Сабақтың тақырыбы: Қазіргі заманғы сәндік қолданбалы өнері
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Оқушыларға қазіргі заманғы сәндік қолданбалы өнердің ерекшеліктерін түсіндіру. Сыр бойындағы қолөнер шеберлерінің шығармаларымен таныстыру және насихаттау.
ә) Дамытушылық: Оқушылардың ұлттық қолөнеріне деген қызығушылығын арттыру, ой-қиялын дамыту.
б) Тәрбиелік: Қазіргі заманғы сәндік қолданбалы өнерді түсіндіре отырып, оларға кәсіби бағдар беру. Эстетикалық тәрбие беру.
Пәнаралық байланыс: әдебиет, тарих, бейнелеу өнері
Сабақтың көрнекілігі: Қазіргі заманғы қолөнер шеберлері жасаған ұлттық бұйымдар: торсық, қамшы, қалқан, құрақ көрпешелер, зергерлік бұйымдар, аяққап, сандық, т, б.
Типі: Жаңа білімді меңгеру
Түрі: Дәстүрлі сабақ
Әдіс-тәсілдері: көрнекілік, сұрақ-жауап, әңгіме, сарамандық жұмыс, сөзжұмбақ шешу.
Сабақтың барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
а) Сәлемдесу
ә) оқушыларды түгелдеу
б) Сабаққа даярлығын тексеру
2. Өткен сабақты пысықтау
- Балалар, өткен сабақта Қазақ халқының қолөнері мен шеберлері деген тақырыпта сабақ өткен болатынбыз.
- Қане, айта қойыңдаршы, сәндік қолданбалы өнердің қандай түрлерін білесіңдер?
Ағаш өңдеу
Киіз басу
Тоқыма
Құрақ құрау
Ши тоқу
Тері өңдеу
Сәндік қолданбалы өнер
Тігін өнері
Керамика
Сырмақ сыру
Зергерлік бұйымдар
Ою-өрнек
- Ал осы қолөнерімен айналысатын адамдарды кім деп атаймыз?
Қолөнер
Ұста
Зергер
Ісмер
Шебер
1. Ұста – қару жарақ, ер-тұрман, сауыт-сайман жасаумен айналысатын адам.
2. Зергер – алтын мен күмістен әшекей бұйымдар жасайтын адам.
3. Шебер – ағаштан ойып әртүрлі бұйымдар жасайтын адам.
4. Ісмер – ұлттық киімдер мен бұйымдар тігумен айналысатын, қолынан іс келетін адам.
3. Жаңа сабақ
а) Баяндау
Бүгінде халқымыздың қолөнері қарқынды дамып келе жатыр. Ұлттық қолөнер салт-дәстүрімізді жетілдіріп, мәдениетіміздің озық жетістігін көрсетуде. Халық өнерінің бай мұраларын сұрыптай отырып, заманымызға сай сапа, түр беру әдісімен оларды әрі дамыту, оны бүгінгі ұрпаққа меңгерту-игілікті іс. Осы жағынан алғанда ұлттық қолөнердің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндіктері жоғары, өйткені ұрпақ тәрбиесіне кешенді түрде әсер етеді, қабілеттерінің жетілуіне, белгілі бір кәсіпке бейімделуіне көмектеседі.
Қолөнер-біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, ол бірнеше ғылымдардың дамуынан пайда болған өнер туындылары.
Қолөнер кәсібі еліміздің экономикасын көтеруге ықпал етеді. Қазақ халқының қолөнері әлем халықтарына мақтанышпен көрсететін көрме. Оған дәлел-біздің киіз үйіміз бен оның ішіндегі көз жауын алатын сәндік қолөнер бұйымдарын тамашалаған шетелдіктер Киіз үй-қазақ халқының шағын мұражайы деп бағалаған еді.
Қазіргі кезде қолөнері қарқынды дамып ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Ғасырлар бойы қалыптасқан пішіндер мен тәсілдердің бай мұрасы негізінде шеберлер қазіргі заманғы сюжетті композиция элементтерін көрсететін ағаш, металл, керамика, киізден жасалған ерекше шығармаларды дүниеге әкелуде.
