Аман атам

Скачать

Мағжан Жұмабаев

- Түн түнерді, ұйықтады ауыл,
Сорлы, бейбақ, атаң қайда?..
- Боран мынау, туды дауыл,
Апатайым, атам қайда?..
- Сорлы, бейбақ атаң қайда?
Көр үңгірді боран көмді!..
- Апатай - ау, атам қайда?
Әйнек сынды, білте сөнді...
- Көр үңгірді боран көмді,
Көмді ме екен атаңды әлде?..
- Әйнек сынды, білте сөнді,
Сөнді ме екен атам да әлде?..
- Көмді ме екен атаңды әлде?
Қалқам, қандай күйге түстік?..
- Сөнді ме екен атам да әлде?
Апа - ау, мұнша жасың ыстық!..
- Қалқам, қандай күйге түстік?
Жаным - жара, көңілім - қаяу!..
- Төкпеші, апа, жасыңды ыстық!
Байқашы өзің: боран баяу!
- Жаным - жара, көңілім - қаяу,
Аман ба екен бейбақ атаң?
- Жел де бәсең, боран баяу,
Қарашы, әне, ағарды таң!..
- Аман ба екен бейбақ атаң?
Құлыншағым, қорғаным - сен!
- Міне, атты таң! Аман атам!
Қапа болма, қорғаның - мен!..


Скачать


zharar.kz