Оқушыларды рухани - адамгершілік құндылықтарға негіздеп тәрбиелеу.
Заман талабына сай білім беру жүйесі өзінің басым бағдарын жеке тұлғаның рухани адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне назар аудара бастады. Демек, тұлғаның адамды адам ете түсетін қасиетін ашып көрсету, яғни руханилығын дамыту - заман талабы. Рухани бай тұлғаны қалыптастыру деп аталатын жалпы адамзаттық мәселе, Қазақстан үшін ерекше өзекті сипатқа ие болып отыр. Бүкіл әлем жұртшылығы сияқты жаңа мыңжылдықта білім беру міндеттерін шешуге кіріскен Қазақстан әрі заман рухына, әрі өз халқының діліне сай келетін ұлттық білім беру үлгісін іздестіруде.
Ұлтты ұлт ретінде танытатын үш нәрсе бар: бірі қасиетті Жер - Ана, екіншісі - тіл, үшіншісі - қазақтың дәстүрі, ұлттық құндылықтарын қалыптастыру жолы.
Қайырымдылық, адалдық,, ізеттілік, мейірімділік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың асыл да абыройлы қасиеттерін оқушылар бойына сіңіре білу біздің парызымыз.
Қоғам педагогтің кәсіби білімімен қатар жеке тұлғалық қасиеттеріне ерекше талап қояды. Өйткені, педагог өзі оқытып, тәрбиелеген шәкірттер үшін жауапкершіліктің біраз бөлігін өзіне алады.
Ендеше, олардың тағдырына немқұрайлы, қалай болса солай қарауға мұғалімнің әуел бастан моральдық құқы жоқ. Сол себептен де шәкірттердің бойындағы адамгершіліктің төмен болуын педагогикалық қателіктің салдары деуімізге болады.
Ш. А. Амонашвилидің Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойына да сүйіспеншілікті дамыта алмайды.. деген пікірінен жеке тұлғаның рухани адамгершілігін дамыта оқытуда ұстазға қойылатын талаптың маңыздылығын байқауға болады.
№2 кешкі мектеп пенитенциарлық жүйе болғандықтан, мұндағы оқушылардың жағдайы, ортасы мүлдем басқаша. Әртүрлі жағдайға, тағдыр талқысына байланысты қоғамнан оқшауланып отырғандардың моральдық, мінез - құлықтарының ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Бұлар үшін рухани - адамгершілік ұғымының мәні, мағынасы айрықша болу керек, сол бағытта ұжым болып жұмыстар жүргізу қажеттігі туындайды. Рухани - адамгершілік - ол қоғамдық талапқа сай ізгілікті, инабаттылықты, білдіретін моральдық ұғым. Ал, адамгершілік тәрбиесі - ізгілікке, инабаттылыққа баулудың жолы болып табылады. Осы деңгейге жету үшін оқушы өзі нақты адамгершілік қатынастар мен мінез - құлықтарын енгізуі қажет.
Темір тордың ар жағында отырған әрбір адамның тағдырына түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше психологиялық - моральдық қолдау көрсетіп, бағыт - бағдар беру біздің парызымыз. Олардың бойында өмірге, болашаққа деген сенімділікті ұялату, сол арқылы адамгершілікті, кісілік пен кішілікті түсіндіре отырып, тәрбиелеу мектеп ұжымының басты міндеті болып табылады.
Оқушыларды айналадағыларды көре білуге үйрету біздің мақсатымыз. Оларға әлдекім сендерге жаман сөз айтса, сендерді ызаландырғысы келсе немесе жәбірлегісі келсе, онда бұл адамның сендердің сезімдеріңді, бақылай білушіліктеріңді тексергені. Оның көмегінсіз біздің жеке басымыздың әлсіздігін жеңе білетін қажетті тәжірибе болмаған болар еді. Олай болса, ол сенің көмекшің, ол саған өзіңді тәрбиелеуге көмектеседі - деп түсіндіру қажет. Мұндай толғаныстар біз таңдаған адамгершілік құндылықтар мен қағидаларды анықтап, адамгершілікке лайықты шешім қабылдауды қажетсінеді. Өмірде адамгершілік құндылықтарды таңдауымыз әрқайсысымыз үшін маңызды. Одан адамның мінез - құлқы, тұлғалық қасиеті дамиды. Рухани таным мәдениетінің қалыптасуы, оқушылардың өмірдегі өз орнына сын көзбен қарауға үйретеді. Осы мақсатта мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, үйлесімді жұмыстар жүргізу басты міндеттеріміз болып табылады.