Қатынас білім саласы, Тіл дамыту - оқу іс - әрекеті.
Тақырыбы: Қысқы орман (Қысқы аңдар өмірі).
Ортаңғы топтар үшін.
Мақсаттары, білімділік: Қыс мезгілінің құбылыстары мен қыс табиғатының ерекшеліктері туралы білімдерін нығайту, балаларды жабайы аңдардың қыс
қы өмірімен таныстыру, өмір сүру жағдайлары туралы мағлұмат беру.
Дамытушылық: Сурет бойынша әңгіме құрастыру шеберлігін жетілдіру.
Қойылған сұрақтарға толық жауап беруін қалыптастыру, байланыстырып сөйлеуін жетілдіру, сөздік қорын жаңа сөздермен толықтыру, дыбыстық
жаттығулар арқылы дыбыстық артикуляциясын жасау. Тілін дамыту.
Тәрбиелік: Табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту, қоршаған әлемге, тіршіліктің бәріне мейіріммен қарауға тәрбиелеу. Оларды қорғай білуге тәрбиелеу.
Оқу іс - әрекеті қарым - қатынасы арқылы балаларды достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Керекті құралдар: Қысқы орман картинасы, жабайы аңдардың суреттері.
Кубик, костюмдер.
Әдіс - тәсілдер: Алдын - ала жұмыс (аңдар туралы тақпақтар үйрету) Өлеңді мәнерлеп оқып беру, суретпен әңгіме, сұрақтар қою.
жұмбақтар шешу, тақпақтар айту, жаңылтпаштар айту, жабайы аңдар туралы тақпақтарды пысықтау, мақал - мәтелдер айту.
Жаңа сөздер: аюдың апаны, жаңғақ, күртік қар.
Билингвальды компонент: Қыс - зима, орман - лес, қасқыр - волк, қоян - заяц, түлкі - лиса, аю - медведь.
Кубизм стратегиясы: кубиктің қырларына жабайы аңдар суреттерін қою арқылы, кубикті лақтырып, сол аң туралы тақпақ айтқызу.
Шаттық шеңберімен бастау. Қол алысып, қане біз, (қол алысады)
Достасайық бәріміз. (Бәрі құшақтасады)
Армысың Алтын күнім! (Екі қолын жоғары көтереді)
Армысың Балабақшам! (Жан - жағына қарайды)
Армысың достарым, (достарына қарайды)
Сіздерді көргеніме қуаныштымын. (Қолдарын шапалақтайды)
Үлкенге де сіз, кішіге де сіз,
Бәріңізге амандасып,
Басымызды иеміз біз.
Тәрбиеші: Ал балалар, қазір жылдың қай мезгілі еске түсіріп жіберейікші,
Балалар: - Қазір жылдың қыс мезгілі.
Тәрбиеші: Қыс айларын атап беріңдерші?
Балалар:- Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
Тәрбиеші:- Балалар қыс мезгілінде табиғатта қандай құбылыстар болады?
Балалар -: Су қатады, қар жауады, боран болады, айналаның бәрін қар басады.
Тәрбиеші:- Дұрыс айтасыңдар, балалар айналаның бәрін ақ қар басады. Жерді, тауды, тасты, орманды бәрін қалың қар басады. Ормандағы ағаштардың бәрі ақ көрпеге оранғандай болады. Қысқы орманның балалар ауасы таза, табиғаты тамаша болады.
Мен қазір сіздерге Қысқы орман туралы өлең оқып берейін:
Қалғиды қысқы орман,
Мүлгиді қысқы орман,
Айырылып қалған соң,
Жаздағы құстардан,
Ақ желек жамылып,
Көк моншақ тағынып,
Ұйықтайды қысқы орман,
Көктемді сағынып,
Аюы, қояны ұйқыға тояды,
Жел тұрса қысқы орман
Сілкініп қояды.
Міне, балалар өлеңде не туралы айтылып тұр екен? Дұрыс айтасыңдар қысқы орман туралы, аңдары туралы айтылып тұр екен. (Балалар өздерінің ойларын айтады).
Ал енді балалар қысқы орман туралы сурет қарайық, нелерді көріп тұрмыз, қане кім әңгімелеп береді? Балалар ортаға шығып көргендерін әңгімелеп айтып береді. Орманда ағаштар өте көп. Қар бәрін басып тастады.
Ақ қоян қардың үстімен жүгіреді. Тиін ағашта секіріп жүр.
Жеке жұмыс: Қажетінше балаларға байланыстырып сөйлеуге демеу беру.
Балалар мына суретте жабайы аңдарды көріп тұрсыңдар, ал жабайы аңдар қандай аңдар? Балалар атап береді. Орманда өмір сүреді, өз қоректерін өз дері табады. Оларға аю, қоян, қасқыр, түлкі, кірпі жатады.
