Сөз қадірі - өз қадірің
Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білу, тауып айтатын тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Өйткені ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол, адам ғана солай сөйлей алады. Ондай дәмді, қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап тура сөз құдайы сөз деп тоқтаған
Сөйлеу үлкен өнер. Оған көп тыңдап, көп оқып, халықтың ауыз әдебиетін, әсіресе, айтқыштық пен терең ойдың інжу - маржандары – мақал - мәтелдерді жетік біліп, сырына үңілу, кітапты көп оқу арқылы жаттығып, төселеді. Ақылды адам сөзді нақылсыз айтпайды - деген содан шыққан.
Сөйлеудегі ең жақсы қасиет – ой - пікірін қысқа әрі дәл айтып жеткізушілік. Алтын - гауһардың қымбат саналуы – олардың аздығынан. Олардың аздығы тазалығы десек, қысқа, қоспасыз, ұғымды сөз де қадірлі. Орыстың аса шебер жазушысы А. П. Чеховтың: Қысқалық - таланттың сыңары - деуі де сондықтан. Ғұламалар: Көп нәрсенің қадірі болмайды - дегенді айтуының сөйлеуге де тікелей қатысы бар. Ал, қазақтың Көп сөз көмір, аз сөз алтын , Көп сөйлеген я жолдасынан, я құрбысынан айрылады , Жақсы байқап сөйлейді, жаман шайқап сөйлейді , Аңдамай сөйлеген - ауырмай өледі , Сөз қуған бәлеге жолығады , Жақсы сөйлесе аузынан нұр төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі , Жақсының сөзі назалы, жаманның сөзі ызалы , т.б. мақалдарды сөйлеудің алуан түрлі сипаттары тамаша бейнеленген.
Әйтеуір сөйлей алады екенмін деп, қасараңдамай, абайлап сөйлеу - ақылдылық, инабаттылық белгісі. Өзің опық жеп, өкініп жүрмеу үшін, өзгенің жанына жазықсыздан жара түсірмеу үшін байқап, бағымдап сөйлеудің мәні зор. Тілімнен жаздым - деп кейін, пұшайман болып жүрмес үшін алдын-ала ойланып алуды әдетке айналдыру жақсы қасиет саналады. Атақты академик, ғалым И. П. Павлов: Адамдардың денсаулығын сақтауда әсіресе, жүрек - қан тамырларының сырқатына шалдықпауда айналадағы адамдар сөзінің әсері күшті - деп анықтаған. Сондықтан шәкірттерге айналасындағы адамдарға Ей , Сен - деп, дөрекі тіл қатпай Сіз - деп сыпайы сөйлеудің мәдениеттілік, ізеттілік қана емес, қарым-қатынасқа жұмсақтық, жайдарылық дарытатын күш екенін ұғындырып отырған жөн. Жылы шырай - тек сәлемдескенде ғана емес, адамдарға тіл қатқанда, сөйлескенде де керек нәрсе. Сөйлесуге ғафу етіңіз! , құлағым сізде , ләббай - деген сияқты сөздерді орнымен кірістіріп отыру жағдайды жайландырып отыратыны есте болуы тиіс.
Сөйлеудің қасиеті әдептілігі мен әдемілігіне қоса, сайып келгенде, шындығында. Жалған айту, өтірік сөйлеу кісілікке жатпайды. Халық өтірікшіні жексұрын ретінде жек көре отырып, айыптайды. Жеткіншек ұрпақты: Өтірік сөз өрге баспайды , Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді - деп, жалған сөйлеуден жирендіріп, шындыққа үндейді. Тегінде шын сөйлеу - әдептіліктің ең негізгі белгісі. Данышпан Абай: Адамның бес дұшпаны бар: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ - деп көрсетеді. Сондықтан өз пікіріңді алдымен өзің құрметте, айтылып, аяқсыз қалып қоятын сөзді айтпа. Әрбір сөзің мен ісің табиғатыңа, өмірлік қағидаларыңа сай болса Адамдар қалай ойлап қалады екен - деп жалтақтама. Егер ісің мақұлдана қалар болса, ісіме берілген баға артықтау болып кетті - ау - деп те қысылма. Сөз бен ақиқат екі түрлі болған кезде сөзіңнен тез қайтқаның дұрыс. Айтқан сөзің түсініксіз болса - айтар ойың түсініксіз болғаны. Кейде үндемей қалғанда үлкен сөз айтқанмен бірдей. Сөйлесем, сөзім - өзіме төре, үндемесем өзім - өзіме төре - депті Сағди.
