Қадыр Мырза Әли өлеңі
Әр күн сайын құлшынып,
Әр күн сайын түле бір.
Мәңгі күрес - тіршілік,
Мәңгі майдан - бұл өмір.
Не болса да сабыр ет,
Кетер кейде би ағат.
Бірде жеңсе ғаділет,
Бірде жеңер қиянат.
"Мысық-тышқан" ойнайды
Бір қуаныш, бір қайғы.
Жаңа жеңбей қоймайды,
Һәм ескірмей тұрмайды.
Ол ескіні тағы да
Ысырады бір жаңа.
Кір жұқтырып ағыңа
Қара күйе жүр жала.
Айтқанмен сен төрелік
Биігіңде отырып,
Жағаласа береді
Шындық пенен өтірік.
Ойлар мида түстеніп,
Көкіректе түнейді.
Қасқа тісің түскенін
Басқа тісің тілейді.
Тоқушы, не етікші
Түк түсінбей қалады.
Бір аяғың екінші
Аяғыңды шалады.
Бөліскенмен қыр гүлін,
Келіспейді бажасы.
Сүйгендер де бір-бірін
Отырады қажасып!.
ШҚО, Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылы,
Ш. Уалиханов атындағы орта мектептің
11 сынып оқушысы Шағыманов Дарын