Қалқаман Сарин Асыл ана Асыл ана

Скачать

Ана туралы ақындардың өлеңдері

Төлеген Айбергенов - Ана
Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп - ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз - дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен?!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!

Жұмекен Нәжімеденов – Ана

Бесікте – Ана,
бесікте – бөбек:
Бірі тербеледі, бірі тербетеді.
Бал - бөбек былдыр, өсіп те келеді,
Анаға жалғыз, сол жетеді.
Ана, Ана, қайран, ана!
Тербейді Ана әлемдегі күлкіні,
Нұр себеді аналардың кірпігі
өліге де ояуға,
Ана дайын біреу үшін жылауға,
біреу үшін аяуға.
Тербейді Ана қуанышты, бақытты,
тербейді Ана – тебіренеді жаны шын.
Тербейді Ана уақытты;
Барлық әлем – бір - ақ бесік Ана үшін.
Тербейді Ана бөбегін,
Сол арқылы тербетеді өз елін,
Құмын, тауын, өзенін.
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның алақаны сияқты...

Қалқаман Сарин Асыл ана
Асыл ана! Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің неге еңселі?
Мен білсем, саған деген сағыныштың,
Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.
Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,
Бармайды - ау, біздің жаққа құстың бәрі.
Не таптым, белден кетіп бетегелі?!
Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.
Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,
Он жылдық білімім де жетер еді.
Дүние шыр айналып шарайнадай,
Жолыма қала бердің қарай - қарай.
Қайырымсыз қалаға, мейірімді,
Қалдырып кете бергем қалай ғана - ай?!
Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,
Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.
Ардақтап арнамасам саған өлең,
Адыра қалатындай ақындығым.
Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?
Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.
... Тарылған көшелері тас қаладан,
Тарыдай бір мейірім таппағанда,
Сені сағынып кетем, анашым!

Дайындаған: Жадыра

Толық жүктеу


Скачать


zharar.kz