Жалпы алғанда, сөз орынды іске бағытталған, адамды рухани байытуға септігін тигізетін және сындарлы сипатта болуы тиіс. Сөздің оңы мен терісіне, өңі мен астарына айрықша мән беріп сөйле , Тура биде туған жоқ, туғанда биде иман жоқ , - деген мақалдарды халқымыз адамгершіліктің, мұсылманшылықтың, соның қатарында сөйлеу әдебінің де басты өлшемі әділдік екенін айқын аңғартады. Шындықты айтуда да абай болатын жағдаяттар аз кездеспейді. Шәкіртке ақыл - қабілетінің аздығы, ауруға хәлінің мүшкілдігі, мүгедекке кемтарлығы, әйелге ажарсыздығы т. б. туралы шындықты бетке айту адамшылыққа жата ма? Өзін туған елінің перзентімін деп санайтын әрбір азаматтың ана тіліне қатысы, сол тілде сөйлеуі туралы аса маңызды әрі көкейтесті мәселе келіп шығады. Кеңес өкіметі тұсындағы империялық қыңыр саясат мұны жеке адамның, оның туған халқының қадір - қасиетіне аяқ асты ететін, болашағына кеселді мәселеге айналдырды. Бұрынғы КСРО - да коммунизмге басты бір тілді, атап айтқанда орыс тілін жеке меңгеру арқылы жетуге болатындығы жөніндегі теориядан бастау алған саясат пен дәйекті іс - қимыл басқа тілдердің қолданыс аясын отбасы, ошақ қасына дейін әкеліп, ең сұмдығы өз тіліміздің болашағы жоқ нәрсе ретінде беделін түсірген.
Ахмет Байтұрсыновтың: Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады - деген сөзінің кебі келгендей болғаны. Яғни, шетқақпай болған тілімізге ілесе, халқымыздың ұлттық рух, дәстүр – салтының да өңі қашып, өзегі талып бара жатқан. Ең жаманы еліміздің ертеңі төл ұрпағымыз орыс тілінде сөйлеп, ана тілін жатырқауды, менсінбеуді шығарды. Қазірде олар біздің ұлы жырауларымызбен айыр көмей шешендеріміз, асқан ақын халқымыз жұлындай жұтындырып жетілдірген әлемдегі ең бай да оралымды, сұлу да сиқырлы, әуезді де салтанатты тіліміздің қасиетін сезіну бақытынан құр қалуда. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілді ұмыту – бүкіл ата - бабамызды, тарихымызды ұмыту - деген Бауыржан Момышұлының сөзін түсінбейтін өгей ұлдар көбейіп кеткенді.
Еліміздің егемендік алуына байланысты бүгінгі таңда бұл сорақылықтың жолы кесілуде. Ана тіліміздің қоғамдық өмірдің барлық саласында өз мәртебесіне сай орнын алу барысы күрделі жағдайда жүріп жатыр. Мысалы: ұлттық телеарнамыз ( Қазақстан ) тек қана қазақ тілінде жүргізілсе, Елбасымыздың Ұландар арнайы жасақталған әскер қатары да Ана тілімізде сөйлейді. Ана тіліміздің мәні: Әр азаматтың ана тілін Отанындай, туған халқындай, ата - бабасындай сүйіп, ардақтап, ол тілде сөйлеуді тәңірдің берген ұлы сыйындай көруінде. Сондықтан, білім беру мекемелерінің, барша ұлтжанды азаматтарына жарытып өсіруге, (қазақ тілінде таза сөйлеуге) кешегі күннің кесірінен өз тілін үйрене алмай қалған ұрпақтың ана тілін көз түрткі көрмей, тезірек меңгеруіне жұмылдыруға тиіс. Сондықтан балалардың жас кездерінен бастап айшықты өлең - жолдарды, шешендік үлгілерді, неше түрлі мысал өлеңдерді жаттап өсуі, өзінің де тақпақ, өлең жазуға талпынып, үй ішінде, сынып, мектеп жиындарында тартынбай сөйлеп, ойын түсінікті, бейнелі етіп айтып жеткізуге машықтанулары, ата - ана, тәрбиеші – ұстаздар оларды соған тәрбиелеулері қажет. Бұл ретте бүлдіршіндерге ертегі айтып беру, өздеріне айтқызу, жұмбақтар шешкізу. Сөз ойындарын ойнату аса пайдалы болмақ.
Оқушылар жылдан - жылға жаңашыл, даму үстінде. Олардың ойлау, сезіну қабілеті, ақылы мұғалімге жете қаба көрінеді. Бұл шәкірттің өзін - өзі ұстауы, қарым - қатынас жасап, сөйлеуінен байқалады. Енді сөзімді М. Әуезовтің пікірімен айтайын: Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімді болса да, рухани, ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады - деген.