Тәрбиеші: Жабайы аңдардың тіршілігі қыста қиындау болады. Тоңады, ашығады. Қыста қоянның түсі ақ болады. Ақ қарда қоянды байқау өте қиын, ол қорғаныш қызметін атқарады. Түлкіде қардың астынан тышқан іздейді, өтірік өлген болып, қулығын асырады. Ал, қасқыр ет іздеп жорытады. Ал аю болса, жаз бойына жинаған майынан қорек алып, қыс бойына ұйқыға кетеді. Кірпі болса, күндіз ұйықтап, түнде қорегін аулауға шығады. Кірпі өте сақ, өзіне қауіп төнсе домалана қалады. Ал, кішкентай тиіндер ағаштан - ағашқа секіріп тыным таппайды. Құйрықтары ұзын, жүндері үлпілдек. Адамға бауырмал, оған қолыңмен нан ұсынсаң, ол төменге түсіп алады.
Балалар тақпақ айтады: ( Кубизм стратегиясы бойынша)
Мен тиінмін, тиінмін .
Мен тиінмін, тиінмін.
Қысқа жылы киіндім,
Қоймам толы жаңғаққа
Іші жылы үйімнің.
Ақ қоян
Ақ қоян - ау, аққоян,
Ұзын құлақ, сақ қоян,
Қаша берсең, орманға
Қорқағым деп ат қоям.
Қу түлкі
Түлкі, түлкі қутыңдайсың,
Айналаңнан тың тыңдайсың,
Қанша қулығыңды асырсаң да,
Қасқырдан сен құтылмайсың.
Қасқыр
Қасқыр орманда жортады,
Аяздан ол қорқады,
Аспанға қарап ұлиды,
Малды ауылды ториды.
Сергіту сәті: Қоян, қоян секеңдейсің, (балалар қоян болып секіреді).
Мұздан қарғып өтем дейсің (Аяқтарын алға қарай адымдап басады)
Тайып, құлап түстің, (Қол қимылымен көрсетіп сұрайды).
Не болды ал, үстің? (Екі қолын алдына созып, көрсетеді)
Тәрбиеші: Балалар, енді жұмбақ жасырайын:
Қыста ғана болады, ұстасаң қолың тоңады.(қар)
Қалқиып екі құлағы, елеңдеп қорқып тұрады. (қоян)
Итке ұқсайды, ит емес, адам берген азықты ол жемес.(қасқыр)
Өзі айлакер, қу жүрген жері айқайда шу.
Қызылқұмда қызыл қыз қутыңдайды.(түлкі)
Қорбаң - қорбаң етеді, орман оның мекені,
Тәтті балға тойып ап, қыста ұйқыға кетеді. (аю)
Денесінде көп ине, іс тікпейді әрине. (Кірпі)
Халық болжамдары және мақал - мәтелдер айту.
- Қар көп болса, нанда көп болады.
- Қыс қарымен көрікті, күз дәнімен көрікті.
- Қыс қарлы болса, жаз жаңбырлы болады.
- Аспанда жұлдыз көп болса, күн аязды болады.
- Түтін тіке шықса аяз болады.
- Бала мен ит ойнаса боран болады.
Дыбыстық жаттығулар жасау: Боран қалай ұйытқиды у - у - у - у - у - у - у - у.
Күртік қар қалай сықырлайды. Қырт - қырт, қырт - қырт.
Қасқыр қалай ырылдайды р(- р - р - р - р - р - р).
Аю қалай ақырады. О - о - о - о - о - о - о -.
Тиін жаңғақты қалай шағады. Шық - қық, шы - қық, шы - ық
Балалар қолы тоңғанда ай - ай - ай – ай ой - ой - ой - ой - ой дейді.
Жаңылтпаштар айтып үйрену. 1. Түлкі айлалы аң, айлалы аңға айла
пайдалан.
2. Қыста суық түсті, құлағым үсті, үсті.
3. Мұз – тұз, тұз - мұз, бәріде тұз бен мұз.
Жаңа сөздерді қайталап айту. Аюдың апаны. (Апан деген сөзге түсінік беру)
Күртік қар.(күртік деген сөзге түсінік беру)
Жорытады. (жүгіреді, азығын іздеп, орманды аралайды)
Мозайка құрастыру. Түлкі , Қоян , Аю
Мақсаты: Қима суреттерді құрастыру арқылы аңның сұлбасын құрастыру.
Баланың ой - өрісін, танымдық қабілетін дамыту.
Аңдардың қимылы . Сазды әуенмен билейді. Ортаға түлкі костюмімен
бала шығады, оған ілесе балалар қимылын салып билейді, осылайша аю, қас
қыр, қоян шығады. Балалар аңдардың қимылына салып, көңілдене дөңгелене билейді.
Тәрбиеші: Балалар біз не туралы әңгімеледік? Қандай аңдардың өмірімен
таныстық? Қысқы орман сіздерге ұнады ма? Ненің суреттерін құрастырдық?
Тәрбиеші белсенді қатысқан балаларды мадақтап, қорытындылайды.