Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік: оқушыларға дыбыстардың жіктелуі, дауыссыз дыбыстар олардың түрлері, жасалу жолдары туралы толық мағлұмат беру;
2. Тәрбиелік: оқушыларды сауаттылыққа, көркем жаза білуге, талдау жұмыстарын жүргізуге тәрбиелеу;
3. Дамытушылық: ойлау қабілетін, шығармашылығын дамыту
Сабақтың әдісі: түсіндіру, ой қозғау, ойын, талдау
Сабақтың типі: жаңа тақырыпты меңгерту
Сабақтың көрнекілігі: сызбалар, суреттер
Техникалық құралдар: компьютер, интерактивті тақта, суреттер
Сабақтың барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі.
1. Сәлемдесу.
2. Психологиялық дайындық
Жүректен жүрекке
Жүректі бір – біріне ұсына отырып, жақсы тілектер айтады.
Егер біреуге жақсылық тілесең, жақсылық жасасаң, ол айналып өзіңе келетінін айту.
ІІ. Өткен тақырыптарға шолу жасау
- Дыбыс дегеніміз не?
- Әріп дегеніміз не?
- Дыбыс нешеге бөлінеді?
- Дауысты дыбыстар нешеге бөлінеді?
ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру: дауыссыз дыбыстар, түрлері
Өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырап шығуынан жасалған дыбыстарды дауыссыз дыбыстар дейміз.
1. Дауыссыз дыбыстардың түрлеріне сызба арқылы талдау жасау
ІV. Оқулықпен, дәптермен жұмыс
- Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
- Күз мезгілінде табиғатта қандай өзгерістер болады?
- Ендеше, балалар, құстардың жылы жаққа ұшуына көмектесейік.
- Мынау қандай құс?
- Ендеше, балалар, тырнаның ұшуына көмектесіп, тапсырмасын орындайық. Тапсырманы дұрыс орындасаңдар, жыл құстарымен танысасыңдар.
1 - жаттығу
1. Құстардың атын көшіріп жазу.
Тырна, қырғауыл, бүркіт, бөдене, сұңқар, шүрегей, тауық, сауысқан.
2. Дауыссыз дыбыстардың астын сызу.
3. Осы құстардың қайсысы артық? Неліктен?
- Ал мынау қандай құс?
- Ендеше, балалар, қараторғайдың ұшуына көмектесіп, тапсырмасын орындайық.
2 - жаттығу
1. Мәтінді түсініп оқы.
Ұя
Ұя – құстың жұмыртқалап, балапан басатын орны. Ұяның түрі көп. Әр құс ұясын өзінше салады. Қарға ұясын ұсақ бұтақтардан жасайды. Қарлығаш ұясын саз және шөпшаламмен тұрғызады. Ал аққу еш уақытта ыстық жерде ұя тұрғызбайды.
2. Қарамен жазылған сөздерден дауыссыз дыбыстарды тауып, оларды бөлінуіне қарай топтап жазу.
Қатаң:
Ұяң:
Үнді:
- Мынау қандай құс?
- Ендеше, балалар, аққудың ұшуына көмектесіп, тапсырмасын орындайық.
3 - жаттығу
1. Өлеңді мәнерлеп оқы.
Аққулар
Әй, аққулар, аққулар,
Күз алыс па, жуық па?
Неге қанат қақтыңдар,
Көлдің суы суық па?
Н. Айтов
2. Қарамен жазылған сөздерге дыбыстық талдау жаса.
- Балалар мынау қандай құс?
- Қарлығаш туралы білгілерің келе ме?
- Онда оқулығымыздағы 4 – жаттығуға назар аударайық.
V. Сергіту сәті
Ұшты - ұшты ойыны
Ұшты, ұшты, ұшты — тарғақ ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — жарғақ ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — түлкі ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — үкі ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — бүркіт ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — іркіт ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — үйрек ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — бүйрек ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — кекілің ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — кекілік ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — қызғыш ұшты!
Ұшты, ұшты, ұшты — сызғыш ұшты!
4 – жаттығу
1. Мәтінді түсініп оқы.
Қарлығаш - әнші торғайлар тобының тұқымдасы. Дене бітімі ерекше сымбатты. Қарлығаш өте жақсы ұшады. Тіршілігінің көп уақытын ауада ұшып жүріп өткізеді. Су үстінен ұшып бара жатып – ақ су іше береді. Ұшып жүріп қорегін ұстап жейді. Дауысы онша қатты емес. Қарлығаш ұясын сазбалшықтан жартас қуыстарына, жағалаудағы жарға, үй ішіне, кейде ағаш басына да салады. Қорегі - ұсақ жәндіктер.
2. Қарамен жазылған сөздерді бөлінуіне қарай топтап жаз.
3. Қарлығашқа байланысты тыйым сөзді айт.
ІV. Қорыту
1. Сөз ойла, тез ойла д о Қарлығаш сөзіндегі әріптерден жаңа сөздер құрастыру
V. Үй тапсырмасын беру.
1. Дауыссыз дыбыстардың түрлері
2. 5 – жаттығу 40 – бет
VІ. Бағалау
Сабаққа толық, жақсы араласа білген оқушыларды өз деңгейлерінде бағалау.
VІІ. Сабақты Н. Тілендиевтің Құстар әнімен аяқтау.