұражайы деп те текке айтылмаса керек. Қазақтың ұлттық бұйымдарының түрлері: тұскиіз, текемет, сырмақ, қоржын, алаша, аяққап, тұтқыш. Ағаш бұйымдары: сандық, кебеже, адалбақан. Зергерлік бұйымдар: сырға, білезік, сақина, бойтұмар және тағы басқа бұйымдардың барлығын осы киіз үйдің ішінен көруге болады.. Қазақ халқы Өнер - өмірдің өзіңдей мәңгілік демекші өнер өмірмен бірге ұрпақтан - ұрпаққа ұштасып келеді.

Біздің Қазақстанның алғашқы да атақты суретшіміз Әбілхан Қастеев Өнерді қайдан үйрендің? - деген сауалға:
Таудың бұлағынан, Қойдың құлағынан,
Апамның киізінен,
Ешкінің мүйізінен, - деп жауап берген болатын. Сол сияқты Апамның киізінен деген сөзге зейін салып көрсек, біздің ата - бабаларымыз өмір сүру үшін пайдаланған киіз үй жайлы толық мағлұмат алып, оны өзіміз бейнелеп үйренсек өздеріңнен де өнерлі адамдар шығады деп сенемін. Олай болса балалар экранға қарап киіз жайлы толық мағлұмат алайық, және киіз үйдің құрылысымен танысайық. Олар; Кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық

Киіз үйдің есігі – Сықырлауық
Киіз үй есігінің құрылысы: 1 - маңдайша; 2 - босаға; 3 - сықырлауық; 4 - жақтау; 5 - табалдырық.
Киіз үйді құрып болған соң, киізін жабады. Киіз үйдің жабуы 4 - түрлі киізден тұрады.
Олар; туырлық - керегені жабады, үзік - уықтарды жабады, үзік киіздерден тұрады, түндік – шаңырақты жабады, киіз есік - сықырлауықтың үстіне жабылады. киіз үйдің сырты ою - өрнектермен әшекейленеді.

Оқушылармен жұмыс.
Ал енді балалар киіз үйдің сыртқы көрінісін қағаз бетіне сауатты бейнелеп үйренеміз. Киіз үйдің пішіні шеңбер тәріздес, төбесі күмбез тәріздес екеніне назар аударамыз.

Ой қозғау: Жұмбақ шешу
Қаз қанатын жайды,
Үйрек мойнын созды,
Төбесіне аққу қонды. (Қаз -?, Үйрек -?, Аққу -?)

Сабақты қорытындылау.
1. Киіз үйді кімдер пайдаланған?
2. Киіз үйдің қасиеті қандай?
3. Киіз үйдің қаңқасын ата?
4. Киіз үйдің жабулары қалай аталған?
5. Шаңырақ дегеніміз не?
6. Шаңырақ мемлекеттік қай рәмізде бейнеленген?
7. Киіз үйдің есігі қалай аталған?
Оқушылардың бейнелеген жұмыстарын тексеріп талдау, жетістігі мен кемшілігіне тоқталу. Біткен жұмысты бағалау.
Үйге тапсырма:
Наурыз мерекесі жайлы сурет салу.


Скачать


zharar.kz