Балабақшада эстетикалық тәрбиенің бала дамуындағы маңызы
Балабақшада баланы тәрбиелеу, олардың қабілетін дамыту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Баланы ерте сәбилік кезеңнен бастап, іс - әрекетке енгізудің маңызы зор. Эстетикалық тәрбиені бала дамуының алғашқы сатысы мектепке дейінгі кезеңнен бастау жан - жақты жарасымды дамыған ұрпақ тәрбиелеуге алғы шарт жасайды. Эстетикалық тәрбие – сұлулық пен эстетикалық даму заңдылықтарына сай сұлулық пен әсемдікті бағалай білу қабілетін жетілдіруге бағытталған мақсатты жүйе. Дүниенің әсемдігін сезіну - әдемілікті, сұлулықты сезіне білуге деген қызығушылығын қалыптастыру. Балалардың бойына өнерге және шындыққа деген әсемдік көзқарас тұрғысында қарауды қалыптастыру болып табылады. Мұндағы мақсат – бала тұлғасының әсемдікті тануы мен білім алуын дамыту. Шығармашылық іс - әрекеттерге қатыстыру, сол арқылы әсемдік руханиятқа, өркениеттің өріне шығып, одан нәр алу – бүгінгі күн талаптарының ең маңыздысының бірі.
Эстетикалық тәрбие – балаға өмір құбылыстарын терең қабылдауға, сенсорлық әрекетін дұрыс дамытуға, білімге құштарлығын арттыруға ықпал етеді. Байқағыштығы мен әсерленгіштігін тереңдетеді. Әсемдікті сезіну балалардың өмірін байытып, бір - біріне достық қарым - қатынасын, жақсылық істеуге талпынысын, белсенділігін тудырады. Эстетикалық тәрбие дегеніміз – баланың өмірдегі, табиғаттағы, еңбектегі, тұрмыстағы, өнердегі әсемдікті дұрыс қабылдауын, түсінуін тәрбиелеу. Эстетикалық тәрбие – балалардың әсемдік жөніндегі түсінігін кеңейтіп, сұлулықты тану, сүйе білу, оны шығармашылықпен өмірге ендіре білу қабілетін, эстетикалық талғамын, қиялын дамытады. Эстетикалық тәрбие – кең ұғым. Ол әсемдікті сезе білуге тәрбиелейді.
Эстетикалық даму дегеніміз – балалардың эстетикалық нәр алуға мүмкіндік тудыратын, сезім мүшелері мен шығармашылық қабілетін ұштау, өмірдегі, өнердегі әсемдікті түсінуіне, оны қабылдауына ықпал ету арқылы балалардың эстетикалық сезімін дамыту.
Эстетикалық сезім дегеніміз - өмірдегі, көркем өнердегі әсемдікті қабылдаудан туатын эстетикалық нәр алу, толқу, рахаттану. Ол бала табиғатына ғана тән жоғары сезім. Баланың әсемдікті сезе де, тани білу қабілеті, әсемдікті жасауға қарым - қатынасы, оның сезім - байлығы мен эстетикалық мәдениетінің даму дәрежесіне байланысты болады.