Тақырыбы: Мамандығым – мақтанышым
Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі. (Ы. Алтынсарин)
Ұстаз – ұлы есім, ұлық маман иесі. Өйткені ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер – білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және жақынына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік нұрын төгетін, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек жандар.
Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол күйсандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек дейді заңғар ақын Мұхтар Шаханов.
Жас ұрпақтың білімді де білікті, парасат – пайымы мол, саналы да сарабдал азамат боп жетілуі үшін тәлім мен тәрбие беріп жүргенім менің кеудемде мақтаныш сезімін оятып, өзіме артылған сенім жүгінің салмағын арттыра түседі.
Жаңалықтарды жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата отырып, шәкірттерінің жанына құятын ұстаз қауымының мәртебесі жоғары, мерейі үстем болғай.
Халқымыздың ғасырлар бойы армандап, сан ғасырлар тоғысында қол жеткізген бақыты – тәуелсіздігіміз. Оның іргетасының мықты болып, нығаюы жас ұрпақтың терең білімі мен тәлімді тәрбиесінде. Ендеше, осы мақсатта барлығымыз бірге күш жұмсап, ел ертеңіне сеніммен қарайық, аяулы да ұлағатты әріптестер!