Сабақтың тақырыбы: Достық-таусылмас қазына
Сабақтың мақсаты:
1. Тақырыпты өмірмен байланыстыра отырып, мазмұнын ашу. Достық туралы білім деңгейін кеңейту, нағыз досты тани білуге үйрету.
2. Оқушылардың өзіндік ойларын еркін жеткізе білуге, досты қадірлеуге және тіл байлықтарын, түсініктерін қалыптастыру.
3. Адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді сақтай білуге, адалдыққа, достыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру бөлімі.
2. Гимн
Достық деген өмірде ең керегі,
Достық болып дүние дөңгеледі.
Өзендегі толқындар дос боп ақты,
Қанатымыздай жүгіріп кеудедегі.
Адам үшін ата-анадан кейінгі ең жақын – абзал дос. Жақсы – адам жанынан шуақ іздеп, достық шын көңілмен ұсынатын адамдар көп болмақ.
Доссыз өмір – тұл , Доссыз өмір – тұссыз ас - деп халық бекер айтпаған. Адам ес біліп етек жапқаннан бастап өзін түсінетін, жанына серік болатын айнымас дос іздейтіні анық. Сондықтан да бүгін достық жайлы әңгімелеспек үшін сабағымыздың тақырыбын Достық – таусылмас қазына деп алдық. Біздің сабағымыз бірнеше бөліктерден тұрады.
1. Аққуды атпайды,
Достықты сатпайды.
2. Достық-татулық белгісі
3. Жаман дос – көлеңке
4. Әдебиет – өмір айнасы
Сахна – оның жалғасы
5. Ағаш жапырағымен көрікті,
Адамдар достарымен көрікті.
Біз бүгінгі сабағымызды Тілек шоғы ойынымызбен бастаймыз. Қолдарында гүлдері бар балалар дөңгелене тұрады. Мұғалім өзі бастап, оқушылар гүлді бір-біріне тілек айту арқылы ұсынады. Денің сау болсын, әдепті бол, ақылды бол, білімді бол, жақсы бол, аспаның ашық болсын, елімізде тыныштық болсын, амандық болсын, бірлік, татулық.... т. б. Өзгелерге денсаулық тілеп, жақсылық жасасаң, ол өзіңе қайтіп оралады.
Бірінші аялдама.
Аққуды атпайды, Достықты сатпайды
Енді осы сөздің сырына үңіліп көрейікші. Аққу – киелі құс, сұлулық символы. Ал достықты сатпай деген не?
- Дос алдамау керек
Дос әрқашан бір-біріне көмектесу керек.
Достар ұрыспау керек.
Достар тату болу керек.
- Досы үшін өзінің басын қатерге тосу. Досын құтқару-достық өлкесінің заңы болса керек. Ал Мұхтар Шаханов ағаларыңның осы жайында айтылған Достық өлкесінің заңы өлеңін тыңдайық.
Екінші аялдама: Достық – татулық белгісі.
Бұл аялдамада мақал-мәтелдерге тұнып тұрған көрінеді. Қайсың тез достық туралы мақал-мәтел айтасыңдар.
Енді мына мақалдарды оқып, мағынасын түсіндіріп көрейік.
1. Ақылдымен дос болсаң биіктейсің, Ақылсызбен дос болсаң адасасың.
2. Досыңды жамандама,
Бостан босқа қаралама.
3. Дос жылатып айтады,
Дұшпан күлдіріп айтады.
4. Досың үшін жан пида.
5. Дұшпанға тастай қатты бол,
Досыңа балдай тәтті бол.
6. Досы көпті жау алмайды,
Ақылы көпті дау алмайды.
7. Жүз сомың болғанша,
Жүз досың болсын.
8. Жаман атан аяғым артық,
Жаман жолдастан таяғым артық.
Үшінші аялдама.
Жаман дос – көлеңке.
1. Ы. Алтынсариннің Жаман жолдас әңгімесін еске түсіру. Неліктен жаман жолдас деп аталды?
– Себебі ол жолдасын тастап кетті.
- Өз басын ғана қорғап қалды.
- Ол қорқақ еді.
- Ондай адаммен дос болмау керек.
2. Жағдаятты тапсырма.
А) Досыңның көп өтірік сөйлеп, бір затты жымқырып кету әдеті бар екенін байқап жүрдің. Бірақ оны айта алмай жүрген болатынсың. Бір күні екеуіңе ортақ басқа ешкім білмейтін затың жоғалып кетті. Не істер едің?
Ә) Сенің досыңның мінезі өте шәлкес. Үлкенмен де, кішімен де болмайтын нәрсеге ілінісіп қала береді. Өзінен кішкентайларға көп әлімжеттік жасайды. Сенің іс-әрекетің?
Достық туралы өлең шумақтары:
1. Нағыз достар бір-біріне ұнаған.
Қиындықта бірін-бірі сынаған.
Мүмкін емес доссыз емес өмір сүруде,
Сүйеу болар шақтарыңда құлаған.
2. Досы үшін дос көнеді бейнетке,
Дос деген сөз ең қадірлі жер-көкте,
Жақсылардың айрылмас досы көп.
Қолын берген қиыншылық кездессе.
3. Достарымды сүйемін бірге жүрген,
Бірге ойнап, менімен бірге күлген.
