Фариза Оңғарсынова өлеңі
Шырқайын - сазды сырнай досым қайда?!
Әндетсем, қыз - бозбала қосылмай ма?!
Думанның бозбаласыз қызығы жоқ -
өртейін, өртенейін осындайда!
Бозбала, қосыл әнге, жалында шын,
түнді - таң, жүректерді ән ұрласын!
Тербелсін алтыбақан ай астында,
жоғалсын ақсүйектер, табылмасын!
Жүрекке жалын құйып көзқарасым,
Сырнай саз сұлу үнім сорғаласын!
Өнердің өзім білген арқасында
үш жүздің ғашық еттім бозбаласын!
Майраның сауық - сайран жүрген жері,
шабытты әндерімен мұңды емдеді.
Сырнай мен домбыраның үні шықса,
жүрегін бозбаланың жыр кернеді.
Қалқысын шаттық көңіл аспанымда,
ән барда сылтауың жоқ басқа мұңға!
Ән - арман, ғашық - арман, қыз - бозбала,
шырқап қал, шарықтап қал жас шағыңда!