Фариза Оңғарсынова өлеңі
Мынау қолым, басым мынау
Мынау қолым, басым мынау, жүрегімде - тосын әнім;
Жүзім күңгірт, шашым қырау, неде болса, осы барым.
Көзбен көрем, үйренемін, ол да менің бір ардағым.
Бар ма, жоқ па ми дегенің, соны бірақ біле алмадым.
Дидарымда - кемел көрік, табиғаттың сыйы бұл да.
Тіршіліктің келем көріп қызығын да, қиынын да.
Өмір биік, терең әрі - тыным таппай сар желемін.
Бірақ ұқпай келем әлі - қай жерімде жан дегенің?
Башпайда ма, білекте ме - қайдан тапты сәтті жайды?
Алқынады жүрек неге, тамыр неге шапқылайды?
Елтімеуші ем әрнеге онша, жанды іздеймін, сабырлы едім.
Сүйіктім - ау, дәу де болса, сенде шығар жаным менің?!
Фариза Оңғарсынованың басқа өлеңдерін қарау