Достар деген жаныңның бір бөлшегі
Орын алған жүректің бір түбінен.
4. Балдырған балалар,
Достықты бағалар.
Есіңе сақтағын,
Адал бол,
Шыншыл бол.
Өтірік айтпағын,
Сөзіңнен қайтпағын.
5. Достар бірге жүреміз,
Бірге ойнаймыз, күлеміз.
Бірге балық аулаймыз,
Міне біздер қандаймыз.
Орман, көлге, шыңға біз,
Саяхатқа шығамыз.
Бөлінбейді іргеміз,
Әрқашан да біргеміз.
6. Балдырған баламыз,
Досты көп табамыз.
Қашан да, қайда да,
Достар бір-біріңе
Сенімді боламыз.
7. Екі деген – екі дос,
Бірін-бірі қимайтын
Артық кемді етпей сөз,
Бірін-бірі сыйлайтын
Досыңа бол адал жан,
Бірдей бөліс сынақты
Бір нүктеге қадалған,
Екі көзің сияқты.
Төртінші аялдама.
Әдебиет – өмір айнасы,
Сахна-оның жалғасы.
Қазір біз сахналық қойылымды көреміз.
1. Тақтаға қағылған шеге.
Автор.
Мінезі нашарлау, бұзақы бір бала болыпты. Күндердің күнінде әкесі оған бір дорба толы шеге беріпті. Әкесі: Жолдастарыңмен әрбір керіскен, төбелескен кезіңде тақтайға бір шеге қағып отыр. - депті. Бала бірінші күні тақтайға 10 шеге қағыпты. Содан кейінгі күндері өздерін тежей жүріп, күн сайын шегені аз қағуға тырысыпты. Сөйтіп, әйтеуір бір шеге қақпаған күнге де жетіпті. Әкесіне барып айтқанда ол баласының шеге қаққан тақтайына қарап:
Әкесі: Бүгіннен бастап керіспеген, төбелеспеген әрбір күніңде бір шегеден суырып отыр,- депті.
Автор:
Бірнеше күн өткеннен кейін тақтайда шеге қалмапты.
Әкесі:
Балам тақтайға дұрыстап қарашы. Көптеген тесіктер пайда болды, енді бұрынғыдай біртегіс болмайды. Жолдастарыңмен керісіп, төбелескен кезде былапыт, жаман сөздер айтылады. Әр жаман сөз жанға бір жарақат жасайды. Соңынан жолдасыңа мың рет кешірім сұрасаң да, ол тесіктер бітелмейді. Дос асыл тас тәрізді. Сенің қуанышыңа ортақтасады. Көңілің жабырқаса, көмекшің болып, қайғыңды басады.
Достық туралы
(Ел аузынан)
Автор: Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:
- Достық неше түрлі болады?
Әйтімбет:
- Достықтың екі түрі болады. Бірі адал достық та, екіншісі амал достық.
Дан:
- Дұрыс-ақ енді оларды қалай ажыратамыз?
Әйтімбет:
- Адал дос өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өмірі қысқа болады.
Қорытынды: Адал достық пен арам достыққа мысал келтіріңдер.
Сабақта бір-бірінен үй жұмысын, бақылау жұмысын көшіріп алуға арналған достық-арам достық, олардың өмірі қысқа болады.
Өмірлік нұсқа болар достық ата-аналарымыздың бала кезінен қазірге дейін дос болғаны.
адал арам
Бесінші аялдама.
Ағаш жапырағымен көрікті
Адамдар жапырағымен көрікті.
Балалар өздеріңді көріктендіріп жүрген асыл да адал достарың жөнінде кім айтып бере алады. Өздеріңіздің достықтарыңыздың мықты, берік екендіктерін мысалдар арқылы дәлелдей аласыңдар ма?( достары туралы айтқызу)
Рамазан: Досқа жақсылық жасасаң, ол да саған жақсылық жасайды. Біз басқа да елдермен доспыз. Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын деп бекер айтпаған. Досың болса, ешқашан қиналмайсың.
Меруерт: Дос адамға керек. Доспен ой бөлісесің., сырласасың, бір-біріңе көмек бересің. Досы көп болу үшін сабақты жақсы оқып, тәртіпті болу қажет.
Раушан: Барлық балаларда да дос болу қажет. Досыңды ешқашан ренжітпеу, оған жамандық жасамау керек. Менің досым-Айдана. Мен оны ешқашан алдамаймын. Ренжітпеймін. Ол да мені ренжітпейді.
Нұрболат: Дос әсіресе қиын жағдайда көмек береді. Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды деген мақал рас айтылған.
Үрген: Мен досымды жақсы көремін. Менің досым-Рамазан. Ол сабақты жақсы оқиды. Екеуміз ұрыспай, төбелеспей ойнаймыз. Мен оны көрмей қалсам сағынамын.
Қорытынды:
Бүгінгі сабағымызды қорытындылай келе сендерге тек қана адал, таза, ақ ниетті достарың көп болсын деп тілеймін. Өздерің де нағыз дос бола біліңдер.
Достық деген таусылмайтын қазына,
Көктемде де солып қалар гүл емес,
Қарамайды ол сыйдың көп пен азына
Нағыз достар тіпті сый да тілемес.