Қазіргі заман суретшілері мен қолөнер шеберлері тері, ағаш, сүйек өңдеудегі ескі технологияларды меңгеріп, қайта жаңғыртуда. Солардың арқасында халық қолөнерінің көптеген сырлары белгілі болды. Осылайша көне бұйымдар көркемдігі мен әсерлігін жоғалтпай, қазіргі заманғы шеберлердің қолынан қайта жаңғыртылып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысының шеберлері ұлттық дәстүрді жалғастыра отырып, тоқыма және киіз, кілем, алаша, басқұр, баулар тоқиды.
Өзіміздің Қызылорда облысы бойынша қолөнерімен айналысатын көптеген шеберлер бар. Олардың қолынан шыққан бұйымдары республикалық тіпті шет мемлекеттердің де көрмелеріне қойылған.
2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қызылорда қаласында Республикалық қолөнер шеберлері мен суретшілерінің симпозиумы болып өтті. Сол кезде де жерлестеріміздің қолөнер бұйымдары тамашалаған қонақтарды тәнті еткен болатын. Мысалы: ұста-Құлмамбетов Құдайберген, шебер-Қалназаров Борис, зергерлер-Абдуханов Зейнолла, Жақыпов Бекзат, ісмер-Рамазанова Гүлнар, т, б. шығармалары. (Слайд)
- Сендер технология сабағынан көптеген қолөнер бұйымдарын жасап үйрендіңдер. Қане соларды көрсете қойыңдаршы.
Оқушылар өздері жасаған бұйымдарын: құрақ көрпеше, су моншақтан жасаған алқалар, теріден жасаған пышақтың қыны, тұмар сияқты заттарды көрсетеді.
- Осы жұмыстарды жасағанда қандай көңіл-күйде болдыңдар?
- Қызығушылығымыз артты, жұмыс нәтижесін көруге асықтық.
- Жұмыс істеу барысында шыдамдылық, төзімділік қажет екенін және де оймен жұмыс істеу керектігін түсіндік.
- Иә, қолөнер бұйымдарын жасау үшін Абай атамыз айтқандай талап, еңбек, терең ой керек екен. Кез келген істі талаппен бастап, талғаммен аяқтасаңдар көңіл қуантарлық әдемі бұйымдарды жасауға болады.
ә) Сарамандық жұмыс.
Мата қалдықтарынан қол сөмке тігу.
Ол үшін қажетті құралдар мен жабдықтар: Мата қалдықтары, ине, жіп, астарлық мата, сызғыш, бор.
Жұмысты бастамас бұрын қол жұмысына арналған техника қауіпсіздігі ережесін еске түсіреміз.
Жұмыстың барысы: Әр түрлі маталарды үш бұрыштап бірдей көлемде қиып аламыз да, оларды түс үйлесімділігіне қарай бір-бірімен қиюластырып көктеп тігіп аламыз. Оны астарлық матамен біріктіріп тігеміз. Дайын болған сөмкенің алдыңғы бөлігін артқы бөлігімен қосып тігеміз де, бау тағамыз. (Оқушыға жұмысты көрсету барысында ретімен түсіндіріледі)
4. Жаңа сабақты бекіту
Сөзжұмбақ беріледі. Әр қатардағы сөздер дұрыс табылса, тігінен Сәндік қолөнер деген сөз тіркесі шығады.
1. Ұлттық киімдер мен бұйымдар тігетін адам
2. Қазақ қыздарының бас киімі
3. Суретті тықыр кілем
4. Батырдың бас киімі
5. Жүннен жасалған бұйым
6. Аң терісінен жасалған ерлер киімі
7. Мата қалдықтарынан құрастырылып тігілген бұйым
8. Теріден жасалған сусын құятын ыдыс
9. Төсеніш бұйым
10. Ұста құралы
11. Тоқылып жасалған зат салғыш бұйым
12. Әшекей бұйымдар жасайтын адам
13. Ағаштан ойып әртүрлі бұйымдар жасайтын адам
ісмер
сәукеле
гобелен
дулыға
ішік
киіз
құрақ
тоқыма
алаша
көрік
қоржын
зергер
шебер
а) Оқушылар еңбегін бағалау, сабаққа белсене қатысқан оқушыларды мадақтау
ә) Үйге тапсырма беру 1. Жұмысты аяқтау.
5. Қорытынды
Көнені керек етпесең, жаңа табылмайды деп Шәкәрім атамыз айтқандай, көнені қадірлеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздердің және жастардың міндеті. Көне бұйымдарды ұмытпай, оларды қазіргі заманға лайықтап, жаңа үлгіде жасап шығару біздің парызымыз және қолөнеріміздің шарықтауына қосқан үлесіміз деп білейік.